ФЕНОМЕН: ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ ШЫН ЕСІМІ КІМ?

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 3197
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Халқымызды әлемге танытып, ұлан-ғайыр даланың қазақ деген талантты баласы бар екенін дүйім жұртқа мойындатқандар аз емес. Ұлттың ұлылығы да осы тұлғаларды насихаттауымен, оларға қолдау көрсетіп, талантының шыңдала түсуіне дем беруімен көрінеді. Солардың қатарында 22 жасында қазақ тілінде әлем сахнасында ән шырқаған Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН де бар.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: Дінмұхамед Қанатұлы ҚҰДАЙБЕРГЕН 1994 жылы 24 мамыр күні Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Өнерлі отбасынан шыққан. Димаштың ата-анасы елімізге танымал әншілер. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев – Ақтөбе облыстық филармониясының басшысы, анасы Светлана Айтбаева – облыстық мәслихат депутаты. Димаш үйінде тұңғышы болғандықтан, ескі қазақы салтпен ата-анасының емес, атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен. Димаштың Раушан атты қарындасы, Әбілмансұр есімді інісі бар. Ең алғаш рет спектакльде ойнауымен таныла бастады. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш ән салған. Ана тілін есептемегенде, серб, итальян, француз, ағылшын, орыс, қытай және басқа тілдерде ән орындайды. Қазақтың қара домбырасы және фортепиано аспаптарында шебер ойнайды.

FENOMEN. Көк туымыздың биік желбіреуі үшін әр салада ізденіп жүрген жастардың легі күн санап өсіп жатқандығы болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Тіліміз бен ұлттық өнерімізді әлемге танытқан жас жұлдыздардың ішінде Димаш Құдайбергенұлының жарқ етуі – біз үшін үлкен қуаныш.

Димаштың бойындағы өнерге, музыкаға, әнге деген құштарлық – ананың сүті, әкенің мейірімімен берілген табиғи қабілет. Ел алдында өнерлі отбасы ретінде танылған Қанат пен Света Айтбаевтардың тұңғыштары «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының ақиқаттығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Дарынды жастар – ұлт болашағы. Қазақ мәдениетін биікке асқақтатып, қазақ өнерін әлемдік деңгейде танытуға өзіндік үлес қосқан өнер иесі Димаш, Димаш-и бүгінде ел аузында.

Күн сайын емес, сағат сайын атақ-даңқы өскен оның дауысының құпиясы неде? Оған қытай мамандары: «Димаш – Тәңір өзі назарына алған жас әнші», – десе, әлемдік сарапшылар да Құдайдың берген сыйы ретінде бүгінгі күнге дейін аса жоғары бағалап келеді.

Димаш дауысының құдіреті – көп ойлануды қажет етпейтіндігінде. Қай тілде айтса да, сөзін ұқпасаң да, терең медитацияға кетіп, арқаң шымырлап, көңілің босап, кейбірінің көзіне жас алдырады.

Димаштың ерекше қасиеті деп қазақ тілін терең меңгеруін айтар едік. Қазақ тілді әнші басқа тілдердің дыбысталуын нақты жеткізетіні белгілі. Ал, басқа тілді әнші қазақ әніне келгенде, тыңдарман жүрегінен орын таппай жатады. Өйткені, қазақ тіліне тән «Ө, Ү, Ұ, Ң, І, Ә, Ғ» төл дыбыстарын меңгерген қазақтар қай тілде айтса да, анық жеткізе біледі. Дауыстың тұнықтылығына үлкен әсер береді.

Бір әнді бірнеше әнші айтқан жағдайда көпшілік салыстыру дұрыс емес деп жатады. Не болмаса түпнұсқадан асып шырқау мүмкін емес деген пікірді ұстанатындар да баршылық. Бұл – қате пікір. Әрине, әркім өзінше шырқайтындығында дау жоқ. Десе де, орындау шеберліктерін салыстыруға болады емес пе? Димаштың дауыс диапазоны бес октаваға дейін көтеріле алады. Оған Қытайда өткен «I am a singer» байқауында «Опера №2» айтуымен Витасты асып түскендігі дәлел бола алады. Тіпті, бұл феноменді барлық медиа жарыса жазған. Сала мамандары Витастың дауысында мүлде экспрессия жоқ және керек жерінде қоса алмауы үлкен мін деп пікір білдірді. Олар: «Витастың дауысы жаттықтырылған фальцет (жасанды дауыс), ал Димашта сирек кездесетін контртенор (еркек дауысының феномені) бар. Бұл сирек кездесетін дауыстар. Ең қызығы – осындай дауыс иелерінің өздері де аса танымал әншілер емес», – дейді.

