АЛТЫН КӨМБЕ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 2141
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Байрақты бәсекеде бақ сынаған боксшыларымыз  әлем халқы алдында Әнұранымызды асқақтатты»

Қазақтың сөздік қоры мол. Тәжірибелі журналистердің өзі мақала жазғанда жылқының орнына «ат», «тұлпар»,  «есті мал»,  «Қамбарата» сынды көп баламаның қайсысын қолданарын білмей қалады. Таңдау көп. Мұның өзі біздің басқадан сөз алмай-ақ қоюымызға болатынын  білдіреді.  Сондықтан сөз арасын бөтен сөзбен былғағанша, көнерген сөздерімізді қайтарып, қолданысқа енгізсек, сөздік қорымыз шынымен де көбейері сөзсіз. Мысалы, кезінде «байрақ» деген сөз қолданыста еді. Байрақ – басқарушылық лауазым немесе жалау деген мағынаны беретін. Ұлттың арда туған ұл-қыздары шетелдерге барып, спорттық ойындарда бақ сынап, Көк туымызды аспандатқанда тілшілер қауымының арқасында байрақ сөзі қолданысқа қайта қосылды.  Қазақы қаймағы бұзылмаған елдің журналистері «Байрақты бәсекеде бақ сынаған боксшыларымыз  әлем халқы алдында Әнұранымызды асқақтатты», – деп елдің рухын көтерді.  «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» деген тіркестегі «ұлыс» сөзі қолданысқа Наурыз мерекесін тойлаумен қатар келді. Ұлыс деген – мемлекет, аймақ деген мағынаны білдіреді. Яғни, Ұлыстың ұлы күні деген – мемлекеттің ең үлкен мерекесі деген сөз. Міне, қарап отырсаңыз, қазақтың әрбір қайта оралған сөзі  жақсы істерге жаршы.  Сондай-ақ, көбінесе ауыл жұрты жиі қолданатын ырым бар. Тасаттық беру. Қала халқы сөздің мағынасын білмеуі де мүмкін. Өйткені бұл ауылдық жерде қолданылатын тіркеске айналған. Мал, егін шаруашылығымен шұғылданушылар  жауын аз болған жылдары су жағасына барып, Жаратқанға жалбарынып,  дұға оқып, мал айтып сойып, «аспаннан жаудыр, жерден өндір» деп тілек тілейді.  Бүгінде, «тасаттық» сөзі  шаруашылықпен айналысатын орта буын, жастар арасында да кеңінен  қолданыла бастады.  Міне, көнерген сөздерді қолданысқа қайта енгізудің маңызы және естілікке тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Сондай-ақ, бұрындары дүниеге ұл бала келсе,  «әйелім ұл туды» деп жалпақ тілмен айтар жұрт ауыспалы мағынадағы осындай  сөздерді  жаңғыртып «дүниеге ат ұстар» келді деп құлаққа жағымды сөзді қолданады.  Бұл да бай тіліміздің қадірін асыруға жатады.
Ел имандылыққа бет бұрды. Кеңес  одағы кезінде ержеткен ұрпақ діни ұғымнан мақұрым қалған еді. Сауапты іс жасауға бет бұрушылар көбейді.  Осыған орай жылу жинау, пітір-садақа беру  сөздері дендеп еніп келеді. Кірме сөздердің орнына осындай көнерген сөздерді жиі пайдаланып, орнымен қолданып отырсақ, сөздік қорымыз мән-мағыналы сөздермен толыға түсер еді.  
Көнерген сөздерді қолданысқа қайта енгізудің бір жолы – жастар мен оқушылар арасында мақал-мәтел жарысын ұйымдастыру. Мысалы, «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәлі», «Әдепті қыздың үйіне барсаң шашбауы сыңғырлап есік ашар, әдепсіз қыздың үйіне барсаң, төбе шашы тік тұрып төрге қашар»,  «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». 
Көркем ойлай білетін адамның аузынан әдепті сөз шығады. Ендеше, қаңсыққа таңсық болмай, алтын көмбемізді жарыққа шығарып,  есті сөзіміздің қолдану аясын кеңейтейік. 

Гүлжан ТҰРСЫН