БАЛАЛАР ҮЙІНЕН ШЫҚҚАН БАТЫР ҚЫЗ

Уақыты: 12.05.2019
Оқылды: 2510
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ дейтін кеңқолтық халықтың тегіне біте қайнасқан үлкен қасиеттің бірі – қайсарлық пен батырлық. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда қолына ер-азаматтармен бірге қару алып, Отан үшін қанын төгіп, жанын берген қазақтың қайсар қыздарының ерлігі тіптен ерек. Олай болса, біз Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандық танытып, ұрыс даласында атой салған Биғайша ҚҰНДАҚБАЕВА жайлы ой толғауды жөн көрдік.

Зұлмат соғыстың зардабын көрген өжет қыз 1920 жылы Қаратал ауданы, Киров ауылында дүниеге келген. Әр бала үшін асқар тау әкенің ақылы мен анасының аялы алақанына жетер еш нәрсе жоқ. Ата-анаңның қасыңда жүргенінің өзі бір бақыт. Бірақ Биғайша ата-анасынан ерте айырылады. Қуғын-сүргін заманда әкесін «Алаш Орда» партиясына қызмет етеді деп айыптап, жары екеуін Сібірге жер аударып жібереді. Биғайшаны әкесінің жақын досы Үштөбедегі балалар үйіне Ғазиз деген есіммен өткізеді. Кейіннен ол Есік қаласындағы балалар үйіне ауыстырылады. Сол жерде алғаш мектеп табалдырығын аттайды.

Қилы заманның қиындығын көріп есейген қыз еңбектің ащы дәмін татып өсті. Тар заманның тауқыметін тартқан Биғайша бала күнінен оқуда озат, еңбекқор, ұқыпты болды. 1939 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы медициналық институтына оқуға түседі. 1942 жылы небәрі екінші курста құрбы-құрдастарымен бірге облыстық әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майданға сұранып, арыз береді. Сөйтіп мемлекет қайраткері, республикамыздың бұрынғы шетелдермен байланыс қоғамының төрайымы Роза Шамжанова, Сәлима Махмұтова, Зулиха Аусабаевалармен бірге майданға аттанады. Алдымен, Түркіменстанның Красноводск қаласында 33-ші дара байланыс ротасына барады. Осында үйрену-жаттығу оқуын 6 ай оқиды. Жарты жыл бойы пулеметші, зениткашы, санитар сынды бірнешеуін жан-жақты меңгергеннен кейін К.Рокоссовский басшылық еткен майданға барады.

Медицина мамандығын оқыған қайсар қыз тек дәрігер болып қана қойған жоқ, елі мен жері үшін қан майданда от кешіп, мұз жастанды. Байланысшы, алғашқы жәрдем көрсетуші бола жүріп, мойнына автомат, иығына байланыс аппаратын асынып, қан майданның ортасына ерлермен бірге ұрысқа кірді. Биғайша Құндақбаеваның қызы Роза апай анасының мына естелігін айтты:

- Белоруссия орманды, батпақты жер. Біз су басқан ну орманның балшығына батсақ та, батыс пен шығысты телефон арқылы байланыстырып отырдық. Көбіне ауылдарды құтқаруға қатыстық. Халыққа медициналық көмек көрсеттік. Топ-топ болып бөлініп, неміс әскерлерімен соғысқа да түстік, жау қоршауында қалып қойған кездеріміз де болды. Етігімізбен су кештік. Судан жыртылған етігімізді жамап киіп жүрдік, - деп соғыс жылдарындағы әңгімесін айтып отыратын, - деді.

Иә, сары күздің қара суығын қарлы боранмен араластырып келген қыстың бет қаратпайтын өте ызғарлы аязына, жаздың аптап ыстығына, көктемнің жауынына қарамастан ұрыс майданында шайқасқан жас жауынгер ештеңеден тайсалмады. Жеңіске жету жолында жанын беріп күресті. От пен оқтың, талай қантөгістің ортасында жүрсе де бірнеше қызмет атқарды. Жараланған солдаттар мен қарапайым халықты емдеді. Жауынгерлерді телефонограммамен байланыстырды. Қолына қару алып, сарбаз болып жауға аттанды. Зениткамен жаудың ұшып бара жатқан самолеттерін құлатып, жеңіске жету жолында ерен еңбек етті. Небір қиын-қыстау жылдарды бастан өткеріп, жеңіс Туын желбіретті. Майдан шебінде күндіз-түні көз ілмей қиян-кескі ұрыстарға қатысқан қаһарман қыздың ерлігі ескерусіз қалмады. Көптеген алғыстарға ие болды. 1945 жылы 20-шы маусымда СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ефрейтор әскери атағымен елге оралды.

Әр адам баласының арманы білікті де білімді маман иесі болу екені хақ. Оған жету үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылуы қажет. Соғыс аяқталып, елге оралған соң қаһарман қыздың арманы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істеу. Бірақ, ол өзін емес соғыс жылдары құлдырап кеткен ауылын, болашақ ұрпақты ойлады. Сол жылдары ауылдың қара домалақ балалары мен қаракөз қыздарына керегі оқу оқып, білім алу еді. Сондықтан, ол өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беру үшін мұғалімдік жолды бастайды. 1946-1978 жылдар арасында жерлесіміз 28 гвардияшы панфиловшылар дивизиясының құрамында болған Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектепте ұстаз болып қызмет етті. Сол кездері  Брест қамалының қаһарманы Нұрлыбай Сабырбаевты жолықтырып, отау құрады.

Мектепте 30 жылдан астам табан аудармай жұмыс істеп, туған жерін түлеткен ұстаздың биік шыңдарды бағындырған білімді ұрпақтары жетіп-артылады. Олар республикамыздың түкпір-түпкірінде әртүрлі мамандықта жұмыс істеп жүр. Иә, өз мамандығын емес, ұстаздықты қолға алып ауылы – алтын бесігін өркендетіп, білімді жастарды өсіремін деген майдангердің игілікті ісі ерлікпен пара-пар. Жасалған ерлік ескерусіз қалған жоқ. Еліне, болашақ жастарды тәрбиелеуде сіңірген еңбегі бағаланып «Ағарту ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық оқу бөлімі мен облыстық кәсіподақ ұйымынан, аудандық ағарту бөлімінен алған түрлі  Алғыс хаттары бар. Сонымен қатар, 1948 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», 1967 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің жиырма жылдығы», 1967 жылы «КСРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы», 1975 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің елу жылдығы», 1977 жылы «Еңбек ардагері», 1978 жылы «КСРО Қарулы Күштерінің – 60 жылдығы» медальдары, 1961 жылы «Ардақты ана», 1985 жылы 11 наурызда ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері табысталды. Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес Кеңес Одағының Маршалы Г. Жуков медалімен марапатталды.

«Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп жырлаған Ілияс ақынның өлеңін кеудесіне тұмар қылып таққан халқымыз апамыздың соғыс кезіндегі ерлігі мен бейбіт қоғамдағы оқу-ағарту ісіне қосқан өлшеусіз үлесін ескеріп, Биғайша Құндақбаеваның атына Көксу ауданындағы №1 мектеп пен Бозтоған ауылының бір көшесін береді.

Сұрапыл соғыста ерен ерлігімен танылған ана 1997 жылы 29 наурызда Көксу ауданы, Бостоған ауылында қайтыс болды. Артында балалары қалды. Отан алдында адал қызмет атқарып, елі мен жері үшін сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету – жас ұрпаққа міндет. Отан үшін оқтан қаймықпаған жандардың жанқиярлық ісі бәрімізге өшпес өнеге. Ол ұрыс даласында ерлік көрсетіп қана қоймай, ауылға келіп болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатты. Артында ұлағатты да өнегелі істері қалған адамды өлді деуге бола ма? Оның жарқын бейнесі халқының санасында жаңғырып, жасарып, мәңгі өмір сүре беруі тиіс. Сондықтан күллі Алаш жұрты оның ерлік істері мен өнегесін мақтан етеді.

Айдар ҚАЛИҰЛЫ