ЖОҒАЛҒАН АДАМГЕРШІЛІК

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 1769
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сабақтан қайтар уақытта автобус іші лық толады. Үлкенді сыйлайтын жастар орнынан атып тұрып, жайлы орынды ұсынады. Ал міз бақпай, телефонға үңіліп отыра беретіндер жайлы не дейміз? Одан қалса қалғып кететіндер де бар. 

Қоғамдық көлікпен жиі қатынайтын болғандықтан түрлі қызық оқиғаларға тап боламыз. Бірде күлсек,  бірде мұңайып қаламыз. Десе де, көңілге көлеңке ұялататын оқиғалар жиі болады. Әсіресе, жолақы мәселесіне келгенде. 
Түнеу күні елуді еңсерген апай көлікке аяқ басты. Бос орынға жайғасқаны сол еді, кондуктор қыз ақы сұрап саңқ етті. Сөмкесін ары-бері ақтарған бейтаныс жан әмиянының қалып қалғанын айтып, әр қуыстан тапқан жетпіс теңгесін ұсынып еді, кондуктор: «Сіз бізді мазақ қылып отырсыз ба? Адам жолға шығарда бірінші ақшасын түгендемей ме? Бәріңізді тегін тасымалдайтын «қайырымды автобус» деп ойлайсыз ба? Бұл сумен жүрмейді. Сөмкеңізді тағы ақтарыңыз, мүмкін тиын-тебен шығып қалар», – деп күңкілдеуін тоқтатпады. Көпшіліктен қысылған жолаушы сөмкесіне қол сұқты. Ештеңе жоғын айтып, ақталғандай болды. Бірақ ашуға булыққан қыз қайтар емес. Сәлден соң артқы орындықта отырған жолаушы он теңге ұсынып тұрып: «Қарағым, сен әлі жассың. Өмірде түрлі жағдай болады. Бұл кісі барын берді. Он теңгеде тұрған ештеңе жоқ қой. Неге сонша даурықтың? Міне, ала ғой. Үлкенді сыйлай білсең, жаман болмайсың», – деп аналық ақылын айтты. Алайда ол ақылға тоқтайын деген қыз болмады. Жұлып алғандай: «Тәте, сізге он теңге ақша емес шығар. Бірақ бізге бұл табыс. Ал үлкенді сыйлауға келгенде сіз маған оны үйретпей-ақ қойыңыз. Әркім өз жөнін білсін», – деп дүңк етті. Ешкім ауыз ашып қарсы сөйлемеді. Автобус ішінде үнсіздік орын алды. 
Сананы ақша билеген заманда мұндай оқиға күн сайын орын алатыны анық. Десе де, адамгершілігіміз он теңгенің көлеңкесінде қалмаса екен. 

Жанел КАДЕНОВА
Талдықорған қаласы