ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫ: МАНАРБЕКТІҢ ЕРЛІГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛА МА?

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 4404
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бірде үйде отырып, сөреде тізілген кітаптардың бірін қолыма алдым. Оқып тастасам да, көңілім бір нәрсені қажет ететіндей құлазып, рухани бір азықты іздейтіндей күй кешкен кезде жаныма жақын туындылардың бірін алып, әдет бойынша бір парақтап шығамын. Қанша оқысам да көзіме ілінбепті деу артық болар, көңіліме жете тоқымаған болуым керек. “Ислам ғұламалары” атты кітаптың ішінде мына бір жолға назарым ауды: Мұхаммед пайғамбар хадистерінде: «Ерлік жасаған адамға лайықты құрмет көрсетіңдер. Сонда өздерің де ерлік жасағанмен пара-пар боласыңдар», – деген екен. Неге екені белгісіз, осы хадис мені көп толғандырды. Өмір болған соң әр адам ерлік жасауға күнделікті дайын емес пе?! Әр істеген сауапты ісі ерлікпен пара-пар емес пе деп те ойладым. Мына бір оқиғадан кейін жоқ, ол ерлік емес екен, ол жай ғана игілікті шаруаның бірі деп топшыладым.

* * *

Көктемнің лебі есіп, көңіл-күй көтеріле бастаған шақ. Наурыздың алғашқы мерекесі – Аналар мейрамы. Айтулы мереке қарсаңында бірі анасына, екіншісі ғашығына, енді бірі жан-жарына сыйлық алып, базар іші абыр-сабыр. Мен де осы топпен араласа жүріп, шешеме балаларымның анасы, зайыбыма сыйлық алдым. Дәл осы кезде ту сыртымнан "Ришад" деген дауыс қатыңқы шықты. Жалт бұрылсам, сыныптас досым Дәулетбек тұр. Ол ауылда, мен қалада тұрып жатқандықтан бір-бірімізді жиі көре бермегендіктен аман-саулық сұрасып, мәре-сәре болып жатырмыз. Қаланың қақ ортасында тұрып жатырмын дегеніңмен, ауылды сағынатының белгілі. Шіркін, ауыл деген тамаша ғой. Кіндік қаны тамған жер, кімге болса да ыстық, бір бүйрегің бұрады да тұрады. Жаным қалмай өз басының амандығымен қоса, ауылдың да жаңалығын сұрап, өліп барам. Ол сәл бәсеңсіп, жабырқаңқы күймен: "Ауылда не жаңалық дейсің, сол баяғы қу тірлік, көкше теңіз тағы екі адамның өмірін қиды" – деп жанарын жерге қадады. Төбемнен мұздай суды құйғандай әсер етті. Сасқанымнан: "Тағы кім кетті?", – деппін. Расында соңғы кездері ел өзегін жалғайтын Балқаш көліне жылына бір-екі адам суға батып кетіпті дегенді жиі еститін болдық.

– Ауылды білесің, бар күн көрісіміз – балық аулау. Одан басқа тіршіліктің көзі жоқ. Күнделікті тапқаның ішіп-жеміңнен артылмайды. Сол себепті де, ауа райының қолайсыздығына қарамай мұз үстіне балық аулауға шығамыз, – деп бастады әңгімесін досым. – Көктем мезгілі алдамшы уақыт емес пе. Мұз астынан еріп, қалыңдығын жұқартып, басқан сайын жарық ашылып, сөгіліп жатыр. Дәл мереке алдында бір үйдің үш баласы көлге құрған ауын жинап келуге бес адамдық “УаЗик” авто көлігімен шыққан. болатын. Бұйырған нәсіптерін көліктеріне тиеп, кері қайтады. Жастар емес пе, мұз үсті теп-тегіс, айнадай, бір бүдір жоқ. Жылдамдықты тездеткен болар, зулап келе жатқан машина арасы едәуір ашылып кеткен мұздың екінші қабағына тарс етіп соғылады. Сол кезде ара қашықтығы 200 метр жерде балық аулап жатқан екі жігіт Бақберген мен інісі Ринат көре салысымен суға батып бара жатқан машинаға қарай жүгіреді. Олар жеткенше машина да су түбіне батып кетеді. Екеуінде де қайбір әл бар дейсің, өкпелері өшіп, үкідей ұшып жарым жолда келеді. Қайран өмір, жарық дүниемен қоштасу оңай дейсің бе. Осы кезде көлік ішіндегі ересектеуі көліктің березенттен қапталған жерін пышағымен жыртып, су бетіне шығады. Жанталасып, мұз бетіне тырмысқанымен әлі құрып, су түбіне қарай қайта кете барады. Жоғары созған қолы бірте-бірте су астына кетіп бара жатқанын көріп келеді. Бар күшін салғанымен жүгіріп жете алмай келеді. Төрт-бес адым аттаса, баланың қолына да жармасуға шақ қалды. Артындағы інісі де қалыспайды. Ақыры үлгермейтінін біліп сол келе жатқан қарқынымен мұз бетіне жата кетіп, сырғанай суға кеткен баланың соңынан қоса сүңгіді. Інісі болса, ағасының аяғына жармасады. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, ана байғұстың көретін жарығы бар екен. Ортан белінен суға бір-ақ сүңгіген Бақбергеннің қолына ілініп, көзсіз ерлік жасаған екі азамат сыртқа тартып алады. Үйдің тұңғышы Жақсылық аман қалды ал інісі Жандос пен күйеубала Сапар су түбінде қалды, – деп әңгімесін аяқтады.

Иә, ағайын, көптен бері көрмеген досымның аузынан қайғылы хабар, ауылдың жайсыз жаңалығын есту маған да оңай соқпады. Алғашындағы көтеріңкі көңіл мен сағынышты күйдің лебі әп-сәтте көлдің мұздай суы құйылғандай басылды. Досым ауылға кетті, мен ауыр ой құрсауында қалдым.

Қыршын жас, бір үйдің өшкен үміті, зарлаған шеше, жарынан айырылған зайыбы мен әкесіз қалған баланың күйі жаныма маза бермеді. Бұл ғана емес, жыл сайын бір шаңырақтан бірді-екілі азаматын жалмап жатқан көк теңіздің ашуы, ызасы кімде деген ой келді. Мұның сыры неде? Мен де сол көлді жағалап өскен баланың бірімін. Әйтсе де балалық шақта, ер жеткен кезде де мұндай қаралы хабарды ілуде бір естуші едік. Қазір тым жиілеп кеткен секілді. Мүмкін кінә өзімізден де болар: есепсіз балық аулау, ынсап-қанағат жоқ, тіпті, табиғат-анаға құрмет пен жанашырлық та танытпаймыз. Салдарынан тілі болмаса да, тіршіліктің нәрі бола білген көлдің адамзатқа деген ашу-ызасы ма? Мүмкін су бетінде, көл жағасындағы тұрғындардың апатты оқиға орын ала қалған кезде сауатты іс-әрекет таныта алмауының да салдары болар. Сабырдан гөрі үрейге бой алдырып, қолдан келген көмекті көрсете алмай ақыры қайғылы қазаға жол беріледі. Ол енді бір Алланың еншісінде.

Құдайға тәуба, үміт оты қайта маздап, үйдің үлкені аман қалды. Ал сол жігітті өлімнен құтқарып қалған жігіттің ерлігі қандай құрметке болсын лайық. Расында өзгенің өмірі үшін басын бәске тігіп, артынан суға сүңгу – әркімнің батылы бара бермейтін көзсіз ерлік. Қара жамылған отбасының қайғысына ортақ болған жөн-ақ, ал ерлік жасаған жігіттің де, еңбегі ескерусіз қалмаса деген ой келеді. Бұл – бір ғана оқиғаның желісі.

* * *

Бұл жағдай да осы ауылда 2006 жылы орын алған. Қаратал ауданындағы Көпбірлік ауылы. Төрт бірдей адамның жанын аман алып қалған Манарбекті іздедім. Көңілім күпті. Біртоға жігіт, жасаған ерлігімді бұлдаған жан емеспін, деп бетімді қайтара ма деген ой да жоқ емес. Аудан орталығынан шалғай жатқан Балқаш көлінің жағасына орналасқан Көпбірлік ауылына телефон шалдым.

– Алло, амансыз ба? Бұл кім?

– Сізге кім керек? – деген нәзік дауыс саңқ ете қалды.

– Манарбек деген батыр ағамыз керек, – деп жанұшырып барамын.

– Ол кісі үйде жоқ, мен зайыбымын, келсе кім деп айтайын? – деп сыпайылық танытты.

– Бәрекелді, жеңеше, мен Ришад деген қайныңызбын. Манарбектің ерлік жасағанын елден естіген едім, енді өз аузынан естісем деп телефон шалып тұрмын. Батыр ағамызбен қалай тілдесуге болады екен? - деп сұрақты төтесінен қойдым.

– Ағаңыз үйге жай келеді, келген кезде хабарлассын, телефон нөміріңізді қалдырыңыз, – деп Гүлмира жеңешеміз жылы қабақ танытты.

Ағамыздан хабар болмағасын ауылды бетке алуды көздедім. Жиналып жатқанымда қалта телефоным, безек қағып алып жөнелді. Бейтаныс нөмір. Алғашында көлденең жұмыс шығып, жолымнан бөгеп қалар деген ой да келді. Түрлі ой санамды шарлап үлгергенше, телефон нүктесін қалай басқанымды өзім де сезбей қалдым.

– Арғы жақтан ассалаумағалейкім, деген қарлығыңқы дауыс шықты.

– Уағалейкумассалам.

– Ришад па?

– Иә, менмін.

– Қалың қалай бауырым, мен Манарбек ағаң ғой.

– Бәрекелді! Мен сізді іздеп ауылға аттанғалы жатыр едім, жақсы болды ғой хабарласқаныңыз, – деп елпілдей жөнелдім.

– Мен үшін бар жұмысыңды жиып, ауылға бара жатқаның үшін, саған үлкен рахмет! Мені іздеді дегенді естіп, осында арнайы келдім, – деп сөзін жалғады.

Ағамыздың бұл ісіне қатты қуандым. Көңілімді жықпай, інінің ұсынысын жерге тастамай сонау жерден ат арылтып келгені ер жігітке тән қасиет екені айдан анық.

Соңғы уақытта қауіпті жағдайда қол ұшын беруден гөрі, оны тамашалау белең алып бара жатқандай. Мәселен, оқыс оқиғаның үстінен түсе қалса, көмек көрсетудің орнына ұялы телефонға түсіріп, оны интернетке салу, теледидардан көрсетуді әдетке айналдырдық. Сонда бұл не? Қайырымсыздық па, жоқ әлде қара бастың қамы ма?

* * *

Ағамызды ертіп, жұмысқа келдім. Кеудемді қуаныш кернеп, әріптестеріме төрт адамды судан құтқарған батыр осы жігіт деп таныстырып жатырмын. Жолдастарым да: "Батыр десе, батырға лайық екен, осындай нар тұлғалы азаматтың қолын алған біз үшін үлкен мәртебе" – деп, құшақтарына қысып, ыстық ықыласпен қабылдады. Жайғасып отырғанан кейін ағамыз сәл кідірістен соң жанарына жас үйіріп, әңгімесін бастады. Алғашында дауысы дірілдеп, көмейіне өксік тығылды. Оны білдіргісі келмей ойын жинақтап, терең бір күрсініп алды да:

