Біреудің кісісі өлсе қаралы ол

Уақыты: 07.11.2016
Оқылды: 2929
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Данышпан деп даралап, ұлттың ұстазына айналдырып алғанымыз бекер емес-ау дана Абайды. Қай сала, қандай тақырып болмасын хакімнің қамтымай кеткен тұсын таба қою да қиын сыңайлы. «Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол, қаза көрген жүрегі жаралы – ол». Бұл екі тармақ та Құнанбайдың ұлынан қалған құнды мұраның бірі. «Қаралы үйде қазан көтермейтін» қазақтың бүгінгі ұрпақтары ас беруде алдына жан салмайтын болды. Қонақасы – аты айтып тұрғандай алыстан көңіл айта келген туыстық қатынасы қандай болса да қонаққа арналған ас екені белгілі. Десек те, қазіргі жағдайда дауыс сала келген жанның бәрін дастарқаннан дәм татқызбай жібермейтін жағдайға жеттік. Бұл қонаққа деген құрметімізден қалған дәстүр болғанымен кейде аста-төк жасап, той мәзірінен де асырып жіберетініміз тағы бар. Әсілі айтайын дегенім бұл да емес. Шынтуайтына келгенде қаралы үйдің негізгі міндеті мәйітті жөнелту болса, келген жандардың мақсаты сол марқұмға құрмет көрсетіп, жуындырып, кебіндеп, жаназасын шығарып, арулап жерлеп қайту еді. Ойланып көріңізші, сіз осы жаназаға қаншалықты құрметпен қарап келесіз?

Ақиқатында жаныңызға біраз азық жинап, жалғанның аққан жұлдыздай өте шығатын тым қысқа екенін шынайы сезінгіңіз келсе жаназаға барғанда жан-жағыңыздағы адамдармен не болса соны әңгіме қылып, дүние тірлішігін сөз ете бермей, бір сәт алдыңызға келген мәйітке зер сала қараңызшы. Кеше ғана қасыңызда күліп-ойнап, бірге тойлап жүрген жақыныңыз мәңгілік сапарға кетіп барады. Өкпеге қисаңыз да өлімге қимайтын жанның бірі еді, табытын өз қолыңызбен көтеріп, қараңғы қапас, қара жердің қойынына апарып тастауға келіп тұрсыз. 
Өмір мен өлім алмасқан мына заманда, өлместің тапқан дәрісін бір адам бар ма?! Әрине, жоқ және болмайды да. Ендеше жалғанға нүкте қоятын ақиқат ол – өлім. Бәріміздің мәңгілік өміріміздің алғашқы қақпасы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрәк хадисінің бірінде: «Өлімді жиі еске алыңдар», – деген. Шынымен де ақылға салып қарасаңыз, өлім – өмірдің қадірін ұқтырады. Осындайда жүз жыл ғұмыр кешсе де, «қамшы сабындай қысқа, бес күндік жалған өмір-ай», – деген атадан жеткен тіркес еріксіз тілімізге орала береді. Былайғы уақытта өмірдің сондай қысқа екенін біле тұра, соншалық көңіл аудара бермейміз. Тек қайтыс болған адамның жаназасына барғанда ғана шынымен де мына дүниенің өткінші екеніне көзіміз жетеді. Сөйте тұра алдамшы жалғанның арбауына түсіп, жаназаға келіп тұрып, арсыз күлкі мен бос сөзден тыйыла алмаймыз. «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ», – деп данышпан Абай атам айтқандай имамның: «Жақсы адам ба еді?», – деген сауалына «Жақсы адам еді», – деп жамырай жауап береміз де, қара жерді мәңгілік мекен еткендер жатқан қорымға қарай қозғаламыз. Не деген бейғам жұртпыз десеңізші?! Өлгенмен бірге өлмек жоқ. Тірі адам тірлігін жасайды. Дегенмен, небір таудай тұлғалар төмпешікке айналған, өзекті жанға бір өлімнің бар екенін ұдайы ескертіп тұратын зиратқа бара жатсақ та, сол баяғы қыңыр әңгіме, орынсыз күлкі, бос қылжақ. Әлгінде ғана имам бәрімізге ескертпеді ме? «Құрметті жамағат! Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «күллі жан иесі өлімнің дәмін татады», – деген. Бүгін мына марқұм жатқан табыт кезегімен бәрімізді де мәңгілік өмірдің босағасына дейін апарып тастайды. Яғни, мына жатқан мүрденің күйін біз де кешеміз. «Құрметтемесең – құрметтелмейсің», деген. Сондықтан құрметімізді жаназаға үйден шығардан бастайық», – деген ескертуі есімізден шығып кеткені ме сонда. Сол баяғы көрініс. Өзіміз өлмейтіндей, қорымға келмейтіндей, бізді де біреу көмбейтіндей әсерсіз келіп, әсер алмастан кетіп бара жатамыз. Жай      ғана келіп кетсек екен-ау. Езуімізде шылым, жүзімізде арсыз күлкі, тілімізде бос сөз. «Көрдің» аузына барып тұрып, көрмейтінімізге таң қаламын. Бабаларымыз не деген данышпан болған десеңізші?! Марқұмның мәңгі қалар жер бесігін «көр» дейді. Жай «көр» емес, «қараңғы көр». Сол тасқараңғы қапаста жалғыз қаламыз. Жағдайымыз не боларын бір сәт ойласақшы. Құран сөзін айтып жатқан молданың әңгімесін ертегідей қабылдап, «ертең өзім осында келемін-ау, жағдайым не болмақ», – деп ойланбаймыз да. Мұқағали ақынның: «Менің жаным ашиды мына өмірді, өтпейтіндей көретін адамдарға», – деген өлеңінің кейіпкерлерін көресіз осы жерден. Ойланып көріңізші, бір күні сіздің де мүрдеңізді әкеледі. Қабіршілер ақымға салып, ауызына тас қалап, бекітіп жатыр. Өтпестей көрген жарық дүниенің жылт еткен сәулесі түсетін оймақтай да тесік қалмай, қапасқа айналып барады «көріңіз». Ал сырттағылар... Әттең, көре алмайсыз ғой. Жаны ауырып, қайғы жұтқан ет-бауыр жақындарыңыз жанарын жасқа малар болмаса, қалғаны сол әдепсіз әдетінен арыла алмай, топтасып-топтасып ыржаң-ыржаң әңгіме-дүкен құруда. Әнебіреуі сіздің сүйегіңізді әкелген көліктің қалқасында дәрет сындырып тұр. Біразы өлгендері бүгін еске түскендей зират аралап кеткен. Жүрегінде иманы бар санаулылары ғана «қараңғы көрден» ғибрат алып, қабірдің басында ойға шомған.
Әсілі, түптің-түбінде кез келгеніміздің басымызға түсетін жаназа мен қабір басына келгенде әдеп сақтағанға не жетсін. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», деген елдің ұрпақтары өлгенін тек ас беріп, дастарқан жайғанда ғана еске алмай, оған деген құрметін соңғы сапарға шығарып бара жатқан қоштасу сәтінен бастап, өзгеге өнеге көрсетсе ғой дейсің.

 Абай атам айтқандай:
«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі күн жалтылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ», – деген тағылымды сөзіне бір сәт зер салып, ғибрат алсақ қой дейсің. Артық айтылған болса, айып етпеңіз. Ақиқатында ұлтымызға ұят келтіретін әрекеттердің бары рас осы жағында. Ойланып көріңіз.


Жұматай Оспанұлы.