ТАЛДЫҚОРҒАН: АУЫЗСУДЫ ӨЗЕННЕН ТАСЫП ІШЕМІЗ

Уақыты: 02.06.2019
Оқылды: 1341
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қаласының шетінде орналасқан Үйтас саяжайында қордаланған мәселе көп. Электр, су, инженерлік-коммуникациялық қызметінің, айқыш-ұйқыш, шаңы аспанға шығып жататын жолдарының сапасын айта берсек, алты айға жуық уақыт кетер.

Қысқасы, жыл сайын қала әкімінің халық алдында өтетін есептік кездесуінде біздің саяжайдың жай-күйі үнемі қозғалады. Десе де, «бәрі жақсы болады, жасаймызбен» айтылған мәселелер жылы жабылып келеді. Қарапайым халықтың үміті үзілмейді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері болғалы тұр.

Саяжай тұрғындары бәрі бір-ақ күнде шешіліп кетсін деп талап айтудан аулақ. Бізде тек ауызсу мәселесі жақын арада шешілсе деген тілек бар. Себебі, біз ауызсуды Қаратал өзенінен тасып ішеміз. Қысы-жазы көрген күніміз осы. Бір үйдің қарты, екінші отбасының баласы ыдысын арқалап, ағынды суға барады. Ешқандай қауіпсіздік шаралары да сақталмағанын айта кеткен жөн.

Пайдаланып жүрген судың қаншалықты денсаулыққа зиян екені айтпасақ та белгілі. Өзімізден бұрын бала-шағамыздың денсаулығын, амандығын бірінші орынға қоятындықтан ең әуелі перзенттеріміз үшін алаңдаймыз. Сондықтан да, тез арада осы мәселенің шешімі табылса дейміз.

Сания САҒАДИҚЫЗЫ,

көпбалалы ана

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды