МУЗЕЙГЕ БАРЫП ТҰРАСЫЗ БА?

Уақыты: 06.04.2019
Оқылды: 1382
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Музей – еліміздің қазына ордасы. Бірақ бүгінде көпшілік бұл түсінікке бейжай қарап жүр. Қайда барсаң да халықтың басым бөлігі жергілікті музейге мүлде бармағандығын айтады. Өкінішті-ақ. Әлде еліміздің бай этнографиясын, таңбалы тарихын сол жерден табатынынан бейхабар ма? Жоқ құндылықтарымыздан хабар беретін ақпараттардың аздығы аяқтан шалады ма? Әйтеуір түсінбейсің.
Халықтың материалдық, һәм рухани байлығын көріп, зерделеймін деген адамның бас сұғар жері – мұражай. Осындай міндетті мойнына алып, өз ісін адал атқарып отырған мұражайлардың бірі – М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі. Дала өлкесі тарихы мұражайы – аймағымыздың өткен тарихын бойына жинаған қастерлі шаңырақ. Сіздерге де қызық шығар осы орайда аз-маз ақпарат бере кетейін. Жалпы музей 5 залдан тұрады. Табиғат залында сіздерді Жетісудың жақұт жерлері мен Қызыл кітапқа енген аң-құстары, жерасты қазба байлықтары, асыл тастарымен таныса келе, археология залында сонау тас ғасырынан бастап, XVIII ғасырдың бас кезеңіне дейін қазақ тарихына саяхат жасайсыз. Сақтардың көсемі Алтын Адамды көре аласыздар. Сондай-ақ, тас мүсіндер, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалалар 3D форматында орналасқан. Этнография залында көшпелі өмір салтын кешкен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі және қоғамдық-саяси жағдайларымен танысып, кеңес дәуірі кезеңінде елге еңбегі сіңген барлық ұлы тұлғаларымыз туралы мағлұмат ала аласыздар. Ерекше залдардың бірі – Тәуелсіздік залы. Бұл залда ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы жеткен жетістіктері мен Елбасымыздың еңбектері қойылған.  Міне, бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін? Сенбесеңіз өз көзіңізбен көріңіз. Жәдігерлер жаныңызға қуаныш ұялатады. Шынында мұражай – ескілердің көзі ғой. Құдды бір бар тәттісін немересіне сақтап күткен ауылдағы әжелеріміз сынды ақылгөй. Сондықтан балаларыңызды музейге жиі апарып тұрыңыз. 

Гүлнәз ӘДЕНОВА,
Облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері