ҚҰРМЕТТІҢ ҚҰНЫ – 1 750 000 ТЕҢГЕ!

Уақыты: 07.04.2019
Оқылды: 1367
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өткен жылдың қазан айында электронды поштама «Сіздің мінсіз беделіңізді, айрықша кәсіби жетістіктеріңізді және экономиканы дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді, өз саласындағы нағыз кәсіпқой маман, талапты ұйымдастырушы әрі басшы ретіндегі сөзсіз абыройыңызды ескере отырып, «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитетінің» сараптау кеңесі Сіздің кандидатураңызды «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» жоғары қоғамдық мойындау орденімен наградтауға ұсынуға шешім қабылдады» деген қазақ-орысша мәтіндегі хат келді.  

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» ордені  иегерлерін құрметтеуге арналған салтанатты іс-шаралық рәсім 2018 жылғы 22 желтоқсанда Астана қаласында болатынын ескертіпті.  
Алғашында «Бұл не деген батпан құйрық» деп аңтарылып қалдым да, мұндай атақтың тегін берілмейтіні есіме түсіп, хаттың соңына көз жүгірттім. «Ақпараттық-имидждік сүйемелдеу құны – 1750000 теңге» деп жазылыпты.  Өзіңіз бара алмасаңыз сырттай да марапатталуға болатындығын, тек көрсетілген 1250000 теңгені есепшотқа аудару қажеттігін ескертіпті. 
Өткен жылы ауқатты бір ініміз осы атақты алып, әлеуметтік желідегі ағайындарымыз жаппай құттықтап еді. 2016 жылдан бері «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген дардай атақты есімі елге белгілі тұлғалар да, айналасына ғана танымал байшыкештер де, өнерде жүрген табысты бауырларымыз да  алып үлгеріпті. Бізді қазақтың атаққұмарлығын дөп басқан пысықайлардың «Қоғамдық наградалар және атақтар жөніндегі комитетті» құрып, тер төкпей-ақ пайда тауып жүргені,  қыруар қаржының игілікке пайдаланылмай, босқа ысырап болып кеткені қынжылтады. 
Соңғы жылдары атақты, медальді сатып алу мұғалімдер арасында да белең алды. Мәселен, «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Ұлағатты ұстаз» атағының құны 5-20 мың теңге аралығында. Мұндай атаққа күні кеше ғана еңбек жолын бастаған жас мамандар да ие бола алады, тек қалтасында қаржысы болсын деңіз. 
Бірақ сатып алған атақтың құны қайбір қайырлы дейсіз?! Мұны айналамыздағылар айыра алмайды дейсіз бе?!

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы