Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТАРТЫҢДАР ҚЫЗДЫ КӨКПАРҒА": ЛАҒНЕТ САҒАН, БОЛЬШЕВИЗМ!

Уақыты: 26.05.2019
Оқылды: 180
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алтынемел өңіріне бара қалсам, Шоқанның басына соға кетуге тырысамын. Ескерткішіне, айналасындағы сұлу табиғатқа, өзіме белгілі тарихи орындарға қарап, біртуар тұлғаға тағзым етіп қайтудың өзі ерекше әсер береді. Кімнің түсіргені белгісіз делінетін (негізі саяхатшы Пантусов 1910 жылы түсірген деген дерек бар) «Шоқан және өнер» кітабындағы суретті қарасаңыз, қазіргі жағдаймен салыстыра зерделеуге мүмкіндік туады. Ел сол суреттегі үлкен күмбезді Ералы сұлтандікі, ал берірек қорымдағы Шоқан Уәлихановтың күмбезі деседі. Олардың айналасы аумақты, тас пен лай араластыра қаланған үлкен екі қорым. Өкінішке қарай, лай-кесектен құйылған күмбездер бүгінде құлап, үйінді түрінде жатыр. Ал қазіргі Шоқан ескерткіші сол жерден 30-40 метрдей солтүстік жағында орнатылған.

Осы жолы барғанымда ауыл имамынан мынандай қызықты дерек естідім: «Адамның айтқаны болмайды деген рас екен. Ауылдағы соғыс ардагері Алтай қария 1988 жылы қайтыс боларының алдында мына Шоқан жатқан қорымдағы өз атасы Сағындықтың қасына жерлеуді көрсетіпті. Алайда, сол кездегі партия, өкімет, аудандық, облыстық билік орны қазылып қойған моласына қоюға, ол жерде Шоқан Уәлиханов жатқандықтан жабық қорым ретінде рұқсат бермеген. Содан қазылып қойған қабірге молдалардың айтуымен бір тауық сойылып, қайта көмілген». Бұл сөз көптеген естеліктерді ойға түсірді. Осы алақандай ғана Алтынемел өңірінің де ашылмаған сан құпиясы барын сезіндік.

Бірде аты аталған Сағындықтың кейінгі ұрпағының бірі, қазіргі күнде 80-ді алқымдаған апайды үлкендерден естігенін айтып, өзінің не білетінін білмек ниетпен, әңгімеге тартқаным бар:

– Қарағым, айналайын, сен бізге кейде «көп ештеме білмейсіңдер» деп қынжылып, ренжисің. Қарағым-ау, бізге біреу айтып па, анау-пынауды, қай елміз, аталарымыз кім деп сұрай бастасаң, әйем (әкесін айтады), оны қайтесің, барыңдар, сабақтарыңды оқыңдар деп тыйып тастайтын. Атамызды көрмедік те, сол соғыстың алдында 5-6 жыл бұрын қайтыс болыпты ғой. Қалай қайтты, оны да білмеймін, қарағым, әйем айтпады. Кейін там-тұмдап жүріп, үлкендерден естуімізше, Сағындық атамыз бай-қуатты, білімді кісі болыпты. Серілікті, ақындықты жақсы көрген десетін. Алты ұлы болған екен. Соның үлкені менің әкемнің әкесі, ал одан кейінгі Иса атамыз, мұсылманша-орысша білімді болған көрінеді. Менің бар естіп қалғаным, Оразбай апамның, яғни Жарас атамның бәйбішесінің бірер айтқандары ғана. Ол апамыз «Қызыл Қаңлының» қызы екен, атын да ата-анасы ұлдары тұрақтамай еркекше қойыпты. Беріде 1957 жылы 73 жасында біздің үйде қайтыс болды ғой. Өзі әнші, шебер-ісмер, емшілік қасиеті де бар кісі еді. Осы елден сұрасаң, үлкендер талайды емдеп-жазып шығарғанын еске алатын. Мына тұрған Матайдың етегі «Көлқамыс», «Көшен Тоған» ылғи төрелердің ауылы еді ғой. Сол жерде ағайын-туыс тып-тыныш өмір сүріп жатқанда патша құлап, аласапыран басталады. Сол кездерді апамыз былай айтқан еді:

