ӘКЕ ТӘРБИЕСІ ӘЛСІРЕСЕ...

Уақыты: 06.04.2019
Оқылды: 3287
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Әкеге қарап – ұл өсер» деген халықтың ұрпағымыз. Сондықтан қазақ отбасында бала, әсіресе, ұл бала тәрбиесінде әкенің алар орны ерекше.

Өз басым әкемнің қас-қабағына қарап өстім. Шаңырағымда әке статусын түсірмеуге тырысамын. Әрине, қазір заман, қоғам басқа. Десе де, отбасылық құндылық, ата-ана дәрежесі, мәртебесі қашанда ұмыт қалмай, үнемі биікте тұруы шарт. Ол заманға да, қоғамға да бағынбайды. Мұны әр отбасы өзінен бастауы тиіс. Әулеттің шамшырағы ана болса, қамқоршысы – әке. 
Әрбір ер адам шағын мемлекетінің биік тұлғасы болмаса, перзенттеріне үлгі көрсете алмасы анық. Өмірге алып келген балаларға тәрбиені бірауыз сөзбен беру үлкен қателік. Сөзбен, ақылмен түсіндіруге де болатын шығар, алайда айтқан мың сөзіңнен бір ғана жақсы әрекетің анағұрлым пайдалы әрі үлгі. Өзің темекіні саусаққа қысып, қолға бір стақан шарап ұстап алып ұлдарыңа: «Арақ, темекіден аулақ бол. Ол жақсылыққа апармайды», – деп қалай айта аласың?! 
Әке баланың көз алдында үлгі-өнеге, бір сөзбен айтқанда, бағдаршам болуы керек. Өзім төрт ұл, бір қыз тәрбиелеуде дана халқымыздың: «Баланы бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан әрі досыңдай ақылдас»  деген қағидасын ұстанамын. Бұл әдістен олардың жаман болмасы анық. Жасым қырықтан асса да әке алдында бас иіп, айтқанын екі етпеуге тырысамын. Бұл біздің бойға әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен, қос бәйтерегімнің тәрбиесімен берілген. 
Барша ата-анаға бүгін бала тәрбиесіне көңіл бөлмесеңіз, ұрпағыңыздан айырылдым дей беріңіз дегім келеді. Себебі, уақыт сіздің ертең деген жалқаулығыңызға қарамайды. Кеш қалып, өкініп қалмау үшін қызымыздың қылықты, ұлымыздың жүректі, жігерлі, намысты азамат болып өсуіне бүгіннен атсалысыңыздар.

Серік ЕРҒАЛИҰЛЫ