ТЕЛЕФОНҚҰЛДЫҚ ЖАНАРЫҢНАН АЙЫРАДЫ

Уақыты: 08.06.2019
Оқылды: 1457
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ең алғаш ұялы телефонның қашан құрастырылғанын білесіз бе? Жатсақ та, тұрсақ та қолымыздан түспейтін ұялы құрылғыны осыдан 50 жыл бұрын швед өнертапқышы Стюре Лаурен ойлап тапқан. Ғалым ел игілігіне жарайтын, бір-бірімен байланысты күшейтуге қолданылатын ұтқыр құрал ХХІ ғасырда үлкен маңызға ие болатынын білмеген болу керек.

Қарбалас уақытта бір-бірімізді тез тауып беретін ұялы телефонның ендігі зияны да қаншама десеңізші? Қазіргі таңда телефонсыз, интернетсіз қолымыз байланары анық. Рас, оның ішінде не керектің бәрі бар. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс, алайда адамдардың ойлау қабілеті күрт төмендеп отырғанын дәрігерлер де жасырмайды.

Талдықорғандағы «Қайнар» емханасының бөлімше дәрігері Анар Белгібаеваның пікірінше, қазіргі таңда оқушылардың көру жүйесі 60 пайызға дейін нашарлап отыр. Себебі, телефонды  шектен тыс көп қолданады.

– Біз келген қаралушыларға жағдайына байланысты дəрі-дəрмек, көзілдірік жазып береміз. Алайда оның алдын алу үшін ата-аналар балаларын қадағалап, шектеу қою керек. Жасөспірімдерге, жастарға айтарым, бос уақыттарыңда спорт саласына ден қойып, білімді, байсалды, тəрбиелі, еңбекқор болыңыздар. Телефон көзге зиян, – дейді Анар Жәкенқызы.

Бүлдіршіндерден бастап, қарияларға дейін осы телефонның құрбанына айналып бара жатқанын естіп қана емес, көріп те  келеміз. Интернет ойындары, кино, музыка, тіпті, таңертең оятатын әуеніміз де осы телефон арқылы жүзеге асады. Әр затты адам пайда үшін қолданады. Ең бастысы, телефонды залалына жеткізбей тұтыну өзімізге байланысты. Заманның талабы осы екен деп барлық назарымызды салып, артық жасаймын деп тыртық жасаудан аулақ болу керек.

Мөлшерінен көп қолданғаннан көзге көрінбейтін электромагнитті толқын байланысымен телефон жарылып, адамдар жараланған сәттер де аз емес. Одан басқа ми жүйесіне әсерінен обыр аурулары пайда болуы мүмкін. Мұны медицина мамандары да растап отыр. Заманның талабы шығар, алайда денсаулық – əр жанның таптырмас байлығы.

Гүлім АСХАТҚЫЗЫ