"БЕЙҚАМБЫЗ, САЛҒЫРТПЫЗ": МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ ТІЛ ТУРАЛЫ ПІКІР АЙТТЫ

Уақыты: 23.06.2019
Оқылды: 3796
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы маусым-тамыз аралығында болатын «Тіл тазалығын сақтайық» акциясын бастады.

Осыған орай Ақсу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының нұсқауымен Көшкентал ауылындағы орта мектептің саябағында мәдениет қызметкерлері мен кітапханашылардың ұйымдастыруымен акцияның ашылу салтанаты өтті. Шараға ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері, оқушылар және ұстаздар қатысты. Акцияның ашылу салтанатында ауыл әкімі Ұлан Серіков құттықтау сөз сөйледі.

– Ана тілінің қадір-қасиетін жете түсініп, оның әдемі иірімдерін таныту өркениетті елдерге тән құбылыс. Өз тілін, дінін, салт-санасын қадірлемеген адам толық зиялы бола алмайтыны хақ. Осындайда Бауыржан Момышұлының: «Өз тіліңнің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай», – деген даналығы ойға оралады. Бүгінгі таңда күн тәртібіндегі алғашқы мәселелердің бірі де осы тіл мәселесі. Тіл – ұлттың жаны. Сол үшін ана тілінің мәртебесін көтеру – бәріміздің азаматтық парызымыз, – деді ауыл басшысы.

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Абылайханова: «Ата-бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле-өлгенше қорғап өтті емес пе? Осыған бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны қазіргі кезде некен-саяқ. Көшеде бір қателіктер көріп жатсақ, үйреншікті нәрседей, бейқам жүре береміз. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күлсе, екіншісі оған мән де бермейді. Осы салғырттықтан арылуымыз керек», – деді.

Шара барысында мектеп оқушылары тіл туралы өлеңдерін тарту етсе, Әли Еркетаң «Туған өлкем», Жұмабек Ерсінбек  «Туған жерім тамаша», Бекзат Мәліков «Атамекен» әндерін шырқап, акцияға қатысушылардың патриоттық сезімін оятты.

Әлия ТҮСТЕБАЕВА,

Көшкентал ауылдық кітапханасының қызметкері

Ақсу ауданы

Сурет ғаламтордан алынды