МҰҒАЛІМДЕР СҰРАНЫСҚА САЙ МА?

Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 1492
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақстан Республикасында орта білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру – жас ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын  бағдарлама.

 

Елімізде білім берудің мазмұны жаңарды. Осы ретте мұғалімдер сұранысқа сай ма деген сауал туындайды әрі оларға жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар қауымының алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Сондықтан жаңартылған білім бағдарламасы аясында 2019 жылдың 25 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Талдықорған қаласында информатика пәні бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру» тақырыбында курс өтті. Курс  тренері «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының аға оқытушысы Фатима Қаракүшекова. Ол тәжірибесі мен білімін ұштастыра отырып, ұстаздарға жаңаша білім беру бағдарламасын жан-жақты түсіндірді. 

Курсқа облыстан 26 информатика пәні мұғалімі қатысты. Мұғалімдер пән бойынша жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық белсенді әдіс-тәсілдер мен оқу материалдарын, критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білді. Курс тыңдаушылары оқу бағдарламасының негізгі тұстарын зерттеп, бағалау түрлерімен танысып, тәжірибелерімен бөлісті. Білікті де білімді ұстаздар пән бойынша шеберліктерін ортаға салып, қысқамерзімді жоспар дайындады.

Ұстаз – үздіксіз білім алатын жалғыз мамандық иесі. Сондықтан біз жаңартылған бағдарламаның қыр-сырын меңгеріп, жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында еш аянып қалмаймыз. Алдымызға айқын мақсат қоя отырып, соған жету жолында, шәкірттердің жүрегіне жол тауып, дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Әр оқушымен жеке жұмыс істей отырып, түзу жол көрсете алсақ, тәуелсіз елдің ұрпағы биік белесті бағындырары сөзсіз.

Айгерім СЕРУБАЙ, 
Р. Қошқарбаев атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі
Қаратал ауданы