"ҮЛКЕНДЕР ҮЙРЕТПЕЙДІ": КІНӘ КІМДЕ?

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1286
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Зәу жүзінен төгілген алтын сәуле бүлдіршіннің тұлымында мың құбылғандай. Көк аспанның астында, қасиетті топырақ үстінде асыр салған балауса көктем шақтың кейіпкерлері – балдырғандар асыр салып ойнап жүр. Тілдері қандай тәтті еді?! Көңілді қытықтайтын ерке дауысы жарқын-жарқын шығады. «Егемен елдің ерке бүлдіршіндері-ау, ойнаңдар, күліңдер, жарқын үнмен ұрандап, аршындап басыңдар» деген ойдың көмейге келгенін білмей қалу былай тұрсын, мейірленгеніміз сонша, жандарына қалай барғанды да аңдамай қалыптық.

Шығармашылық адамның табиғаты қызық деген көпшілік пікіріне дәл осы арада иланғандаймыз. Қызық болса, қызық шығар. Тебіренісін жасырмай, арқаланғанда тулаған теңіздей күйге түсер, толғанысын тіршілікте «тілерсектен» тұсар олар емес қой. Біз де сол шабыттанып Талдықорғандай әсем шаһардың үрпекбас бүлдіршіндерімен тілдестік.

"Жастарың қаншада, мектепте оқисыңдар ма?" деген сауалға жамырай жауап қатқан олар өздерін таныстырып жатты. Бірі жасының алтыда екенін мақтана айтса, бірі бірінші сыныпты бітіргенін, ендігі бірі ұяң көзқараспен қысыла, тісінің арасынан «2-сы-ы-нып» деген сөзді сыздықтата шығарды. Момақандардың монтанси сөйлеген сөзін қызық көргеніміз бе әлде тергегенде қамау терімізді алар «қытымырлардың» жолына байқамай түскеніміз бе, сол сүрлеумен біз де үрпекбастармен былдыр-былдыр әңгімеге барыстық.

Былдыр-былдыр дейміз-ау, тісінің арасынан сыздықтата сөз шығарған әлгі бір ұяң бала болмаса, қалғаны егемен елдің ерке қозысы екенін іштей ұғынғандай жұлқынып тұр. «Әнұранды білесіңдер ме?» деген сауал ауыздан шықпай жатып, саңқылдап қоя берді дерсің. Жамырай шырқап қоя бергенде бірі ертерек әндетіп, бірі жай қосылғаны болмаса, сәлден кейін асқақ әуен бір арнада әуеледі. Кісінеген құлынның тәтті үніндей жіңішке дауыс таза жүректі жарып шыққаннан ба, бұл арада да тебірендік.

– Ал байрақ деген не екенін білесіңдер ме? – дедім риза кейіппен келесі бір кезекте. Балауса саусағын шошайтқан бірі шаһардағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы жанында орналасқан биіктігі 91 метрлік бағанада желбіреген Көк туымызды меңзеді. «Әне, тұр» дейді қалғандары да. Оған қоса: «Біздің байрақ чемпиондарымыздың арқасында бәрінен озып кетеді ғой» деген демеуші сөзін естіп іштей марқайдық. Ақыры әңгіме рәміздер төңірегінде өрбігеннен кейін олардың қағылездігін тағы білгім келіп: «Елтаңбамыздың қандай екенін, онда не белгіленгенін айта аласыңдар ма?» - дедік. Және осы сауалды қоюым қате болғандай, білгішсінген бүлдіршіндер бір-біріне жаутаңдай қарап, ауыз бағып қалды дерсің.

Бірақ қанша барласқанмен, жыбыр еткен ерін көрінбеді. Арада орнай қалған үнсіздікті бұзу үшін әрі ұялтпау мақсатында: «Жарайсыңдар! Бәрін біледі екенсіңдер. Соңғы сұрақ сәл қиындау болатын. Ендігі жолы біліп, жаттап алыңдар, жарай ма?», – деп жылы қайырдық. Сонда іштей: «Кінә сендердің білмеулеріңде емес, үлкендердің үйретпеуінде жатыр-ау. Отбасында құндылық тұралы құнарлы әңгіме айтылып, Отанның ұлы қасиеттері, қадірлі заттары туралы бір рет болсын дуалы ауызға ілінгенде, бәлкім, сайрап тұрар ма едіңдер?! Сендер түгілі осынау бейбіт күннің астында егемендік пен елдіктің нышаны болған Елтаңба мен тудың авторын білмес азаматтар алшаңдай басып жүр. Қазақ болғанын жалаң мақтанмен айтар солардың бірін тоқтата қалып сұрасаң, сендердей мақтанышпен жауап қатпасы да белгілі. Көбі Гимн жиі шырқалатын болған соң оның авторын білгенін мақтаныш тұтуы да бек мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда Елтаңба туралы, оның авторы, белгілері мен оның сыры тұрғысында жарты сөзді жаңқа қылып тарту ете алмайды. Одан қарағанда сендер білімдар, сендер патриотсыңдар!» деп тебірендік дерсің.

Тебірене отырып теңге бұлт жүзген аспанға бір мақтаныш, бір жабырқау екіұшты көзқараспен зер салдық. Іле егемен елдің ертеңі жас ұрпақтың қолына өтеріне іштей марқайдық та.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Сурет ғаламтор беттерінен алынды