ҰСТАЗДАРҒА МЫҢ АЛҒЫС АЙТАМЫЗ

Уақыты: 26.05.2019
Оқылды: 3762
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Осыдан бес жыл бұрын облыс орталығынан шалғай жатқан елдің шетіндегі ауылдан ұлымның арманына қанат байлап, Талдықорған төріндегі Білім-инновациялық лицейіне алып келген едік. Зымыраған уақыт арада бес жыл өте шығыпты.

Бір кездері сарыауыз балапандай айналасына үрке қараған бір-бір үйдің еркелерін лицей басшылығы мен ұстаздарына аманаттап, білімді де тәрбиелі оқушы, болашақта ұлттың көшін бастайтын тұлға дайындап беру үшін сеніп тапсырғанбыз. Енді, міне, сол ұлдарымыз бала қыранға айналып, үлкен өмір кеңістігіне қанат қақпақшы.

Бүгін соңғы қоңырау! Мен үшін және мен сияқты ұлдары лицейді аяқтап жатқан ата-аналар үшін бұл соңғы қоңыраудың үні ерекше болмақ. Өйткені, Жетісудың әр аумағынан келген ұлдарымыз осы білім ордасына келесі жолы оқушы болып емес, бізді қанаттандырған алтын ұя деп сағынған көңілмен қонақ болып қана келеді. Бәлкім, кейбіреуінің болашақта ұстаз болып оралуы да мүмкін. Жолдары болсын!

Біз ата-аналар – осы лицейді бітірген кез келген ұл ертең елінің жарқын болашағы болатынына сенімдіміз. Себебі, бұл білім ордасының ерекшелігі – білім мен тәрбиені балаларымыздың санасына сіңіре білді. Сыңар қанат құстың биікке ұша алмайтыны сияқты, білім – тәрбиесіз, тәрбие – білімсіз нәтиже бермейді.

Осы лицейде бес жыл бойы әрбір үйдің бір-бір еркесінен білімді  азамат тәрбиелеп шығарғаны үшін барлық ұстаздар қауымына алғыс айтамыз. Білім бәйгесінде алдыңғы топтан түспей, сіздерден шыққан әрбір шәкірт есімдеріңізді мақтанышпен айтып жүретін тұлғаға айналсын. Әсіресе, қазір басқа облыстағы лицейге ұстаз болып кеткен ұлдарымыздың алғашқы сынып жетекшісі Ерхан ағайға алғысымыз шексіз. Ең жауапты кезде ұлдарымыздың еркелігін көтеріп, есті азаматқа айналу үшін аянбай еңбек етті. Қазіргі сынып жетекшілері Еркебұлан ағай мен Бақытгүл апайға, жатақханадағы тәрбиешісі Азаматқа да ата-аналар атынан ілтипатымызды білдіреміз. Біз бүгін осыдан бес жыл бұрын еккен дәніміздің жемісін көріп отырмыз. Ол осы лицейдегі әр ұстаздың, бала тәрбиесі мен білімінің бағбаны болған тынымсыз еңбегінің жемісі. Сол үшін осы лицейдегі әрбір ұстазға құрметіміз ерекше. Еңбектеріңіз жана берсін!

Райгүл ӘМІРЕЕВА

Нарынқол ауданы

Алматы облысы