АТАЛАР - КАРТАҚҰМАР, ӘЖЕЛЕР - КИНОҚҰМАР

Уақыты: 26.05.2019
Оқылды: 1751
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәнін настық, рухын әбілет басқан деуші еді бір жазушы әңгімесінде. Осы бір тіркесті ұмытуға қанша рет оқталсам да ойымда ұйып қалмасы бар ма? Міне, бүгін мақаламның алғашқы жолынан орын алып отыр. Қазіргі заманның кейпін суреттейді сол шығармада. Ақылдың бұлағы санар ақсақалы жоқ қоғамды әжуәлайды әлгі қаламгер. Жаныма батқанын-ай! Авторды сөзбен суға бір тұншықтырып та алғанмын оқып отырып. Енді қараңызшы, сол мұңлы кекесінге келіспеске дәрменім болмай тұрғаны...

Алдымен мысал болсын. Бұл бір ғана дәйек емес, бірнешесін көз алдыңызға әкелер едік, көпке топырақ шашудан бойымызды аулақ салғанды жөн санадық. Айтпақшы, қоғамдық көлікте болған жағдай бұл тақырыптан таған тартуға түрткі болған.

Автобустың алдыңғы орындықтары ардагерлер мен аяғы ауыр келіншектердікі. Сіз отыруға асықпаңыз. Бос болған жағдайда ғана болмаса көлденең әрекетіңіз көзге оғаш көрінуі ғажап емес. Алда-жалда жайғаса кетсеңіз, жаладан жалтарып кете алмайсыз. Десе де, бірде жастығымызға иек сүйеп алдыңғы қатардағы бос орындыққа өңмеңдей бергеніміз сол-ақ еді, «тәйт» деген жағымсыз дауыс жағамыздан алды. Тақия мен шапанын үйлестіре киген ақсақал аузындағы қабаған итке ие бола алмай, тілін безеді келіп. Жастардың олқылығын ортаға салды. Бірақ үстінен мүңкіп тұрған арақтың иісін бәріміз елемегенсіп отырдық. Жанындағы өзі тектес екі шалға да ащы сөзбен тиісіп отыр.

Қарияның бұл қарекетіне намыстан жарылардай болдық. Біз ғана емес, сол жердегі адамдар да күпті болды. Шалдың сөзін шалық ұрғанның сандырағына баладық та қойдық. Шапанын сыйлап, құрмет көрсетуге оқталғандар болыпты, бірақ олақтығынан безінсе керек. Мұндай оқиғаларға жүздеп кездесуге болады. Шапансыз шалдардың да ойға шолақтығын сіз бен біз жақсы білеміз. Оған дәлел – бүгінгі қоғамның күйі. Басындағы күнқағарының сиқына қарап шошисыз. Бүгежіктегеннен не табамыз, бір өксік көкірегімізді удай ашытып тұрғаны.

Қу жараны жалап жазғаннан не қайыр?! Арық атқа жабу жапқанмен алысқа шаппасы анық. Кісіге мәмілесі жоқ қарияларды көргенде кеудеңді көлеңке билейді. Бауыры бұлақ бабаларым-ай деп бір тулайсың. Несін жасырамыз, қазір тақия кигендер түкірігін тісінің арасынан тастайды. Кенеусіз кер айғай, жалтылдаған қызыл сөздің иесіндей. Батасы да дәмсіз. Ақыл сұрап барсаң айтатыны ат үстінен құлағаны. «Өсетін елдің қарты – қазына, өшетін елдің қарты – қазымыр» демей ме?! Қай уақытта да ақылға ергеннің азбайтыны кәдік. Ал біз ақылды қайдан аламыз? Әрине, аузы уәлі, сөзі алтын ақсақалдардан. Ұстазым: «Менің академиям – ауылдың ақсақалдары», – деп көрген-білгенін көппен бөлісіп отыратын.  Адам идеясыз өмір сүре алмайды. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» дегендей, қоғамның тәрбиешісі қордалы қариялар.

Баяғыда ақсақалдар ауылға қонаққа келгенде алғашқы сұрағы: «Бұл мекенде адам бар ма?», – деп сұрайтын көрінеді. Сөзге құлақ асатын жалы биік, кеудесі кең кісіні қазақ «адам» дейді екен. Жақсының негізгі сипаты сөз мәнісіне баратындығы. «Ауылда адам бар болса ауыл ала болмайды», – дейді Бұқар жырау. Бір ауылды бір-ақ адам түлеткен. Сол кісіге қоғам еліктеген. Міне, бүгін сол түзілімді халық аңсайды, біз аңсаймыз. Шіркін, арамызда қазақтың ауызбіршілігі мен берекесін алақанында ұйытқан тілі дуалы қариялар көп болса дейсің. Бойына ізгілік нұры сіңсе, кез келген мәселенің шешімін табуда үлкен рөл атқарса, ұлтымыздың аспанында жүрген ала бұлт сейілер еді.

Ақсақалға зәрумін

Кешегі қарттарымыз заманын ойлап бәйек, айтса сөзі дәйек болатын. Бір ауылды уыздай ұйытып, жұртының жүрегін сүйген болатын. Тентегін тезге салған, тентірегенін жөнге салған. Қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған болатын. Ал бүгін ше?!  Жұртының жүрегін емес,  биліктің білегін сүйген ақсақалдар көп. Баяғыда шалына қарап шаңырағын сыйлайтын едік, ал қазір шаңырағыңа қарап шалын сыйлайтын жағдайға жеттік. Бүгінде біз сондай ақсақалдарға зәру болып қалдық.

«Бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кемпірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелейтін-ді» деген сөз бар. Ал бүгін ше?! Біреуінің  өнеге болатын өсиеті жоқ, біреуінің жаныңа жақын тартар қасиеті қалмай барады. Қазіргі қарттарымыз бұрынғы қариялардың орнын баса алмай жатыр. Тентегін түзей алмай жатыр. Тек деп айта алмай  жатыр.

Бәрі сол бала-шағаның қамы, жекебастың күйі. Бәрі билікке жақын әкімсымақтардың жанын жағалап кеткен сияқты болып тұрады маған.

Бұрынғы ақсақалдардың үстінен дала мен тердің иісі аңқып тұратын, арысы Құраннан, берісі жыр-қиссалардан, термелерден үзінділер айтқанда тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын. Ал қазір сондай қартты таба аласыз ба? Тіпті, әлди әнін, бесік жырын айтатын ана табудың өзі қайранға айналып бара жатқандай.

Қазақ – кеңдігін де елдігін де, тәрбиесі мен тағылымын да, танымын да сөзге сыйғызған еді. Сөз құдіретін өз құдіретім деп білген. Ал қазір адамның сөзінен пәтуа кеткен.

Бекжан ТҰРЫС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Шыны керек, өмірлік пайымы өлген үлкен кісілер көбейіп барады қоғамда. Сақалы қабындап қалың өссе де, көкірегі қурап қалған тұт ағашындай. Ойға таяз. Аталар картақұмар, әжелер киноқұмар болып кеткен. Бұрын аталарымыздың карта ойнамақ түгілі, «сіңбіруге» уақыты болмайтын. Әжелеріміз болса, ұршық иіріп, балаларына, немере-шөберелеріне киім тоқитын. Қазір бәрі басқаша. Содан да болар, «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген тәмсіл ортаға шықты емес пе?! Көп жыл жасап, еш жетістікке жетпеген қарияларымыз ұрпаққа қалай үлгі? Түрлі әлеуметтік желілерде күлкі болған бір видео естеріңізде шығар?! Дастарқан басында отырып, асқа бата бере алмай, оған қоса соңында «әмин» деудің орнына «алып қойыңдар» деп айтқан атамыз ел назарына іліккен болатын. Жасына қарамай, жастар секілді тойда билеген қарттарымыздың, ішімдікке салынған үлкен кісілердің осындай жаман әрекеттеріне қарап налисың. Болашақ ұрпақ кімнен үлгі алуы керек сонда?! Қоғамға ашық жол сілтей алып, дұрыс бағыт беріп, сақалымен емес, айтқан мақалымен  жөн бере білетін ата-әжелер қайда?!

Иә, өткенді реттеп алмай, болашақ түзелмек емес. Бұрынғыны айтпай жаңа сөз ойға оралмайды. Қарияның қадірі кетсе, ұлттың ұршығы сынады. Олар – болат өзек. Ал қоғам болат өзегі бар арқан сияқты. Ішіндегі болатты суырып алсаң, былқылдайды да қалады. Ұлттық қорларымыз да осылар. Былайша айтқанда, мемлекетіміздің іргетасы.

Ескілікті меңгерген адамдар жаңаның қазығы емес пе?! Ендеше, халықтың мінезін түзейтін ақсақалдарымыз көп болғай дейміз. Елімізді жалы жоқ қариялар мен жалыны жоқ жастардың отанына айналдырмайық!

Мұхтар КҮМІСБЕК