Ал Грегори Лемаршальдың атақты әнін Димаштың биіктікке көтеріп айтқанын аттап өту мүмкін емес. Лара Фабиан да, Сара Брайтман да әлемдік сахнада айтқан «Адажио» терең ойлы философиялы өлең екенін түсінесің. Бірақ әншілер эмоциясы да, экспрессиясы да аз, бір қалыпты баппен айтады. Өлеңде қалай да эмоция болу керектігі бар емес пе? Димаштың эмоциясы шынайы және күшті. Әр өлеңге өзіндік интерпретациямен келеді. Міне, қазақты әлемге танытқан қасиет қайда?

Тағы бір айта кетерлігі, Димашта сопрано, контртенор, контр-альт сияқты үш дауыстың болуы – басты қасиеті. Яғни, әйел мен еркекке тән дауыстардың барлық гаммасы бар. Осыған қатысты Қазақстанның Халық әртісі әрі вокалдан беретін білікті ұстаз Лаки Кесоглу: «Димаштың даусы әншілерде сирек кездеседі. Оның дауыс түрі контртенор деп аталады. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық», – деп атап өтіп, кәсіби маман ретінде биік бағасын берді. Сондай-ақ, әншіге сахнада ерекше киіну де – үлкен жауапкершілік. Ал Димаштың үлкен көзді, пәктіктің белгісіндей әдемі сұлу жүзін көргенде, періштенің өзі келіп, ән айтқандай әсерге бөлейді. Тамылжыған дауысына тұлғасы сай келеді. Оның ғажайып дауысымен поп-вокалды да, опералық әнді де еркін айта алатындығын, әртүрлі аспапта ойнай білуін және музыка жазатын композиторлығын қосыңыз! Бүгінде Димаштың жанкүйерлері екіге бөлініп алғаны соны айғақтайды. Біреулері оның сирек кездесетін вокалдық талантына таңдай қақса, енді бір тобы Димаштың түр-әлпетіне ғашық. Оның портреті анимациядан бастап, түрлі жарнамаларға да қаптап кетті. Бүкіл әлем бойынша «Димашты қолдаушылар қоғамы» құрылуы – соның жарқын дәлелі.

Конкурстың бәсін, бағасын арттырып жатқан Димаштың дауысы – қазақ халқы дауысының ұлттық қазынасы ғана емес, сондай-ақ, әлемдік бренд. Оның талантын мойындағандар – Лара Фабиан, Джеки Чан сияқты әлемдік брендке айналған жұлдыздар. Қазақ музыкасында Жәнібек Кәрменов, Роза Рымбаевалар жасаған серпілісті, әлемдік музыкада поп-король Майкл Джексон сияқты жаңалық енгізетін Димаш Құдайберген десек, артық кетпегендік.

DIMASH-I. Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген тәмсіл бар. Осы қағидатты басшылыққа алып, өзге халықтардың айтқандарына құлақ түрсек. Олар не дейді екен?

«Мен вокал туралы мағлұ¬маттан қара жаяу адам емеспін, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап түрлі әлемдік жұл¬дыздарды тыңдап келемін. Димаш дәуірлік әнші, осы уақыттарға де¬йінгі кезеңде ешқашан мұндай тембр, мұндай диапазон, ән орындаудағы бұл сияқты мейірім мен сезім болған емес. Әлемдік жұлдыздар мені кешірсін, бірақ, Димаш – соңғы жүзжылдықтағы ең үздік әнші және мейірбан жігіт. Әр жүрекке қуаныш пен сүйіс¬пеншілік әкелетін жігітті әлемге сыйлағандары үшін оның ата-анасына рақмет!» – дейді Павел Еремеев есімді тыңдарман.

Ресейдің жоғары оқу орнын¬да сабақ беретін музыкант Ольга Донская Димаштың орындауындағы Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» атты әніне талдау жасапты. Арнаулы музыкалық білімі бар маман: «Любовь уставших лебедей» әнінің ал¬ғашқы орындаушысы Лара Фабиан болған. Айта кету керек, Димаштың әнді Лара Фабианнан асыра орындап отырғаны бір бұл емес. Димаштың дауысы сұлу. Әншінің диапазоны – 4 октава. Бұл өте керемет. Әнді орындап тұрған адамның біреу екенін білмей, сен Димашпен қосыла шырқап тұрған тамаша қыз қайда деп іздей бастайсың. Лара Фабиан әнді бір тональдылықта орындаса, Димаштың дауысы түрлі тональдылықта орындауға мүмкіндік береді», – дейді.

Осы орайда Димаштың украиналық жанкүйері Евгения Барсегян пікіріне көңіл бөлсек. Өйткені, ол пікір бүгінге дейін айтылып яки жазылған комментарийлердің ішінде көп қолдау тауып, жан-жаққа таратылған. «Қолдағы жауһарды бағалаңыздар! Біз бүкіл әлем болып көмектесеміз», – дейді ол. Сондай-ақ, Евгения Барсегян Димаш арқылы Қазақстанды әлем танып жатқандығын тілге тиек еткен.

Ол қазақ халқына жазған хатында: «Егер Димаш болмағанда, қазақ әндерін тыңдар ма едім? Қазақша айтылған рэп, ағылшыншаға қарағанда тілі жатық деп айтуым да екіталай еді. Өзіме таныс емес тілде шырқалған әнді еш аудармасыз-ақ түсінуім де бекер емес», – деп өзінің қазақты тек Димаш арқылы танып жатқандығын жеткізген. Сонымен қатар, украиндық қыздың қазақтың музыкалық аспаптарына деген ерекше ілтипаты да жұртты қайран қалдырды. «Менің қазақтың музыкалық аспаптарының қайталанбас үнімен таныспай кетуім де ғажап емес еді. Мәселен, сыбызғы мен қобыз. Ерлан Бекчуриннің өңдеуімен жасалған ғажап туындыны естігенде, еріксіз тізерлеуге мәжбүр етті. Ол жерде «бас скрипка» сыбызғының үнін естіртті. Бүкіл зал болып «Махаббат» әнін қосыла шырқауымыз да – Димаштың арқасы. Егер Димаш болмағанда, маған ешқандай қатысы жоқ шалғай жатқан мемлекетті ғаламтордан іздемейтін едім. Абайдың сөздерін оқымайтын едім. Күй деген не, күйші деген кім екенін зерттеуім де екіталай еді. Сонымен бірге, елордасының сәулетті жерлеріне, археологиялық қазбаларына қызықпайтын едім», – деп өзге мемлекеттің аруы қазақтың бір таланты арқылы Қазақстанды тануға құлшынысы ерекше артқанын ашық айтқан.

Концерттен ерекше әсер алғандығы сонша, Димаш арқылы «қазақтың жан дүниесімен» танысқандығын жасырмады. Ал домбыра шерткендігін ерекше атап өтіп, оның энергетикасына қайран қалыпты. Одан қалса дәл осы үшін әрбір қазақ Димашты құрметтеп, бағалауы тиіс екенін жеткізді. «Ең талантты, жас өнерпазын әр қазақ құрметтеу керек деп ойлаймын. Ол қазақ халқы үшін барын салып жатыр. Қазақтың мәдениеті мен құндылықтарын алыста жүрсе де танытып жүр. Әрине, ол өзі үшін емес, ел үшін қызмет етуде. Мен өз елімде де дәл Димаш секілді өнерпаздардың көп болғанын қалаймын. Бар шығар, бірақ, дәл осындай жарқырап тұрғаны жоқтың қасы. Елінің мәдениетін өзге елге үлгі етіп жүргендер жоқ. Сондықтан да, қазақстандықтар! Қолдағы жауһарларды бағалаңыздар! Қолдап, қадірлеңіздер. Ал, біз бүкіл әлем болып көмектесеміз», – деп Димашқа деген ерекше құрметін аңғартты. Евгенияның ән кешінен кейінгі алған ерекше құлшынысы бүгінге дейін басылмауының себебі де Димаш талантының ерекшелігін көрсетсе керек.

