СЕРГЕЙ: "ҚЫЗЫМДЫ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНЕ БЕРДІМ"

Уақыты: 01.05.2019
Оқылды: 1276
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тіл – әрбір ұлттың қазынасы. Адамдар сөйлеу арқылы тіл табысып, қарым-қатынас орнатады. Көп тіл білген сайын адамның көкжиегі де кең болады. «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың» демекші, көп тіл білген адам рухани бай болары сөзсіз.

Біз де бала кезімізден қазақтардың ортасында өстік. Қазақ тілін бір кісідей білеміз, ұғынамыз. Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде балалық шағымыз өтті. Қазақтармен дос, бауыр болдық. Осы сыйластығымыз бүгінге дейін жалғасып келеді.

Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі қазақ тілін білуі, құрметтеуі тиіс. Осы орайда қызым Диананы бастауыштан қазақ сыныбына беріп едім. Қазір Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының 11-сыныбында оқиды. Қазақ тілін жетік біледі. Үлкен қызым Рустина да жартылай қазақ, жартылай орыс сыныбында оқыды. Қос тілді білгенннің көптеген артықшылығы бар. Оны балаларымызбен әңгіме-дүкен құрып, пікір таластырғанда анық сезінеміз. Мұнымен қатар қазір уақыт талабына сай балаларымыз ағылшын тілін де меңгеруде.

Диананың арманы – биыл мектеп бітірген соң режиссерлік оқуға түсу. Ол болашақта қазақ тарихы туралы фильмдер түсіруді армандайды. Бұл да болса өзіміз туып-өскен қазақ жеріне, халқына деген ризашылықтан туындап жатқан арман-тілек деп ойлаймын.

Самғат Долаев басшылық ететін Абай мектебі де атына заты сай жас ұрпаққа лайықты білім-тәрбие беруде. Қызым қазақ тілін жете меңгеріп, бүгінде өз туған тіліндей қабылдап, осы тілде еркін сөйлесе, ол ұстаздардың берген білімінің, тәлім-тәрбиесінің арқасы.

Мен де өз атымнан қызым білім алатын мектеп мұғалімдеріне, жалпы қазақ халқына алғысымды білдіремін. Қазақ халқы орыс тілін бір адамдай білсе, біз де осынау қасиетті жердің бір бұтағы ретінде қазақ тілін білуіміз керек. Балаларымыз мемлекеттік тілді білсе, болашағы да жарқын. Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін меңгеріп, балаларын қазақ сыныбына беруге шақырамын. Одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. 

Сергей ЩЕРБАКОВ 
Талдықорған қаласы