«Одан кейінгі төңкеріс, қызыл мен ақтың ары-бері сапырылысуы, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу және кейініректегі 1920 жылдан бастап жайлаған ашаршылық, қуғын-сүргін Алтынемел өңірін де айналып өтпеді. Еске алудың өзі қорқынышты. Бұрынғы елге жақпайтын ұры-қарылар аяқасты милиция, кәмиссар болып, қоқаңдап шыға келді. Көресіні солардан көрдік. Кеше ғана той-томалақта бірге араласып жүрген кейбір малшыларымыз қанына соншалықты қатып алған. Адам аяу дегенді білмейді. Тігерге тұяқ қалдырмай, бірде-бір аталы бұйым бұйыртпай, үйлеріміздің бәрін тонады. Ел тоз-тозы шығып, жан-жаққа қашты. Қол-аяғы жеткендер Қытай аса бастады.

Мына әкең сол кезде 12-13-тегі бала болатын, атаң соны алып тауға тығылды. Мен емшектегі егіз қызым бар, үйде отырам. Атаң мылтығы бар, саятшы кісі еді ғой, түнделетіп тапқан-таянғанын, атқан аңының етін кептіріп алып келеді. Оны таспен бастырып, тығып тастап, түнде барып әкеп, талғажау етеміз. Өзім күндіз бүлдірген, саңырауқұлақ, рауғаш сияқтыларды теріп, жейтін тамыр қазам, оларымды кептіріп жинаймын. Аздап ет қосып қайнатып, түнделетіп сорпа жасаймын, сөйтіп онша аштықты көрмедік. Ал елде адам жегендер бар  деген сұмдықтар естіліп  қалатын. Бірде аталарың айтты: «Иса бауырым екі баласын әкеп тастады, оларды ұлыңмен қосып, тауда үңгірде тығып отырмын, ешкімге айтпа. Өзі әйелін, қызын алып, інілерімен бірге Қытайға кетті. Орналасып жатса келеді, сосын біз де солай асамыз. Ана біраз тыққан алтын-күміс әшекейлерді реттеп қой», – деді.

Бірақ көп ұзамай-ақ сұмдық хабар жетті. Қашқан елді, орысы бар, қазағы бар милиция-әскерлер таудың етегінде тосып алып, қырып тастапты. Біраз ғана адам қашып құтылыпты. Бұл хабардан есіміз шықты. Міне, сол жолда не жағдайға ұшырағанын кім білсін, әйтеуір, бір сұмдықтың болғаны анық. Өйткені, әлдекімдер Иса аталарыңның жас қызын бізге әкеп тастады. Сол кісілер оның әйелінің де, үш бауырының да қаза болғанын естіртті, өзі аман кеткен сияқты. Жылап-сықтап есеңгіреп қалдық. Сенер-сенбесімізді білмейміз. Ал қыздың түрі адам көрместей, бақырайған екі көзі ғана, сөйлеуден де қалыпты. Ақырындап қарай бастадым. Міне, Рысхан апаларың сол болатын! Ал екі баласын әкеңмен қосып, аталарың сол қалпы елге көрсетпей тауда ұстады. Ана өлді деген екі бауырының балалары жоқ еді, тек Ақылбек атаңнан қалған жалғыз ұл – Алтайды нағашылары тауып алғанын кейін естідік.

