ҚУҒЫН-СҮРГІН: АТАМЫЗ АБАҚТЫДА КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1662
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы мен отызыншы жылдардың басы қазақ халқының өміріне үлкен қайғы-қасірет әкелді. 1929 жылы басталған ұжымдастыру науқаны, одан кейінгі қазақ байларын тәркілеп қудалау, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» – деген сталиндік-голощекиндік геноцидтік репрессияның соңы аштыққа әкеліп тіреді.

Зерттеушілер мәліметіне қарасақ, сол жылдары аштықтан, қуғын-сүргіннен екі миллионнан астам қазақ опат болған. Біздің халықтың бір жаман әдеті – ел ішінде беделді адамды етегінен тартып, шалып құлатуға бейімдігі, артына шам алып түсіп, әрбір кемшілігін шұқылап, көреалмайтындығы дер едім. Қазақтың осындай кемшілігін орыс империясы тиімді пайдаланды. Біріне-бірін айдап салып, айтулы жандарды түрмеге жаптырды. Соның кесірінен 30-шы жылдары халқымыздың көптеген зиялылары ұсталып, атылып кеткені белгілі. Сауаты жан-жақты, көкірек көзі ашық ондай азаматтар сол кездегі қоғамның дамуына байланысты саяси көзқарасы үшін қудаланса, шалғай ауылдағы сауатсыз немесе шала сауатты, өз шаруасымен ғана айналысып жүрген қаншама қазақ жазықсыз жапа шекті?! Солардың қатарында менің үлкен атам Мәсімбай Жәйшібекұлы өз туыстарының шағымымен тұтқынға алыныпты.

Кеңес одағы тұсында атамыздың не себеппен ұсталғанын, қандай айып тағылғанын сұрай алмай іштен тындық. Тәуелсіздіктің арқасында мұрағаттарда құпия сақталған құжаттармен танысып, ақиқатқа көз жеткіздік. Ол құжаттарда атамыздың өмір дерегі, ұсталу себебі, тергеудің қалай жүргені, кімдердің үкім шығарғаны толық баяндалған.

Атамыз 1861 жылы дүниеге келген бұрынғы Кеген ауданы, Көлбастау ауылы Кеңес одағы орнағаннан кейін Алматы округі, Еңбекшіқазақ ауданы, №16 ауыл деп аталыпты. Тұрған жері деген графада осылай жазылған.

Мал шаруашылығымен айналысып, шала сауатты болған атамыз 1916-1922 жылдар аралығында болыс болыпты. Ұсталғанға дейін, яғни, 1931 жылдың 6 қаңтарына дейін өз шаруасымен айналысқан. Соншалықты асқан бай да болмаған. Тұтқынға алынар кезде жасалған санақта 20 жылқы, 30 ірі қара, 200 уақ малы болғаны көрсетілген. 1930 жылдың күзінде ұсталатынын сезіп Көлбастаудың басынан Қырғыз асатын Қарақия деген асумен асып, Ыстықкөлдің жағасында тұратын бір қырғыз танысының ауылын паналайды.

Арыз жазғыштар қоя ма, паналаған жерін ОГПУ-ға хабарлайды. Сол жерден ұсталған атамызды Қарақол түрмесіне қамап, үстінен іс қозғайды. Қылмыстық істі ОГПУ-дың қызметкері Николаенко жүргізеді. Біраз күннен кейін Алматыға апарады, сол жерде тергеуін жалғастырады. Сол кезде он жасқа келіп қалған немересі, ағам Тұрсынәлі атасының қалай ұсталғанын:

– Үш солдат түн жарымында үйге басып кіріп, атамды бір атқа мінгізіп, қолын артына байлап, екі аяғын аттың бауырынан алып байлап, жетектеп әкетті, – деп еске алады.

Атамызға тағылған негізгі айып – ұжым­дастыруға қарсы халық арасында үгіт жүргізуі екен. Ел басына түскен ашаршылықтан халық күйзеліп, өлім-жітім көбейген тұста ауыр жағдайды алға тартып: «Жұрт қолындағы азын-аулақ малын ортаға берсе, сол малмен жанын бағып отырған елдің жағдайы не болмақ?! Біз көшпенді халықпыз, ұжымшар бізге әзірше тиімсіз!» – деген пікірді ұстаныпты.

Осы пікірінен тергеу кезінде де айнымаған. Одан бөлек тағылған айыптар бірқатар. "Соның ішінде 1930 жылы астыққа салынатын салықты толық орындамай, салықтан жалтарды" – деген кінә бар. Одан бөлек, үстінен жазылған арызда: «Болыс болған кезінде малай ұстаған, байдың баласы» – деген айып қоса тіркеліпті.

Қужақ Голощекиннің 30-шы жылдың басындағы геноцидтік саясатына шыдамаған халық жаппай Қытайға, Қырғызға жан сауғалап қашқаны белгілі. Атамыз сол жылдары біреулер арқылы Қытай жақтағы қандастарынан хабар алысып тұрған көрінеді. Тергеуде бұл жағдай да кінә ретінде көрсетілген. Егер Қырғыз аспай, Қытайға кеткенде түрме азабын көрмей,  бала-шағасының қолында қайтыс болар ма еді?! Дегенмен, көрсетілген айыптарды атамыз мойындамаған. Істі сотқа жібермеген «үштік»: «Үш жылға Орал өңіріне жер аударылсын!» – деген үкім шығарыпты. Қол қойғандар: Николаенко, Рязанцев, Исабеков, 10 наурыз 1931 жыл.

Тағылған айыпты мойындату мақсатында «үштіктің» қандай әдіс, айла қолданғанын көркем әдебиеттен, деректі фильмдерден жақсы білеміз. Мойындамаған жанға азаптау тәсілі қолданылады. Сондай азаптауға шыдай алмаған болуы керек, атамыз үкім орындалмай түрмеде қайтыс болыпты. Атамның Әбдіғали, Қадыр, Рақымберді есімді үш ұлы «қайтыс болыпты» деген сыбысты ести сала анығын біліп келуге Қадыр әкемізді Алматыға жұмсайды. Түрмені тапқанымен басшыларына кіре алмай, ешқандай дерек таба алмай жүргенде, абақтының бір күзетшісі жеке шақырып алып, атамыздың камерада қайтыс болғанын айтады. Қайтыс боларының алдында атамыз әлгі кісіге бөркі мен белбеуін беріп: «Ауылдан біреулер келсе табыс етерсің», – деп аманаттапты. Бірақ жерленген жерін білмейтін болып шығады. Туыстары келесі жылы, ел жайлауға шыққан соң Көкжазық деген жайлауда Құран бағыштап, ас береді.

Осы әңгімелерді жақын туысымыз Әкіпбай Разақовтың, ағам Тұрсынәлінің естеліктерінен естіп, білдік.

Бабамыздың артында қалған бала-шағаның, ағайын-туыстың қандай кінәсі бар еді?! «Халық жауының баласы» деген айтуға қорқынышты сөз өмір бойы олардың бойында жүрді. Соның кесірінен қудалауға түсті, қорлық көрді. Ол өзінше бөлек әңгіме.

1997 жылы атамыз Мәсімбай Жәйшібекұлының ақталғаны жөніндегі анықтама газетке жарияланды. Сол жылы қазан айында кіндігінен тараған ұрпағы бас қосып, Кіші Жалаңаш ауылында ас берді. Жерленген жері белгісіз болғандықтан, туып-өскен жері Көлбастауға, Жалаңаш–Саты тасжолының бойына ескерткіш тас орнатылды. 1997 жылдың аяғында ҚР Бас прокуратурасына ақтау жөніндегі анықтама сұрап, өтініш жолдағанбыз. Арызымыз қаралып, 1998 жылғы 10 ақпанда төмендегідей анықтама жіберді. Орысша жазылғандықтан, сол күйінде беріп отырмын.

«Приговор суда, постановление НКВД и последующие судебные постановления в отношений Жайшибекова Масимбая признаны необоснованными и на оснований Закона Республики Казахстан "О реабилитации жертв массовых политических репрессий» – он реабилитирован. Д. ЕСЕНЖАНОВ, начальник отдела, старший советник юстиции".

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Жазықсыз қаза тапқан ата-бабаларымыздың жандары жаннатта болуын бір Алладан тілейік. Келешек ұрпағымызға, жалпы қазақ халқына зобалаң тумасын. Бейбіт заманда береке-бірлікте өмір сүрейік.

Әукен МӘСІМБАЕВ,

Бөлексаз ауылы

Кеген ауданы