ЗАЛЫ ЖОҚ МЕКТЕПТІҢ ЗАРЫ: "СЕКІРУДІ АРМАНДАЙМЫЗ"

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1657
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Қойшыбек елді мекеніндегі орта мектептің ұжымы биылғы оқу жылын ойдағыдай аяқтағалы отыр. Ондағы тәрбие ахуалы қалыпты. Оқушылардың үлгерімі де талапқа сай. Бұл – ұстаздар еңбегінің нәтижесі. Олар жаңа әдістерге мән беріп, тың ізденістерге ұмтылуда. Алайда мектеп өмірінде жанды жасытатын келеңсіздіктер де кездеседі. Ол – ғимараттың ескілігі, сыныптардың бүгінгі сәулет үлгісіне сай еместігі және төменгі қабаттағы жертөленің ылғалданып, сыздана бастағаны.

Көңілге кірбің түсіретін басты жайлар, міне, осындай. Енді бұдан да зорын айталық, мектепте спорт залы да, мәжіліс залы да жоқ! Мәдени шараларды мектеп фойесінде өткізуге мәжбүр. Елді мекен туралы уәж айта алмайсыз. Қойшыбек – атына заты сай көркем ауыл. Іргесінен халықаралық күре жол өтіп жатыр. Мұнда қоныстанушылар жыл өткен сайын молаюда. Оған дәлел – соңғы төрт-бес жылдың ішінде жаңадан екі көшенің пайда болғаны. Демек, ауылдың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар.

Енді сәл ғана шегініс жасайық. Біз әңгіме етіп отырған ғимарат 1983 жылы салыныпты. Бірақ ол балабақшаға арналған құрылыс болып жобаланған екен. Кезінде оның ауласында бүлдіршіндердің асыр салғаны елдің есінде. Ұзамай ескі барак үйдегі шағын мектеп бала оқытуға жарамсыз болып қалады. Соған байланысты жергілікті билік тиісті шешімдер қабылдаған. Сөйтіп, балабақша 1985 жылы орта мектепке айналған.

Одан кейін Қойшыбек ауылы бірқатар алмағайып сәттерді бастан кешірді. Қоғам алмасты, өтпелі кезеңдер келді. Одан да аман-есен өтіп, алға жылжыды. Бүгінде ауылдың ажарына айналған мешіт бой көтерді. Күні кеше ғана жергілікті кәсіпкер Ерболат Төкеев 50 орынды жаңа балабақша салып, ауылдастарын қуантты. Бұдан басқа да жағымды жаңалықтар аз емес. Бірақ баяғы балабақшаны баспаналаған мектеп ғимараты ежелгі қалпында қала берген. Санап отырсаңыз, содан бері 34 жылдың жүзі болыпты. Бұл аз уақыт емес. Мәселен, сол кезде аттестат алған түлектер қазір алдыңғы толқын ағаларға айналды.

– Осы жылдар ішінде көптеген азамат ауыл тізгінін ұстады. Мектеп мәселесін бәрі қозғап келеді. Қолдан-қолға ауысатын эстафета секілді бұл әңгіме енді менің үлесіме тиді. Тиісті адамдарға, білікті мамандарға мектепті көрсетіп келеміз. Біздің жағдайды аудан әкімдігі де жақсы біледі. Барлық тараптан қарекет бар. Жаңа мектеп құрылысына тиісті қаражат бөлінеді деген сенімдеміз, – дейді Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айбек Нұрланов.

Осындай үміттермен ел-жұрт елеңдеп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында осы тектес бірқатар түйіндердің шешіліп жатқаны баршаға аян. Ендеше Қойшыбек секілді қанатын кеңге жайып келе жатқан ауылдың өзекті мәселесі тиісті орындардың назарынан тыс қалмайды деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтылған мектептегі жайсыздықтар барған сайын күрделене түсуде. Оның көріністеріне өзіміз де куә болдық. Мәселен, кейбір сынып бөлмелері ыңғайсыз орналасқан. Балалар екі бөлмеге бір есіктен кіреді. Ал дене шынықтыру сабағы туралы әңгіме бөлек. Оның қыстағы ахуалы тіптен сын көтермейді.

– Оқушылар күннің жылынғанын асыға күтеді. Күздегі жаңбыр, қыстағы қар бізге көптеген қиындықтар туғызады. Амалдың жоқтығынан жіпсіз байланамыз. Қимыл-әрекеттерге негізделген денешынықтыруды тек теорияға айналдырып, ауызша айта беру балаларды жалықтырады. Олар үлкен залда емін-еркін секіріп, жарысқанды армандайды. Бірақ оған мүмкіндіктер жоқ, – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі  Ақжол Тұрдалы шарасыз кейіпте.

Соған қарамастан Қойшыбек ауылындағы орта мектептен спортшы жастар суырылып шығып жатыр. Олардың арасында ауылдың, ауданның, облыстың намысын қорғап, көзге түсіп жүрген жүйріктер аз емес. Мәселен, осы мектептің оқушылары Надежда Иванченко волейболдан облыстық құрамада өнер көрсетіп жүр. Ал Батырхан Қыдырбай еркін күрестен облыстық жарыстарда жеңімпаз атанған саңлақтардың бірі. Мақсат Еділұлы мен Еділ Әлібилер былғары қолғап шеберлеріне айналды.

– Шіркін, өзіміздің жеке спорт залымыз болса ғой! Көптеген таланттарға жол ашылатын еді. Мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған іні-қарындастарымыздың кең де жарық спорт залы бар жаңа ғимаратта білім алғандарын қалаймын, – дейді жас спортшы Батырхан Қадырбай.

– Меніңше, ауыл балалары салауатты өмір салтымен тәрбиеленуге тиісті. Ол үшін спортпен айналысудың жөні бөлек. Бұл сала бұқаралық сипат алса тіптен жақсы. Көршілерден көріп жүрміз, ондағы мектеп залдарын ауыл жастары да тиімді пайдаланады. Қызығып қараудан көзіміз талды. Спорт – денсаулықты ғана нығайтпайды, ауыл жастарын тәртіпке де баулиды, – дейді ата-аналар атынан сөз алған зейнеткер ұстаз Гүлжахан Шабинярова.

Еліміздің кемел келешекке бет алғаны белгілі. Облыс экономикасы өркендеуде. Үлкен мақсаттар мен ауқымды міндеттер жүзеге асып жатыр. Осындай кезеңде өңірімізде спорт залы жоқ мектептің бар екеніне сенудің өзі қиын. Бірақ, өкінішке қарай, ол шындық!

«Алайда кемшілікті жөндеуге болады. Оның жолы соншалықты қиын емес». Қойшыбек ауылының тұрғындары жоғары орындарға осылай деп дұғай сәлемдерін жолдайды. Кешікпей бір жақсылық бола ма деп құлақтарын түреді. Ендігі сөз мәртебелі уақыт еншісінде.

Болат МӘЖИТ

Қойшыбек ауылы

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы