ШЕШІНГЕН ҚЫЗДЫҢ ШЕШЕСІ БАР МА ӨЗІ?

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1568
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Тәрбие талбесіктен басталады» дейтін қазақпыз. Бүгінде сол тәрбиемізден алшақтау кетіп бара жатқан секілдіміз. Олай деуге айтарлықтай себеп бар. Кінәлісін өзіңіз байқап көріңіз. Жақында орталық көшемен келе жатып бір қызға көзім түсті. Әп-әдемі, топ-томпақ, қара торы келген қазақтың қызы. Бір қарағанда. Бірақ киген киімін көрсеңіз, олай демейтініңіз анық. Қазір сізде не кисе де өзі біледі ғой деген ой туындаған болар. Күтіңіз.

Ол қыздың жасы 15-16 шамасында. Демек, мектеп оқушысы. Яғни, не кигенін көшеге шықпас бұрын ата-ана қадағалау керек еді. Алайда, киім киісіне орай әке-шешесінің қызына көз қиығын да салмаған-ау деген ой келетіні рас. Енді қандай киім деген сұрақ қойыңыз. Қара торы жейде. Бір сөзбен айтқанда ұятты жерлері ашық. Тағы бір мысал, күні кеше «taldykorgan_insta» желісіне тағы да бір қыздың киім дейтін үстінде лыпасы жоқ суреті жүктелді. Астындағы пікірлер де екі жаққа бөлінген. Бірі «жас қой, өзі біледі десе», екінші жақ «кінә» тағуда.  Қазақ халқы қызын әрқашан қызғыштай қорып, ерсі қылықтан алшақ өсірген. Оның ұяты бүкіл ауылдың немесе елдің ұятымен пара-пар дүние еді.

Ал бүгін ше? Не өзгерді? Заман әлде сана? Қазақ қызы әрқашан етек-жеңін жиып жүрген. Бұған себеп, ең алдымен ар-ұят. Екіншіден, өзгенің көзінің түсуі. Айналаға көз тастар болсақ, қысқа белдемше киіп, төстерін жалтыратып жүру бүгінде сәнге айналып бара жатыр. Сөйте тұра, жігіттер бұзылды деп безектейміз. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», – деп текке айтылмаса  керек-ті. Бұл да үйдегі тәрбиеден бастау алмай ма? Жақсы, ата-ана жұмыста делік. Бірақ бір уақыт болса да балаға көңіл бөлуі керек қой. Онсыз да солар үшін өмір сүріп, солар қатардан қалмасын деп күні-түні терлеп жүрген жоқ па?

Есті бала болса, өзі түсінер. Ессіз бала есіріп кетер. Бүгінде ата-ананың балам қатардан қалмасын деуінде үлкен мәселе бар. Түсіне білгенге. Сіз балаға уақыт бөлмей, оны тек материалдық жағдаймен қамтамасыз ете беретін болсаңыз, оның рухани дүниесіне, тәрбиесіне кім алаңдайды? Кім қамқорлық жасайды? Мектеп пе? Қоршаған ортасы, жоқ әлде ғаламтор ма?  Иә, бұл факторлар балаға түрлі әсер ететіні анық. Бірақ қай жағынан. Үйден мейірім, жылу сезінбеген бала даладан іздейді оны. Қандай ортадан табатыны белгісіз. Интернет қолданушылар санының өсуіне байланысты, жастар арасында «оқырман» жинау сәнге айналып кетті. «Атың шықпаса жер өртенің» қылығын жасап жүрген қыз-жігіттердің «атаққа» құмартуының соңы жақсылыққа апармас.

Өздеріңізге белгілі, Шырын есімді қаракөзіміз жалаңаш денесіне қазақтың әшекейлерін тағып, өзіне ел назарын аударды. Жұрт болып айыптадық, айғайладық. Жеткен жетістігіміз қайсы? Ешқандай. Керісінше біз жеңілдік. Ол хайп қуды. Тез арада көтерілді. Бүгінде шоу-бизнестің ортасында жүр. Осыны көрген жас қыздардың соны қайталамасына кепіл бар ма? Жоқ! Бұл жағдайдан кейін жеткіншекке бұрыстығын түсіндірген  ата-ана бар ма екен өзі? Бұрыстығы дейміз-ау «Мен қандай анамын? Дұрыс үлгі көрсете алып жүрмін бе?» деген сұрақты қойған бір ана табылды ма? Өзгені кінәлауға, даттауға келгенде алдымызға ешкімді түсірмейміз. Бірақ бір уақыт болса да, осы бір қарапайым дүниені ойлап көрдік пе?

Тағы бір ел аузында жүрген қыз Айжан Байзақованы бәріңіз көрген боларсыз? Жақында Аман Тасығанмен болған бір сұхбатында: «Менің кінәм басыма іс түскенде анама айтпағандығымда болар», - дегені бар-ды. Анаға сырын айтпаған қызы қателік жіберді ме әлде баласының ішкі мұңын ұға білмеген ананың кемшілігі ме? Не де болса, бұл қоғамның дертіне айналғаны анық.

Қолдан жасап жүрген дерттің тағы бірі, интернетті ашып қалсаңыз бетін бояп, ернін үлкейтіп, шаштарын сан түске өзгертіп жүрген жігіттердің қатары да көбейіп келеді. Оның да түп негізіне келсек, үйдегі қарым-қатынастың болмауынан, ақыл сұрап ата-анаға, арқа сүйер аға-әпкеге бармауының тағы бір көрінісі емес пе? Ол қала берді көшеде жігіттердің беттерінен сүйіп амандасатынды шығарғанына таңғаласың. Дұрыс еместігін өздері түсінетін жасқа толғандардың мұндай іске барып, өзінен кішкентайларға үлгі екенін ұмытып кете беретіні несі екен? Бүгін тоқтау салмаса, көзіңіз үйренген дүние ертең үлкен қатерге соқтыруы бек мүмкін.

Үйдегі тәрбиенің көрінісі кейде көпшілік орындарда да белгілі болып қалатыны бар. Әсіресе,  қоғамдық көліктерде  қыз-жігіттердің дарақылана күліп, боқауыз сөздерді еш қымсынбастан бір-біріне қарша борататынын өзіңіз де байқап жүрген боларсыз. Олардың қатарында сіздің үйдің де еркесі жүруі ықтимал. Қызды қырық үйден тыйып, ер баланы жастайынан атқа отырғызып, ер мінезді тәрбиелеген қазақтың көрінісі бүгін осындай. Сол дүниелердің негізгі себебі мен мәнін бүгінгі жас біле ме? Білмесе кім кінәлі?

Бұған бір адам емес, тұтас  қоғам кінәлі. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, қоғам адамдардан тұрады десек, өзгертіп, өсіретін де, өшіретін де өзіміз! Қоғамдағы сан түрлі өзгерісің ақ-қарасын ажыратар ішкі тәрбиенің басталуы «ұядан».

Батысқа еліктегеннен ештеңе ұтпаймыз. Себебі, біз – қазақпыз. Көзің көріп жүрген осы жастардың «Болашақ ана», «Болашақ әке» екені еске түссе, елдің ертеңі не болар екен деп ойланып қалатынымыз да ақиқат!

Аймарал ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды