АР ҮНІ (қуғын-сүргін құрбандарына арналған азалы жыр)

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1707
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мүжілген тасқа қына біткен бе, бетіне бедер жел салған,
Шырылдап келсе шын алып жерге қаймана үшін енші алған.
Уай, менің кенді кеудемді басқан жұмырбастының әзизі,
Тағдырың қандай бұралаң еді, шерменде ме едің шер сауған?!

Мұңсіңді қоңыр үніңді естіп аспаншыл тауым теңселген,
Таскешті заман зарыңды жұтса, не қайыр асқақ еңсемнен?
Қадым дәуірден қаныңа мені сусатып көрген емес ең,
Ұршық-ажалдың иіргеніне көндіге бердің неге сен?!

Уай, көзі ашық асыл арыстарым-ау, аштан да қатқан нар-абыз,
Сұрқай даладан суыр аңдытқан қасиетсіз көктем – қара күз.

Кеудесі кенді арыстарым-ау – арыстаным-ау жайраған,
Лағынет атқыр қай сатқын сені қорғасын оққа байлаған?!

Жым-жырт аспаннан жол көрсеткен темірқазығым сендер ең,
Сендерсіз енді қайда барамын, құба түз жортып сенделем.

Жоқ-жоқ, Баба, Көкбөрі емген абадан мінез азулым,
Текті жұрт үшін ұңғы-ажалға ұмсынғаныңды да жазу – мұң.

Бірақ та баба, Ұлы Даланың уыс топырағына көз сүртіп,
Сағым оранған балбал тасыңа көрік кеудемнен жез бүркіп:

Рухымның жалқы алмастай сөзін шамырқана шығардым,
Сейіліп сеңгір, тарқаған шақта мұнар да мұнар, мұнар күн.

Есімдеріңді еске алып жатыр есті ұрпақ асқақ еңсемен,
Ерліктеріңнің батпан салмағын еркіндігімен өлшеген.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