ҚОРҚЫНЫШ: КОНЦЛАГЕРЬДЕГІ АУЫР КҮНДЕР

Уақыты: 11.05.2019
Оқылды: 1403
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына 74 жыл. Бірақ Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты соғыс та ізін қалдырды. Жеңіске жету жолында ержүрек жандардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы тарихтағы жарқын беттерге айналды. Сондай жауынгердің бірі – менің атам Рысымбет Жантілесов.

Атам 1898 жылы қазіргі Көксу ауданы Лабасы тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, кейінгі қос төңкерістің, қазақ даласындағы Кеңес үкіметінің орнауы мен қолдан жасалған аштық жылдарының куәгері. Көрген қиыншылығы мұнымен бітпей, ел есін жиып, еңсесін көтерген тұста Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті.

Қан майданға 1942 жылы Үштөбе қаласынан аттанған атам Украина жерінде екі ай әскери дайындықтан өтеді. Алдыңғы шепте соғысқан ол 1943 жылы тұтқынға түсіп, Голландия жерінде гитлерлік концлагерде ауыр күндерді басынан өткізеді. Тұтқындалған әскерилердің басым көпшілігі аштықтан қаза тапса, кейбірін ату жазасына кескен.

Туған жерде қалған отбасына, жеңіске жетуді ойлаған атам өлмес үшін қалақайды пісіріп, теңіздің құртын жеп күн көрген. Бұл жөнінде атам: «Теңіз құртын шелекке салып, жарты шелек суға қайнатып ботқа жасап іштік. Сүзек, іш ауруы пайда болды. Оны тоқтату үшін қалақайды ем еттік. Менімен бірге тұтқынға түскендердің көрген күні азапқа толы болды. Не қашып кете алмаймыз. 5000 жауынгерді 250 неміс солдаты күзетті. Осы лагерьде 1945 жылдың 6 мамырына дейін болдым. Сол күні таңғы сағат 5-те радиодан Кеңес үкіметінің жеңіске жеткендігі туралы В.Молотов хабарлағанын естіп, көзіме жас алдым. Концлагерьден босатылғандығымызға сене алмай жүрдім. Бостандыққа шыққандардың кейбірі дүкендерді тонап, нанға түйіліп өлді», – деп жүзіне мұң ұялай әңгімелеп отырушы еді.

Лагерьде өткізген күндерін сұрағанымызда көзіне жас үйіріліп, бойын қорқыныш сезімі билейтін. Қазір ойлап отырсам, сұрау арқылы сол қорқынышқа толы күндерін есіне түсіріппіз ғой.

Тұтқыннан босатылғанымен Кеңес үкіметінің шегарасынан өткенде барлығын «халық жауы» деп Донбасқа жер аударған. Темір торда 1945 жылдың желтоқсанына дейін отырып, ақталып, елге оралады. Соның өзінде Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылында тұруға Кеңестің солақай саясаты мүмкіндік бермеді. Соған шыдамаған атам өмірінің соңына дейін Лабасы тауында ұжымшардың малын баққан.

Өзінен 25 жас кіші апам Елеусіз Даулетбақова екеуі төрт ұлына бар тәлім-тәрбиесін беріп, олардың болашағы жолында еңбек еткен. Балаларының кенжесі – менің әкем. Менің жауынгер атамның қатал тағдыры – бүгінгі тәуелсіз елдің жас ұрпағына өнеге-үлгі. Шыдамдылығы мықты, ерік-жігері бір төбе, қатал тағдырына мойымаған жанның ұрпағы екенімді мақтан тұтамын.

Самғат ҚАДЫРХАНҰЛЫ,

Оқушылар сарайы МКҚК тарихи-өлкетану үйірмесінің мүшесі,

№14 орта мектеп-гимназиясының оқушысы