Аталарың үш ұлды тауда тыққан қалпы әкелмейді, өзі түнделетіп келіп-кетіп жүріп, әйтеуір, күнкөріп жатқанбыз. Бірде 6-7 салт атты милиция сау ете қалды. Есім қалмады, неше түрліні сұрайды келіп. «Күйеуің қайда? Қытайда туыстарың бар ма? Кімдер келіп тұрады? Исамен байланыстарың бар ма? Тыққан алтындарың қайда?» Басқарушысы әлгі өзіміздің Н... Сол көбіне зіркілдейді келіп. Басқалары үйдің, қораның ішін астаң-кестеңін шығарып, тіміскілеп жүр. Екі қызымды көкірегіме қысқан қалпы, жаулығыммен көлегейлеп жауып, мелшиіп отырып қалдым. Рысхан да қолтығыма тығылған күйі, үні де шықпайды. Оның кімнің қызы екенін біліп алса керек, бір кезде әлгі Н... ақырып:

– Әй, оңбаған жалмауыз! Білем мен сендерді! Көздеріңді құртам! Контрабандының қызын тығып отырсың. Байың да банды. Не көрсетпедіңдер сендер? Тұқымыңмен көзіңді жоям, дәп сенен бастап, аш көкірегіңді, тура дәл атам, – деп шынымен мылтығын кезеніп, маған қадала қарады.

Екі қолымда жан жоқ, сылқ ете қалғаны. Сол кезде егіз қыз да ашылып, көкірегімнен сырғып түсті. Рысханым да талықсып құлап, тыпырлап жатқандай болды. Сілейдім де қалдым. Құдайдың құдіреті, екі көзімнен жас емес, көкірегімнен сүт аққандай болғаны. Ләм-мимсіз әлгіге қарап қалыппын. Сол кезде бұрын үйдің жылқысын баққан, өзі аталарыңмен құрдас жігіт бар еді. Аттың үстінде тұрып, әлгінің басынан қамшымен тартып кеп жібергені. Барлығы бажылдасып, өзара төбелесіп кетті. Қайдан әлімнің келгенін білмеймін, ұмтылып барып, үш баламды бауырыма қыстым да әлгіні қарғап-сілей бастадым. Тоқтай алсамшы. Соным дұрыс болмады ма, ол ит өшпенділігін одан да бетер арттырды ғой!

Қайран апа-әжелеріміз-ай! Не көрмеді десеңізші?! Ойлап отырсам, бар болғаны қырыққа әлі жетпеген, нағыз өмір сүретін кезі келген, жап-жас келіншектер екен ғой. Солардың көрген қорлық-қиындықтары көз алдыға елестегенде, қазіргі қыз-келіншектердің кейбір оспадарсыз қылық-мінездеріне не деріңді де білмейсің. Ата-анаға, жан-жарына, бауырластардың балаларына деген сүйіспеншілік пен мейірім сияқты халқымыздың асыл қасиеттері сол апаларымызбен бірге жоғалғандай құлазисың.

«Бірде бәрімізді алдарына салып, қойша айдап орталыққа алып барды. Айтуларынша «Қызыл Отау» құрылыпты, жоғарғы жақтан үлкен уәкіл келіпті, той болады екен. Ел аштан қырылып жатқанда ненің тойы екенін итім біліп пе, сүйретіле жаяу-жалпылап бардық. Екіден асып қалған екі қыз қолымда. Рысханым етегімнен ұстап айырылмайды. Дегенмен, біраз өсіп те қалған 10-11-дегі кезі ғой. Өзі сүйкімді, арып-ашқанына қарамастан, әп-әдемі қыз боп келеді. Барсақ, шынымен той болып жатыр екен. Айнала қызыл шүберектер, бәрімізді алқа-қотан отырғызып қойып, наган асынып, белдіктерін шарт түйген біреулер мінбеге шығып, қолдарын сермеп тұрып, кезек-кезек сөз сөйлеп жатыр. Олардың айтқанының бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Әйтеуір, сөздері аяқталған соң, бар елге кәдімгідей аздап піскен ет, аздап талқан таратты. Оларының біразын жеп, қалғанын түйіншектеп түйіп те алдық. Үлкен бастықтары, уәкілдері бар, бөлек үйге кіріп, ішіп-жеп жатқандары естіліп тұрды. Қалған осы жақтың атқамінерлері де олардан қалыспай, өздері бөлектеніп, гүжілдесіп жатты. Тойынған соң басқаларға кеп тиісіп те қояды, әлгі Н-нің елді мазақтап: «Ана тауарищ үлкен уәкіл-көсем дұрыс айтады. Жеңдер мына етті. Бірақ, көп жесең аштан өлгенсің бе деп, ал жемесе түк көрмеген сорлы деп сабау керек сендерді», – деп елге қамшы үйіріп жүргенін көрдік. Кейбір «өкіметпін» деп жүргендердің боза, арақ ішіп, қауқылдасып жатқанын байқап қалдым да, олардан жақсылық шықпасын сезіп, қасымда екі үлкен әйел бар, балаларымды алып жылыстай бердік. Аса ұзаған да жоқпыз, ойпаңдау жерге келгенде Н... шауып келіп, ойқастап алдымызды орады. Ол шапқанға ілескен болулары керек, тағы да 10-15 атты жинала қалғаны. Кейбірі есімді шығарып, аттың үстінен түртіп, қалжыңдап та қояды. Ана құрғыр Н... қасыма жақындап келіп, аузына келгенін оттай бастады. Өзінен бұрқырап арақтың иісі шығады:

– Ә, немене! Тойдан неге қашасыңдар, ақымақтар, білсеңдер бұл Совет өкіметінің тойы. Контрабандының қатыны екендеріңді білдіріп қоясыңдар ә, сұмырайлар. Көрсетем мен сендерге! Бұлар жау екенін көрсетіп қояды өстіп. Бірақ сендердің замандарың біткен, ендігі заман біздікі. Не көрмедік  бұлардан? Құрту керек көздерін. Мынаны қараңдар, бөрінің бөлтірігі, өсіп те қалыпты! Жауды аяған жаралы, жігіттер, тартыңдар мына қызды көкпарға, жоқ қылайық!

Шынымен албасты неме итініп келіп, қолымнан Рысханымды жұлып алып, өңгере кеткені! Оның құлындай шырқыраған дауысы көкке жеткендей болды! Айнала апыр-топыр болды да кетті, кейбірі еліріп алған. Құдайдың құдіреті, қайдан күш біткенін білмеймін, егіздерді қасымдағы үрпиіп, шошып кеткен әйелге тастай салып, тұра ұмтылдым. Аттардың аяқтарымды таптап, қаққанына қарамай, әлгіге жетіп шаужайына жармастым. Аттандап, ойбайлап, аналарды тілдеп, қатты шыңғырғаным есімде. Сол кезде олар да сәл ес жиған болуы керек, орта ашылып қалды, мен өлерменденіп аттың тізгініне оралып алыппын. Жанұшыра үлкен апа да жетіп, қызды ананың қолынан жұлып алып, бауырына басып, жерге отыра кетті. Жаулығы түсіп, шашы дудырап кетіпті.

Бәрі де әлі күнге дейін көз алдымда. Сол апа да тоқтамай зарлап-қарғап жатыр: «Оңбағандар! Осыдан жақындасаңдар, ана сүтімді көкке сауып, қарғаймын сендерді. Екі дүниеде қызық көрмеңдер! Ақ жаулығым, ақ басым, аруақ атсын сендерді! Қан керек болса, өлтіріңдер мені! Тартыңдар мені!».

Әлгілер түнеріп, бірін-бірі боқтаған қалпы кетті. Біз қалдық жылап-сықтап. Өлмеген соң сүйретіліп үйге де жеттік. Ақыры оңбағандар сол күнімізді де көп көрді ме, бір-екі жыл өтіп, Рысханымыз 13-14-ке келгенде жетімдерді жинап жатырмыз, оқытамыз деп тартып әкетті. Қолымыздан не келсін, жылаумен қалдық тағы да. Артынан анықталды ғой, түк те оқуға апармаған, осы күнгей жақтағы қатыны өлген, әлгі Н-нің ағайынына әйел етіп беріпті.

