ТАЛҒАР АУДАНЫ: АЙ САЙЫН БІР СУИЦИД

Уақыты: 17.05.2019
Оқылды: 1645
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бір ғана Талғар ауданында биылғы жылдың төрт айында төрт суицидтің орын алуы қоғамды, ата-аналарды қатты алаңдатты. Талғар ауданы бойынша полиция басқармасының статистикалық мәліметіне сәйкес, 2018 жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 37 қылмыстық әрекет орын алса, 2019 жылдың төрт айындағы қылмыс саны 14-ке жеткен. Былтырғы жылдың ішінде кәмелетке толмағандар арасында бір, осы жылдың төрт айында төрт суицидтің тіркелуі жан түршіктіреді. Ал жалпы осы мерзім ішінде облыста 11 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркелген.

Осыған орай, облысқа арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Талғар ауданына атбасын бұрып, осы жағдайға байланысты келелі жиын өткізді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар, қылмыстық әрекеттер мен өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының белең алуы, балалар қауіпсіздігін алдын-алу, бала тәрбиесіне қоғамның назарын аудару тақырыбын арқау еткен бұл жиынға облыстық білім басқармасының бастығы Дәурен Жүнісов, аудан әкімінің орынбасары Хайдар Әбдіханов, облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі, аудандық, қалалық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорлары, педагог-психологтар, ата-ана комитетінің төрайымдары мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.

"Бүгінгі бейбіт күнде балаларымыздың бақытсыздыққа душар болуы қабырғамызға батады. Балалар құқығы мен болашағы барлығымызды ойландыруы тиіс. Өздеріңіз білесіздер, кәмелетке толмаған балалар арасында бір-біріне әлімжеттік көрсету, өзіне-өзі қол жұмсап, өмірден кету сынды қайғылы оқиғалар белең алып барады. Бұдан өзге, балалар арасында тағамнан улану, түнгі клубтарда жүру, қылмыстық істерге қатысу сынды келеңсіздіктер көптеп кездесуде. Біреу болсын, екеу болсын бала – біздің байлығымыз", – деді Сенат депутаты, балалар омбудсмені Сәуле Айтпаева.

Депутат 2018-2019 жылдары Талғар ауданы мен Қапшағай қаласында жасөспірімдер арасында қаншама олқылықтар орын алғанын, балалар төбелесі көбейгенін айтты. "Оған не себеп деген заңды сұрақ туындайды. Жас ата-аналар баланы өмірге әкелгенімен, оны тәрбиелеуге дайын емес пе? Әлде мектептегі мамандар тарапынан кемшіліктер бар ма?" – деген Сәуле Мұханбедианқызы бұрынғы балалардың ата-әженің тәрбиесін көріп, өскендігін арқау етті. "Олар балабақшада болмаған. Бірақ осындай қиямет оқиғаларды естіп көрмеген едік. Мен де ауылда өстім, таңнан кешке дейін үй көрмей, асық ойнайтынбыз. Қазір баланы есік алдына шығарудан қорқатын болдық. Елімізде балалардың білім алуы мен денсаулығын жақсартуға, қатарынан кем қалмауына бар жағдай жасалуда. Қауіпсіздігі де назарда. Соған қарамастан орны толмас өкінішті жайттар жиілеуде. Білім министрлігінен «Талғар ауданында баланы мектепке дайындау, одан кейін түрлі үйірмелерге қатыстыруда даярлықтар жасалмаған» деген сараптама алдым. Бұған жауапты мұғалімдер мен сарапшылар, ата-аналар қайда қарап отыр?», - деді депутат.

Баланың құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірінше, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек. Баланы өмірге әкелген соң оның денсаулығы мен өміріне зиян келтірмей, жүріп-тұруын, аш-тоғын қадағалайтын да – ата-ана. Заң шеңберінде мектеп мұғалімдерімен бірлесіп, пікірлесіп отыруы тиіс. Баланың психологиялық ахуалын, жай-күйін білуде ата-ана мен бала, мұғалім арасындағы қарым-қатынастың, ашық пікірлесудің, сырласудың кемшін соғып жатуы да салқынын тигізбей қоймайтындығын тілге тиек етті. Мектеп мұғалімі алдында отырған әр баланың отбасы жайлы толық хабардар болуға, шаш үлгісі, киім киісі, жүріс-тұрысына дейін қадағалап, толыққанды назар аударуды дағдыға айналдыру қажеттігін қатаң тапсырды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Хабдолданұлы сөз алып:

– Облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында келеңсіз жағдайлардың, қараусыз-қадағалаусыз қалудың, зорлық-зомбылық, жыныстық итермелеушілік және басқа да олқылықтардың орын алу себептерін уақтылы анықтау мақсатында шұғыл экспериментальді психологиялық кеңес көрсететін жұмыс топтары құрылған. Алайда, отбасы әлеуметтік институтының тәрбиелік рөлінің әлсіреуі, қосымша білім беру ұйымдарының жеткіліксіздігі, салауатты өмір салты дағдыларының дұрыс қалыптаспауы, интернет сайттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының жағымсыз әсері, құқық бұзушылық пен суицидтік әрекеттер санының азаймауы, жасөспірімдерге қатысты үлкендер тарапынан орын алып отырған жыныстық мәжбірлеу сияқты келеңсіз әрекеттер балалар қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар, отбасылық әлеуметтік жағдайлар да балалар тәрбиесіне көлеңкесін түсіруде. Мәселен, қоғамдағы ажырасулар санының артуы балалардың қараусыз, қадағалаусыз, ата-анасының қамқорлығынсыз қалуына, жалғызбасты әкелер мен аналар санының артуына әкеліп соғуда, – деді.

Қазіргі уақытта облыста 2881 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 86,3 пайызы отбасылық тәрбиеге орналастырылған. Жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде 395 бала тәрбиеленуде. Жылдан жылға жетім бала мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны азаюда. Атап айтсақ, 2016 жылы аталған санаттағы балалар саны 3238 болса, қазіргі кезде 2891, яғни 347 балаға азайған. Сонымен қатар, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 2016 жылмен салыстырғанда 191-ге кеміген. 2015 жылы 1 балалар үйі, 2 сәбилер үйі таратылғаны да тілге тиек болды.

- Кәмелетке толмағандар арасында 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары арасында 18 аяқталған (оның 9-ы мектеп оқушысы, 2-уі колледж студенті) суицидтік әрекеттер тіркелінсе, 2019 жылдың 4 айында 11 аяқталған суицид орын алды. Бұл орайда, уәкілетті органдар мен білім беру ұйымдары жоспарлы түрде жан-жақты жұмыстар ұйымдастыруда. Бірақ, қазіргі кезде балалар құқын қорғау ғана білім саласының өзекті мәселесі болып отырғанын атап өткім келеді, - деген Дәурен Жүнісов балалар құқын қорғауға білім беру ұйымдары ғана емес, қоғам болып атсалысу қажеттігін айтты. - Еліміз еңселі, көшіміз түзу болу үшін әр баланың тағдырына барлығымыз жауаптымыз. Үйде, балабақшада, мектепте және арнайы білім беру ұйымдарында оң тәрбие беріп, санасына кері әсер ететін күштерден арашалауымыз керек. Бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі ел иелері екенін ескере отырып, бесігімізді бірлесіп түзейік!

Тақырыпқа орай:

Мұсабек ТАҒАНҰЛЫ,

Талғар ауданының бас имамы:

Қазіргі таңда адамдардың өз-өзіне қол жұмсап, өз өмірін өз қолымен қиюы жиілеуде. Исламда адам өмірі – оған берілген аманат, ал басқа түскен әрбір қиыншылық, Алла тағаланың пендесіне берген сынағы. Сондықтан да, Алла берген аманатқа берік болып, басқа түскен ауыр да болса сынақтарға бой ұсыну біздің мұсылмандық парызымыз болып табылады. Бүгінгі таңда өз-өзіне қол салып, суицидке барып жатқан жастардың көбі болмашы ауыртпалыққа, болмашы бір ренішке бола өз өмірін қиып жатады, алайда мұның барлығы Алланың сынағынан гөрі беріп жатқан нығметтерінің көптігін ұғынып, оның қадір-қасиетіне жете алмаушылықтан туындайды. Басқа түскен әрбір сынаққа сабыр қылуымыз үшін, Алланың барша нығметтерін, бізге берген артықшылықтарын, құдай тағаланың аса рақымдылығы мен ерекше мейірімділігін сезіне білуіміз шарт. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүниеде өздеріңнен төменге қараңдар», –  деген, яғни, Алланың бізге берген нығметіне шүкіршілік жасап, бізге берілген сынақтардан да ауыр сынақтарды көтеріп жүрген жандар барын ескеріп, бізге берілген нығметтердің бәзбіреулерге берілмегеніне ой жүгіртіп, Аллаға тәубе қылуымыз міндет. Қиындық ол – өмірдің мәнін кетіруші емес. Қиындық – Алла тағала: «Расында әрбір қиындықтан соң жеңілдік бар», – деп Құранда уәде қылғанындай, жеңілдікке, сәттілікке бастар сара жол.  Өз-өзіне қол салу қиындықтан шығар жол емес, керісінше, оны одан әрі қиындата түсу ғана. Шариғатымызда «өз-өзіне қол салып қайтыс болған адамға жаназа намазы оқылмайды» делінген. Себебі, Алла өзі берген аманатқа қиянат жасаушыларды ұнатпайды.

Анар ӘБЕУОВА,

Талғар ауданы №5 орта мектептің психологі:

– Өзіне-өзі қол салу негізгі үш топқа бөлінеді: ашық, демонстративтік және жасырын. Бұлардың қай қайсында да адамның көңіл-күйінде күйзеліс пен ауытқушылық, тұйықтық байқалады. Жасөспірім кезеңде суицидалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересек балаларға қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Суицидалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге, байбаламдық сипат алады. Баланың өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлап жүргенін қалай білуге болады? Ол депрессиялық жағдай, күні бойы төсектен тұрмайды, жылайды, ешнәрсе жемейді және ешкіммен сөйлескісі келмейді. Бұл жағдайда не болды деген сұраққа жауап алуға тырысудың қажеті жоқ. Балаға егер ол сізбен сөйлескісі келсе, қай кезде де тыңдауға және түсінуге дайын екеніңізді айтыңыз, тіпті, ол қорқынышты, ұнамсыз, ұятты туралы болса да. Оны қараусыз қалдырмауға тырысыңыз. Дене түйсігі арқылы жалғасу өте маңызды: оны арқадан қағыңыз, құшақтаңыз, сүйіңіз. Баланы жалғыздықтан сақтап қалатын тек қана мейірім, махаббат. Қорытындылай келе, Құран сүрелері мен Пайғамбар хадистерінде де балаларға қамқорлық жасау барша мұсылман қоғамының парызы екені ескертілген. Ата-ана бұл борышын орындамағаны үшін ар алдында бір азапталса, заң алдында да жауапқа тартылады. Баланы өсіру мен азамат етіп қалыптастырудың түп-төркіні отбасылық тәрбиеде жататынын ұмытпағанымыз жөн.

Басқарма басшысы олқылықтардың орын алуына мектеп басшылығының, аудандық білім бөлімінің, басқарма тарапынан да біраз кемшіліктер жіберілгендігін жасырмады. Осыған сәйкес, тиісті жоспарлар құрылған. Алдыменен мектеп қабырғасында балалармен тікелей жұмыс жасайтын мамандарды  даярлап, оқыту көзделген. Себебі, жоғарыда айтып өткен облыстағы 1134 психологтің көбісі «психолог мамандығы» дипломын екінші мамандық бойынша алғандар көрінеді. Осы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында қайта оқытудың қажеттігі туындауда. Мұндай олқылықтардың барлығы үлкен жиында қаралып, келеңсіздіктерге жол берген мектеп басшылары мен мамандар жауапқа тартылатындығын ескертті.

Жиында «Жанұя» қоғамдық қоры аудандағы 42 мектептің 6-11 сынып оқушыларын психологиялық тестілеуден өткізіп, нәтижесінде қауіпке бейім 12 баланың анықталғаны жайлы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева атап өтті. Өткір де өзекті тақырыпты қаузаған келелі жиында аудандық ата-аналар комитетінің мүшесі З.Садықова, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Байтүкенова, Гүлдала ауылдық әкелер алқасының төрағасы Г.Нәдірбек, республикалық «Право» қоғамдық қорының өңірлік «Шанс» орталығының директоры Ғ.Куджаков, тағы басқалар сөз алып, балалар құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда ата-ана мен мұғалімнің байланысын нығайтып, ұлттық тәрбиенің рөлін күшейту, гаджеттерге шектеу қою, бала құқығын қорғау департаментін қайта құру жайлы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

ТҮЙІН: Сенатор Сәуле Мұханбедианқызы атап айтқандай, республика көлемінде аса назар аударарлық участок екенін көрсетіп отырған Талғар ауданында кәмелетке толмаған балалардың құқын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау бойынша нақты әрі жанды жұмыстар атқарылуы тиіс. Аудан әкімінің есептік жиынында да білім сапасы көрсеткішінің төмендеуіне жол берілгендігі ащы да болса ашық айтылды. Көпшілік көкейінде басшысыз қалғанына екі жылдан асқан аудандық білім бөліміне білікті де ұтқыр ұйымдастырушы келер деген үміт жоқ емес. Жас өскіннің құрақтай жайқалып өсуіне, сапалы білім, саналы тәрбие алуымен қатар амандықта жүруіне әрбіріміз жауапты екенімізді ұмытпайық, ағайын!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы