Туған ел - тұғырың, туған тіл - қыдырың

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 3742
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мәңгілік Ел болуымыздың түп-тамыры тым тереңде. Соның ішінде ана тіліміздің алар орнының тіптен айрықша екеніне ешкім дауласа алмайды. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің ілгерілеп, осыншама өркениет биігіне жетуі, барлық рухани құндылықтарының жарқырай көрінуі айналайын ана тіліміздің арқасы десек еш қателеспейміз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болады!» деген ғажайып сөзі осы тұжырымның дәлелі және баршаны қанаттандырған қағида болды дер едім. Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дегені тағы да еске түседі. Иә, мына тынымсыз тіршіліктің тізгінін ендігі жерде тіл арқылы ғана ұстай аламыз. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, келешек ұрпаққа әуелгі мөлдір тамшыдай қалпында жеткізу де баршамыздың парызымыз. 
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенімізбен атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымыздың өміршеңдері ғана уақыт көшіне ілесіп, ғасырмен бірге жасай бермек. Осы тұрғыдан қарағанда қазіргі таңда тозығы жеткендері өткеннің еншісінде қалып, озық үлгілері ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы болып келе жатқанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. 
Тарих беттерін парақтап, өткенімізден сабақ алатын болсақ, дәстүріміздің өн бойында тәрбие мен тағылым тұнып тұрғанын көреміз. Мәселен, дүниеге періште келген сәтте сүйінші сұрап, қуанышты бөлісеміз. Азан айтып, ат қойып, қаз-қаз басқанда тұсауын кесеміз. Көргені мен көңілге түйгені көп қариядан бата сұраймыз. Қыз болса ғибратты жолын нәсіп етсін деп, ақсамайлы әжеге тұсауын кестіреміз, өмірде жолы болсын деген ниетпен жетектете жүгіртеміз – осының барлығы бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы. 
Ырым, наным деп жатамыз. Бұл не, оның қандай жақсылығы бар деген сұраққа да үнемі жауап іздеген дұрыс. Баланың болашағын алғашқы күннен ойлап, соның жолында бар ізгі тілегін аямаудың бір көрінісі – «Тұсаукесердің» де тағылымы мол. 
Есімде, біздің ауылда үлкендер тұсауды үш түрлі нәрсемен кесетін еді. Көпті көрген алтын құрсақты аналар тұсауды ең әуелі «көгеріп көктесін, көп болсын, көк шөптей жұмсақ, жайлы болсын» деп көк шөппен, «таршылық пен жоқшылық көрмесін, тоқшылықта болсын, сол ырыздығын көппен бірге бөліссін» деген ниетпен тоқішекпен, «бөтеннің ала жібін аттамайтын еліне адал азамат болсын» деген көңілмен ала жіппен кесетін. 
Қазіргі таңда көбінесе ала жіппен кесу дәстүрден түспей келеді. Бұл ұстанымның да бекер еместігі белгілі. Халқына адал перзент болудан асқан бақыт бар ма?! Санаға салып, таразылай білсек, «Тұсаукесер» дәстүрінде қаншама ғибратты дүниелер жатыр. 
Әрине, ұлттың болашағы – ұлағатты ұрпақ. Оның алғашқы қадамы осындай ізгілікті сенімнен, бабаларымыз ғасырлар бойы шыңдаған рухани құндылықтан, ішкі наным ширатылыстарынан басталғаны құба-құп. Және осының барлығы біздің мейлінше бай, астарлы, әуезді, теңдесі жоқ мәйекті тілімізбен байланысып жатады. 
Қазақ халқының біз мысал келтірген игілікті салт-дәстүрінің бастау бұлағы қайда деген сауалға келсек, әлбетте, ол отбасы, ошақ қасынан басталады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсіл осы ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы екенін аңғартады. «Әке – балаға сыншы» қағидасын берік ұстанған жан баласының әрбір қадамына аса жауапкершілікпен қараған. Ел басқарған азаматтар осы мәселелер төңірегінде тереңірек ойланса дейміз.