Сол сұмдардың тегін әйелге де сол кезде қолдары жеткенге ұқсайды! Бірде үйге бір ата келді, тамақ асылды. Әлгі ата (ата деймін-ау, сонда қаншада екен десеңші) біраз отырған соң әкейге мынаны айтты:

– Бәке, елге келгелі бері бізге, «Қаш-қашта» паспортсыз өткенімізге қарамастан, жақсы қарап жатырсың. Туғанымнан көрмеген жақсылықты сендерден көрдік, аталарыңызбен аталарымыз бір жүрген еді, әлде соның белгісі ме екен?! Адам қатарына қосылсақ, шынымды айтайын, сенің арқаң. Соның рахметіне мына келінге, өз шешемнен қалған екі алтын жүзіктің бірін сыйлауға арнайы келіп едім. Әйелім бері өткенде тығып алып келіпті. Анау-мынау емес, нағыз Миколай заманының мықты алтыны!

– Шынымен бағалы дүние екен. Мұны енді өз қажеттеріңе жаратыңыздар. Біз қазір дүниеге аса мұқтаж емеспіз ғой. Бұл қалай аман қалып жүр, соған таңғалып отырмын, одан да соны айтыңызшы.

– Мен шын көңіліммен алып келіп отырмын, қолымды қайтармаңдар. Бұл дүниенің сыры мынада, 7-8 жасар бала кезім, бәрі есімде. Үйімізбен Қытайға қашып бара жатқанбыз, екі атымыз бар. Соның біріне жүк теңделген, біріне әпкем екеуміз мінгескенбіз, әке-шешем жаяу. Бір кезде артымыздан Н. қуып жетті! Атын ойнатып, мылтығын кезенген қалпы айғайға басты:

– Иттің балалары! Қашқын бандысыңдар сендер. Мен білмеуші ме едім, байдың сілімтіктері, осы жерде көздеріңді құртам. Түсір мына заттарды. Әкем көзімізше аттан заттарды түсірді. Бұлғын ішік, кілем, біраз шапан бар еді. Бәрін жинатып болған соң мылтығын кезеніп, әкемді атуға ыңғайланды. Сол кезде шешем алдыға шығып, мені етегіне тыққан қалпы  әлгіге жалына бастады:

– Әй қарағым! Сен бөтен емессің, жақын жиенімсің, өзің де білесің. Алатыныңды алдың, енді бізде не әкеңнің көз құны бар?! Жібер бізді, мына жалғыз ұлды өзімізге қия көр. Тіптен азсынсаң, мына қызды қоса ал, – деп 14-15-тегі әпкемді алдына итеріп жіберді. Оның шырылдағанына қарамай ананың ұстап алғанын көрдім. Оған ұмтылған әкемді шешем жібермей қолынан жетектеп, біздер ұзай бердік. Артыма қарайлағанымда әлгінің екі атымызды, әпкемді алып кеткені әлі күнге көз алдымда.

Ол жаққа барғанымызды тәптіштеп жатпай-ақ қояйын, әйтеуір, құдай оңдағанда бір жақсы дүнгендерге кездесіп, әке-шешем соларға жалданды. Обалы не керек, жақсы қарады, тіптен мені өз балаларына қосып, оқуға да берді. Қайтарының алдында шешем осы екі жүзікті көрсетіп, біреуін «бар болса қызыма бер, екіншісін елге барғанда ең сыйласқан адамыңа берерсің» деп аманаттаған еді. Бұл жаққа келгенде анда апарып, мында апарып, ақыры елге де жетіп, өзіңе тап болдық қой. Сыйлы жандарымның бірі өздерің, сол шешемнің айтқанын орындап отырмын.

Шешемнің аманаты бар, өзімнің «Н-ді көрсем, ішіне пышақ тығып өлтірем» деген антым бар. Ақыры, әпкемді де іздеп тауып, үйіне бардым. Барсам қайдан, 2-3 балалы бопты, анауым отыр мыжырайған шал болып. Мені көріп, кемсеңдегеніне қарамай үйінен қуып шықтым. Содан қайтіп, бір дастарқанда отырып көрмедік.

...Әңгімемізге оралайық, сол кезде ізделмей де қалды ол қыз. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заман еді ғой. Өзімнің де әжептеуір өсіп қалған егіз қыздарымнан бір күнде айрылдым, шешектен кетті.