Жоғарыда келтірілгендердің шын жүректен шыққан және вокал өнерінен хабары бар адамдардың пікірлері екенін мойындай отырып, аты әлемге танылған ресейлік композитор, бүгінде Димаштың өнердегі әріптес ағасына айналған Игорь Крутойдың көзқарасына ай-ырықша тоқталып өтсек. Ол Димашқа қатысты екі мәрте өз пікірін білдірді. Әлемге әйгілі композитор алғашқыда «Мен қызылсөзділікті ұната қоймаймын. Бірақ ол – ғарыштық жігіт» десе, екінші жолы, дәлірек айтқанда, Ресей эстрадасының примадоннасы атанған А.Пугачеваның мерейтойлық концер¬тінен кейін: «Бүкіл әлем оның аяғының астында жататын болады», – деп Димаштың дара талантына тәнті екенін жеткізді.

Димаштың Мәскеуде екі күн қатарынан өткен концертіне әлемнің 50-ге тарта елінен оның та¬лантына табынушылардың келуінің өзі қазақ әншісінің қандай деңгейге көтеріліп кеткенін айқын көрсетеді.

Ойымызды толықтыра түсу үшін елең еткізерлік мына бір оқиғаны айта кетсек орынды болмақ. Егде жасқа келген жаңазеландиялық науқас әйел (обыр ауруымен ауырады) Димаштың әнін тыңдағаннан кейін өзін жақсы сезіне бас¬тағанын байқаған. Содан сонау арал мемлекеттен Қазақстанға, Димаштың еліне келу үшін үш ай бойы дайындалады. Ақыры Қазақстанға келіп, Димаштың ата-анасының үйінде қонақта болады. Ең ғажабы сол, кейін еліне оралғанда дәрігерлер науқастың жағдайының бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғанын растаған. Шынайы өнердің құдіреті деп, сірә, осындайды айтса керек.

DEARS. Дінмұхамедтің Қытайда ғана емес, Америка, Австралия, Франция, Ресейде фанаттары көбейіп, атағы жер жарды. Димаштың дауыс ерекшелігінен басқа, киім және шаш үлгісі, сахнада өзін ұстай білуі, лирикалық әндері мен бет-келбеті қытайлық қыздардың жүрегін жаулап алуда. Оның «жанкүйер армиясы» күн сайын емес, сағат сайын өсіп келеді. Оның таланты әлем бойынша миллиондаған жанның жүрегін жаулап алды. Оның шығармашылығын бағалаушылар теңіздер мен мұхиттарды еңсере отырып, өз кумирін бетпе-бет көруге асығады.

Әлемнің түрлі елінен жиналған өзінің миллиондаған жанкүйерін жас орындаушы «Dears» деп атайды. Бұл ағылшын тілінен аударғанда «қымбаттылар» деген мағынаны білдіреді. Димаш Қытай сахнасында алғаш өнер көрсеткенінде жанкүйерлеріне «Dears» деп атаған. Кейінірек бұл барлығының көңілінен шығып, күллі әлемдегі фанаттарына тарады.

Жас орындаушының қазақстандық жанкүйерлері оның жеке концерттері немесе әдеттегі өнер көрсетулері кезінде фанаттарды алыстан байқайтындығын жеткізді. Шетелдік гастрольдер кезінде олар бір-бірін «Dears» деп атап, кумирмен байланысты түрлі кәдесыйларымен алмасады.

«Бір кездері Нұр-Сұлтанда біз Димаштың қазақ тілінде орындаған әндедерінен жинақ дайындадық. Жинақ кириллица мен латын әліпбиінде болды. Одан бөлек, Димаштың жеке концертінің бірінде жинақты шетелден келген жанкүйерлері де бірге ілессін деген ниетпен үлестірдік», – дейді Қазақстандағы «Димаш&Достар» фан-клубының жетекшісі Мадина Құрманғалиева.

25 жасар әртіс гастрольмен белгілі бір елге келген уақытта әуежайдан жанкүйерлері күтіп тұрғанын байқауға болады. Олардың ұзақ уақыт сарыла күтуінің басты себебі – «Айдолын» жақыннан көру, онымен бірге суретке түсу, сыйлық ұсыну. Олардың қолынан гүлдер мен ойыншықтар ғана емес, сонымен қатар, түрлі музыкалық аспаптар, фотоальбом, коллаж, костюмдер және әншіге арналған өлеңдер жинағы, handmade жұмыстар, ұлттық тәттілер көруге болады.

Жанкүйерлердің ерекше сыйлықтарының қатарында Димаштың құрметіне берілген жұлдызды жатқызуға болады. 2017 жылдың күзінде американдық «Name A Star Live» жобасы арқылы қытайлық жанкүйерлер тобы Андромед галактикасының бір жұлдызын сатып алып, оған Димаш Құдайберген есімін берген.

Қазақстандық жанкүйерлер армиясы сүйікті әртісінің басқан әр қадамын өте мұқият қадағалайды. Көптеген фанаттары Димаштың әрбір қойылымына баруға тырысады. Мысалы, «Димаш&Достар» фан-клубының ұжымы Қытай, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания және Қазақстандағы сүйікті орындаушысының концерттерінің сериясын тамашалады.

Бренд дауыс иесінің жанкүйерлері тек жас толқын ғана емес, олардың арасында аға буын да кездеседі. Мысалы, отандық «Димаш&Достар» фан-парақшасында 18 бен 65 жасқа дейінгі қатысушылар тіркелген. Жалпы алғанда, Димаш фан-топтарының құрамында бес миллионнан астам адам бар.

Тағы да бір айта кетерлігі, маусымның 29-жұлдызында Астана қаласында Димаштың «Арнау» атты жеке концерті өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер тамашалауға келеді. Тіпті, «Димаш&Достар», «Дара Димаш», «Ақ тілек», «Димаш Казахстан», «Димаш Әлемі», «Евразиялық Фан Клуб» және «QTCom», РТРК «Казахстан» компанияларының ұйытқы болуымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар «Айдолдың» шетелдік тыңдармандардың алған әсерін ұмытылмастай болуына күш салады. Бір қызығы – «Астана-аренада» өтетін концерттің билет құны 21 мың теңгеден басталып, санаулы күннің ішінде сатылған.

Енді оның Қытайдағы жанкүйерлері туралы да бірер сөз айта кетпесек болмас. Қытай фандарының жартысы әншіге түрлі қымбат сыйлықтар сыйласа, ал кейбір ауқатты жанкүйерлері үйлерінің сыртына Димаштың аты жазылған баннерлер іліп қоятын көрінеді. Сондай-ақ, анимациялық кейіпте кескіндеп жатқандары қаншама?! Қытайдың кейбір журналдары Димаштың «бұрын жүрген қызы» деп Instagram желісіндегі курстасымен түскен бір суретін жариялап үлгерді.

Ол өзін Қытайдағы фанаттары қоршап алған видеосын да жариялады. Оны әуежайда, көшеде жүрген жерінен көрген жұрт қоршап алып, селфиге түсіп, қолтаңбасын сұрап жатады.

Димаштың атағынан ақша жасай бастаған қытайлық кәсіпкерлер де бар. Кейбірі әншінің суреті басылған және қазақ тілінде «Мен сені сүйем» деген жазуы бар қағаз пакеттер шығара бастаған. Қытай базарынан оның аты жазылған кондитерлік өнімдерді де байқауға болады.

P.S: Димаш сұхбаттарының бірінде: «Қазағымның көңілінінен шығу – мен үшін үлкен бақыт», – деген еді. Қазақтың атын жаһанға танытып жүрген ол – ұлт жанашыры. Тіпті, Ресейде өткен «Голос. Дети» байқауына қатысқан Ержан Мақсым «спасибо» деуіне ағалық қамқорлықпен: «Қазақша сөйле», – дегені де бар. Одан қалса: «Қандай елде өнер көрсетпейін, туған елімнің сахнасы мен үшін бір бөлек», – деуі ше? Осыдан-ақ, Димаштың қазақтың басына біткен бағы екені даусыз.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото ашық дерек көздерінен алынды