Сонау жылдары Алматы облысында бала тәрбиесі, қыз баланың келешегі жайлы келелі кеңес өткізілді. Еңбек Ері атанған ақылман ана, марқұм Зылиха Тамшыбаева сол басқосуда мазмұнды баяндама жасады. Жиынға ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен көп балалы аналар, келіндер, басшылар қатысты. Жаһандану жағадан алған тұстағы тәрбиенің маңызына осы жиында мейлінше мән берілді. Зылиха апамыз азаматтар айта алмайтын қыз бала, әйел қауымына қатысты жайларға тереңдеп барды. «Қызға – қырық үйден тыйым» дегендей, бүгінгі қыз бала тәрбиесінде әжелер мен аналар мектебінің назардан тыс қалып бара жатқанын баса айтты. 
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Егеубек Далбағаев жас ұрпақты әкелер дәстүріне сай адалдыққа баулу мақсатында көптеген мағынасы терең кездесулер өткізіп, қариялық ақыл-кеңесін айтып жүрді. Осындай шаралардың жас ұрпақ тәрбиесінде өз нәтижесін бергенін де атап айтқан абзал. Алып даланы қорғаған батыр бабалар мен отбасының жылуын сақтап, ұрпақ тәрбиесіне сызат түсірмеген аяулы аналарымыздың сол үрдісін жоғалтпай алға апарудан ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.  
Қазіргі кезде қоғамда небір келеңсіз оқиғалар белең алуда. Кімнен көреміз, кім кінәлі деген сұрақ көлеңдеп алдымыздан шыға береді. Ойнап жүріп от басқан жас жеткіншек пе, әлде бала тәрбиесіне немқұрайды қараған ата-ана ма? Әрине, оған көбіне ата-ана – өзіміз жауаптымыз. 
Бүгінгі уақыт ағымы басқа. Қоғам күн сайын небір өзгерістер мен жаһандық жаңалықтардан бас көтере алмай екпіндете алға жылжып келеді. Сананы тұрмыс билеп, күнкөрістің қамытын кигендер де аз емес. Дегенмен, мұның бәрі тіліміздің келешегі мен бала тәрбиесіне келгенде сылтау бола алмайды. Әлеуметтік теңсіздік десеңіз, от басып, опық жеп жатқандар тек жоқ-жітіктің балалары емес, ішкені алдында, ішпегені артындағылардың балаларынан да небір сорақы қылықтар шығып жатыр. Ендеше, ұрпақ тәрбиесінің өзегі болған тіл тазалығы мен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан алыстап, өзге елдердің жанымызға жат, қанымызда болмаған небір жаман әдеттерін бойымызға неге талғамай сіңіреміз осы деп қайран қаламын. Жоғарыда атап өткен сорақылықтар осы талғамай сіңіруіміздің нәтижесі. 
Жаһанданудың қазіргі кезінде ақылман қариялар мен әжелер мектебін жандандыру керек. Отаны үшін жанын оққа байлап, тәнін отқа тастаудан қаймықпаған қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын», – деген екен. Батырдың көңілін алаңдатқан үш қорқыныштың бұлты әлі сейілген жоқ, тіпті қоюланып бара жатқандай.
Міне, батыр ағамызды алаңдатқан осынау үш қауіптен арылудың жолын іздестіріп, ұл-қызымыздың нәресте кезінен жеткіншек шағына дейінгі тәрбиесіне аса көңіл бөлмесек, ұлт болашағы саналатын ұрпақ санасына сызат түсері анық. Бұл үшін ең әуелі отбасындағы ата-ана өнегелі болуы керек. 
Тәрбиенің тағы бір тамаша үлгісі – шаңырақтың берекесі болып отырған қарияға құрмет көрсетуден басталады. Өйткені қазақ жұрты «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» немесе «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөзден қуат алып өскен. Ақсақалды атасы мен ақсамайлы әжесін сыйлаған отбасынан ертең Отанының қорғаны болатын алдаспан ұлдар шығады. Оларды қадірлеудің жолын отбасында әке мен шеше көрсетсе құба-құп. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», «Балам, балалы болғанда басыңа келеді» деген сөз не үшін, кімге қаратып айтылды – осыны да зерделей білуіміз керек.
