Қазақты қанаттырған құрылтай

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 3408
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренаға шығып, өз еркіндігі мен азаттығын әлемге мойындатуы – тарихи оқиға. Қазақстанның өз тәуелсіздігін қолына алып, дүниежүзіне өзін паш етуі қазақ ұлты үшін де үлкен мәре, зор жетістік. Ең алдымен тілінің және дінінің ерекшеліктерін, рухани дүниесінің құндылықтарын қайта жаңғыртты. Дәл осындай тұста қазақ елі өзінің шетелдегі қандастарын елге шақырып, «төртеу түгел болса төбедегі келетінін» дәлелдеуге тырысты. Олардың туған елінде түлеп өсуі үшін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын ұйымдастырып, қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін жан-жақты қарастырып, бағыт-бағдар беріп отырды.

Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы 1992 жылы Алматыда Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Оған әлемнің 33 елінен 800-ден астам өкіл қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнда қазақтың өткен тарихына шолу жасап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды. Еліміздің болашақ даму жолына талдау жасады. Құрылтайда Түркия, Германия, Моңғолия, Иран, Татарстан, Ресей, Венгрия, Ауғанстан елдерінен келген қонақтар өздері тұрып жатқан елдердегі қазақтардың жағдайы туралы сөз қозғады.  Сол қатарда Олжас Сүлейменов, Әбдіғани Еркебаев, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, тағы басқа да қоғам және өнер қайраткерлері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру мәселесін көтерді. Оның жұмыс тәртібін де айқындады. Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев төралқа төрағасы, Қалдарбек Найманбаев төрағаның бірінші орынбасары, Дәлелхан Жаналтай (Түркия), Мырзатай Жолдасбеков, Алтынбек Сәрсенбаев төралқа мүшелері болып бекітілді. Осыдан кейін жан-жақтан жиналған қонақтар Жезқазған, Ұлытау, Түркістанда болып, аруақтарға тағзым етті. 
Ал 2002 жылдың 23-24-ші қазан күндері Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайына әлемнің 33 елінен 470 адам қатысты. Қонақтар құрылтай басталмас бұрын Алматы мен Түркістан қалалары арасындағы тарихи орындарды аралап, рухани күш-жігер алды. Құрылтайдың шымылдығы А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында ашылды. Мұнда Елбасы: «Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқандығының белгісі» екендігін атап өтіп, тәуелсіздіктің 10 жылдығында жеткен жетістіктерді саралады.
Астана қаласында 2005 жылғы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайына әлемнің 32 елінен 300-ден аса қандасымыз қатысты. Құрылтай аясында      Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің жиынжайында «Диалог алаңы» атты секциялық мәжіліс өтті. Онда шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдениет, ақпарат саласындағы байланыс, көші-қон мәселелері, шетел қазақтарының Қазақстанда оқып, білім алу мәселелері, бизнес, іскерлік қатынастар жайы талқыланды. Сондай-ақ, бұл құрылтайда елге оралған қандастарға квота бөлу мәселесі де кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, азаматтық алған оралмандарға квота берілмейтіні, ал азаматтық алмаса әлеуметтік төлемдер төленбейтіні, жұмысқа орналасу мәселесінің шешілмейтіні сөз болып, осы қарама-қайшылықты шешудің жолдары қарастырылды. 
2011 жылғы 25 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы басталды. Онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының соңғы бес жылда атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттері айқындалды. Құрылтайға әлемнің таяу және алыс елдерінен, барлығы 35 мемлекеттен 380  делегат, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары және өңірлерден 300-ден астам өкіл қатысты. 700-ге жуық делегаттың қатарында шығармашылық,  ғылым, педагогика, зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Айта кетерлігі, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайымен қатар Еуропадағы қазақтар бас қосып, жалпыға ортақ мәселелерді шешу үшін кіші құрылтайлар өткізіп тұрды. Осындай кіші құрылтайлардың бірі 1995 жылы наурыз айында Түркияның Стамбул қаласында өтіп, жалпы 17 елден келген делегаттар «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының соңғы бес жылдағы жұмысы туралы» және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу, бекіту» мәселелерін талқылады. Мұндай кіші құрылтайлар қазақтар көп тұратын Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан сияқты елдерде ұйымдастырылып, шетелде тұратын қазақтардың түйткілді мәселелері талқыланып, оны шешудің жолдары қарастырылған.    
Ертеңін ойлаған елдің ұрпақтары, міне, осылай қауымдасып, жаһандану үрдісі жағаға жармасқан тұтас қазақ ұлтын сақтаудың жолын қарастыруда. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу, баламасы жоқ жаңа бастама. Оның тарихи және дәуірлік ерекшелігі болды. Құрылтай өткізу, бір жағынан, қазақ ұлтының ұйымшылдығын, ауызбірлігінің мығымдығын, береке-бірлігінің беріктігін  ұғындырса, екіншіден, ұлтымыздың басынан қаншама қиын нәубетті өткергенін де аңғартты.  Яғни, әр құрылтайға әлемнің кем дегенде отыз елінен өкілдер қатысып отырған. Бұл халқымыздың тарихтың тауқыметін көп тартып, тарыдай шашылып кеткенін ұғындырады. Сол шашылған халықтың ұлттық санасы да, менталитеті де, тұрмыс-тіршілігі де, дүниеге, әлемге көзқарасы да сан түрлі сипат алды. Демек, қазақ құрылтайы сол сан түрлі идеологияның ықпалына ұшыраған қазақы сананы бір жүйеге келтіріп, қазақ ұлтының болашағын бекемдеу үшін орасан зор рөл атқарды, атқарып келеді. Тағы бір жағынан, қазақ құрылтайы бір ұлтқа ортақ атамекенін сан иелікке бөліп, мықтысын анықтай алмай  қырқысып жатқан елдер мен ұлттарға үлгі-өнеге болды. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары құрылтайының қазақстандық тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымының келешек бағдарламасына алтын әріппен жазылып қалды. Бұл да мәңгілік елдіктің бір парасы емес пе?

Қажет Андас