– Солай, інім! Менің бар естігенім, есімде қалғаны осы ғана. Енді Рысхан апа қалай табылды дейсің бе? Ел әйтеуір аздап ес жиып, ұжымшарға ұйымдасып, жан-жақтағы қашқан-пысқандар оралыпты ғой, әйтеуір. Бірақ, көп ұзамай соғыс басталып, әкемнің алты немере бауыры әскерге алынған, бесеуі іс-түзсіз кетті де, біреуі ғана мүгедек болып оралған. Менің әкем барған жоқ, есіңде болса бір аяқ, бір қолының бірталай кемтарлығы бар еді ғой. Сол кісі елден бар туыстарын тынымсыз сұрастырып жүреді екен. Мына қызықты қара. Рысхан әпкеміз де аман қалыпты. Әлгі берген жағы да қайтыс болып, одан бір қызымен қалған екен. Содан осы өзіміз жақтың бір Қытайдан оралған азаматы алыпты. Ол жезде-атаны көрдің, есіңде болар.  Міне, солар әркімнен бір сұрастырып жүріп, менің әкемді тауыпты. Әйтеуір, құдай оңдағанда, сол өзін баққан апамызды көріп үлгерген, ана кейінгі барған адамы жақсы кісі болып, бірге кеп көрісіпті. Апамыз тоқтамай үш күн жылады деседі көргендер. Содан араласып жүрдік, өздері малда болғандықтан бір қызы біздің үйде тұрып оқыды. Айтпақшы, ана Тоқсын Құлыбековтың кластасы. Қазір жақсы, бала-шағалы. Ал әпкеміздің өзі 1975-ші жылдары жетпістерге таяу кезінде қайтыс болды.                  
Көз алдыма тура бір кино көргендей болған қасіретті оқиғалар елестеді. Алайда бұл фильм емес, өмірде болған адамдардың көргендері еді. Алаш арыстарының: «Сары орыс, сары орыстың бәрі орыс» дегендері, атам қазақтың: «Іштен шыққан жау жаман» дегені, ең сорақы идеялармен бір халықты сорлатқан қатігездіктері туралы ойлар шырмап алды.

Бұл естеліктерді қорытындылай айтсақ, сонау Сағындықтың алты ұлының екеуінен ұрпақ бар. Сол алтаудың үшеуі алғашқы советтік атып-асуға ұшыраса, біреуі мүлде шетел асып кеткен. Ол кісі жөнінде біраз мәлімет белгілі жазушы Қ.Толыбаевтың Құлжа қаласындағы жастық шағы туралы естелігінде келтіріліпті. Ал олардан туған жеті ұлдың бесеуі соғыста құрбан болған. Әзірге екеуінен ғана дерек табылды. Соғыстан екінші топтағы мүгедек болып, аман оралғаны – Алтай ата ғана. Ел сыйлағандықтан туған ауылында, орталық көшенің аты берілген.

Сонда бір әулеттің ғана басынан кешіргенінен еліміздің қаншалықты нәубет көргенін пайымдай беріңіз. Егер сол туыстар аман-есен болып, осы күнге дейін жетсе, артынан бәрі де ұрпақ қалдырса, олардың саны қанша болар еді десеңізші?! Әрине, осы күнімізге де үлкендер айтпақшы «шүкір» дейміз.

– Солай, жарығым! Мен де, өзің білесің, сендердің әкелерің сияқты көп оқи да алмадым. Ал сен болсаң, нағыз оқыған-тоқығаны бар азаматсың ғой, – деп сөзін аяқтады кейуана.

Тура осы жерде, әлдебір жақсы, үлгілі тұлғаларды еліміздің «оқыған азамат» деп мақтайтын әдеттегі сөзін жек көріп кеттім. Өйткені, Шолоховтың бас кейіпкерінің «айтып-айтпай не керек! Сендер, оқымыстылар, бар елді, туған бауырларды бір-бірімен қырылыстырып қойдыңдар ғой» деп күйінетіні есіме түсе кетті.

Азамат АҚЫЛБЕКОВ

Кербұлақ ауданы