Міне, салт-дәстүріміздің осындай қарапайым қағидалары босағасы берік, шаңырағы биік, іргесі мықты отбасын қалыптастырады. Неге десеңіз, біздің өмірге келуімізге негізгі себепкер болған аяулы жандарды құрметтемеген адамнан Отанының болашағы болатын тұлға қалыптасуы екіталай. Ал отбасында осы қағидаларды өмір сүрудің негізгі ұстанымына айналдырған әулеттің жанашыр-жақыны да, тілеуқоры да көп болады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген тәмсіл бірлік пен берекенің, татулық пен тыныштықтың жарқын жолының шарты. 
Осындайда Шал ақынның ғибратқа толы термесі еске түседі.
Ағайының көп болса,
Бірлігі оның бек болса.
Жамандық жер 
        кез  келсе,
Бір-біріне сеп болса,
Бүтін тұрған бұзылмай
Отыз екі тіспен тең, – дейді көргені мен көңілге түйгені көп дала ділмары. 
Бабамыз айтып кеткен осы бір алты тармақтан бірлік болмаса тірліктің де болмайтынын анық аңғарамыз. Аталарымыз аманаттаған және берік ұстанған салиқалы дәстүріміздің негізгі өзегі де осы түсінгенге. 
«Бөлінгенді бөрі алар, жарылғанды жау алар – бірлікте болсын назарың» деп ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасуы керек өнегелі жолды қайран бабаларымыз сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде көрсетіп кеткен болатын. Осы жолды бүгінгі күнмен сабақтастырсақ, Елбасының ұстап отырған бағыт-бағдары шыға келеді. Көршімен тату болу, ағайынмен араздаспау – ұлт болып ұйысудың басты шарттары болса, оның ауқымын кеңітіп, біздің қазіргі саяси ахуалмен салыстыра қарасақ, мемлекеттің алға жылжуының да басты қағидасы менмұндалап тұрғандай болады. 
Мұны айтқандағы мақсатым, дәстүр мен саясатты бір-біріне қосақтау емес, керісінше, біз – қазақ халқы әлем алдында мемлекеттіліктің басты белгісі – киелі тілімізді сақтап, өміршең дәстүр-салтымызды, терең тарихымызды, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі әдет-ғұрпымызды дәріптей білейік, осының бәрі біздің баға жетпес байлығымыз екенін тереңнен түсінейік дегендік еді.
Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы дамыған елдердің ішіне кіру үшін экономикалық даму мен саяси тұрақтылықпен бірге тіл тазалығы мен ұлттық салт-дәстүрді де жарқырата көрсетуіміз керек. Сонда ғана біз, қазақ ұлысы, осынау алып жердің бетінде өзіне тән бай құндылықтарымен, тіл бітсе қара тасына дейін сыр шертетін киелі жерімен, өзінің ықылым заманнан келе жатқан қасиетті мұраларымен әлемді аузына қаратқан мемлекет боламыз. 
Қай қоғамда, қай кезде болса да ұлы қазақ тілінсіз ұлттық сана орнықпайды. Тәуелсіздігіміздің тірегі – Тіл. Тілден асқан құндылық, тілден асқан киелі байлық жоқ. Ол үшін, әлбетте, бабадан балаға ғасырлар бойы жоғалмай, тоналмай, жойылмай жеткен киеміз – қазақ тілі мен салт-дәстүрімізді жөнімен, жолымен насихаттағаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. 
Ұлттың тілі мен дәстүрі шағын ғана мақаламен қорытып, нүктесін қоя салатын шаруа емес. Бұл «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқан тәмсілді тамырымызға жүгіртіп, бойымызға сіңіріп, ұрпағымызға аманаттайтын қасиетті де қастерлі жол. Лайым, ұрпағымыз сол жолдан адаспасын деп тілеймін.

Қазақстан Республикасы  Парламенті
Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов: