КЕДЕЙШІЛІК - ҚОЛ ҚЫСҚАРТАДЫ

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 2202
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Есімді білгелі бері кедейшілік атты көзімдегі шелден арыла алмай келемін. Бүгінде сол кедейліктің қысымынан казиноға барып, шіріген байларға қызмет көрсетіп, нәпақа табуды ойладым. Оған жетем дегенше күн батты.
Тас қараңғы. Келе жатып, аяғым бірнәрсеге ілініп, домалап түстім. Орнымнан тұра сала қарасам, чемоданнан төгіліп жатқан ақшаны көрдім. Жанталаса жинай бастадым. Сол мезетте атамның: «Жерде тапқан затыңды үш рет хабарлап, иесін табуға тырыс», – деген сөзі есіме түсті. Жан-жағыма қарап қоямын, тірі жан жоқ. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп ақша қожайынын іздеместен чемоданды қойныма тығып алып, үйге жөнелмек болдым. Қомақты ақшаны көріп, есім шығып сасқаным сонша, бір кезде көзіме еңгезердей біреу шалынды. Ақшаның иесі табылды-ау деп шошып кеттім. Қарсы алдымдағы адам өзгеше аппақ көрінді. Ол жақындағанда олжамнан айырылғанымды түсіндім. Бірақ ол мені қолтықтап: «Сіз жолда келе жатып жолдағы тасты байқадыңыз. Сол тасты аласыз ба? Әрине, жоқ. Себебі ол тастың сізге зияны тимесе, пайдасы болмайды. Алсаңыз өзіңізге артық жүк болады және ол еш жерге өтпейді. Сол секілді періште үшін де алтынның қадірі тас секілді еш пайда әкелмейді. Періште деген – мінсіздік. Адамға тән қасиет емес. Алтын көрсе пенде ғана жолдан таяды. Және өзіңді періштеге теңегенің ақымақтық», – деді де ғайып болды.

Мөлдір НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, 
Тұран университеті журналистика факультетінің 
2-курс студенті