- Иә, бауырым, ол күнді еш уақытта ұмытпаймын Өміріме көп өзгеріс енгізді. Ерлікті қандай азамат болса да, батыр атанайын деп жасамайды. Қиналғанға қол ұшын созу – азаматтық ардың ісі. Мен де сол азаматтық парызымды орындадым. 16 желтоқсан, 2006 жыл болатын. Өзің білесің, ауылымыз Балқаш көлінің жағасы. Қысы қатты, жазы ыстық, көктем мен күзі лайсаң сор татыған аймақ. Қалай десек те туған жерге ештеңе жетпейді ғой. Ел мерекеге дайындалып жатыр. Ал біз болсақ балыққа кеттік. Қу тірлік-ай, десеңші. Бізді айдап апарған да сол күн көрістің қамы ғой. (Ауыр күрсінді). Қалада тұратын Рүстем деген нағашым келген. Анда-санда ау салып, нәпақасын алып кететін. Әдеті бойынша бір күн бұрын ауылға келген, балыққа баратын болдық. Қасымызға қайынағам Ерлан, Берікбай деген ағамыз және нағашымның үйіндегі Коля деген орыс баласы, көрші ауылдың жігіті Серік алтауымыз көлікке отырып, көл жағасын бетке алдық. Баратын жеріміз 30-40 шақырым. Сол күні ауа райы да қолайсыздау болып тұрды. Біз жақтың ауа райы қызық. Қазір тымық болып тұрса, әп-сәтте алай-дүлей жел соғып, біріңді-бірің көрмей қаласың. Тымық еді. Көл жағасына да жеттік. Алдымен жағада тұрған балықшылардың кішкене үйін ретке келтіріп, есік- терезесін жөндедік. Қолайсыздық туа қалған жағдайда, паналау үшін. Көлдің мұзы адам көтеретіндей қатып, қабыршықтанып қалыпты. Серіктеріме үйді жөндей беріңдер, Серік екеуміз құс атып алып келейік. Кешкісін құс етінен тамақ жасап, ауқаттанамыз дедім. Балыққа шықпаңдар, батыс жақ бұзылып келе жатыр, дауыл соқса мұзды бұзып кетеді, суға кетіп қалуларың ықтимал деп қатты есскерттім. Екеуміз аң ауладық. Айналасы бір сағаттың ішінде екі-үш қырғауыл атып, қанжығамызды майладық. Жүрегім қобалжи береді.

- Қасымдағы жігіт аңшылыққа өте құмар. Саятшылықтың қызығына түсіп барады. Бойымды жайсыз күй мазалай бергенен соң кейін қайтқым келді. Серіктесім қайтқысы жоқ. Қулыққа көштім. Үлкен төбенің арғы жақ шетін айналып шық, мен мына шетінен шығайын деп, алдап жібердім. Ондағы ойым, мен оған қосқа кеттім десем, жібермей қалуы мүмкін. Саятшылықтың қызығына түскені соншалық, есі кетіп тұр. Ол төбенің екінші бауырына қарай айналған кезде мен бірін тастап, зымырай жөнелдім. Белгіленген жерден әжептеуір алыстап кетіппіз. Жағадағы үйге жеткенше талай уақыт өтті. Жақындаған сайын жүрегім аузыма тығылатындай, дүрсілдеп келеді. Әйтеуір тегін емес. Үй маңынан қарға ұшты. Сол кезде санымды бір соқтым, аналардың көлге шығып кеткенін түсіндім. Бұл уақытта жел де көтерілген еді. Мылтығымды лақтыра салып, көлге қарай жүгіріп, айғайға бастым. Ешқандай дыбыс жоқ, бағанағы сіресіп жатқан мұздың бірі жоқ. Жүрегім аузыма тығылды. Енді не істедім, ауылға не бетімді айтам, бәрін бастап келіп, қаралы хабар қалай апарамын? Ажалдың қармағына мен ілгендей боламын ғой деген жаман ойлар санамды шарлап кетті. Мұндайда белгілі емес пе, адамның ойына бірінші жамандық түсетіні.

Сөйтіп далбалақтап жүргенімде қамыс арасынан балық аулап жүрген ауылдың азаматы Әбен деген аға шыға келді. Дауылдан ығып, көл бетінен қашып шыққан беті. Есі шығып: «Олар мұз үстінде қалып қойды, жел айдап әкетті», – деді. Зәре құтым қашып, тіптен есім шықты. Желдің ығымен кетіп қалғандарына да бір сағаттың айналасы болыпты. Жағалаудан көрінбейді. Не керек көл бетіне шығуға тура келді. Жағада төңкеріліп қалған қайықты қайта аударып, көлге қарай сүйредім. Есім шыққаны сонша ескегін алуды ұмытып барады екем, жалма жан жерде қатып жатқан ескекті тартқыладым. Қар мен жаңбыр суымен жерге тас болып жабысып қалыпты. Алғашында бір ескекті тартып қалып едім, ортасынан қақ бөлінді. Бір ескекті қайыққа лақтыра салып, айдынға жүзе жөнелдім. Көлдің беті үй аумағындай бөлшектелген мұз. Соққан жел, асау толқын мұзды әкеп қайыққа соғады. Жүзу мүмкін емес. Сонда да болса бар пәрменіммен жалғыз ескекті есіп келем. Қай жаққа кеткендерін де білмеймін. Әйтеуір желдің бағытыменен келемін. Денем қызып, әлім құрып барады, ең бастысы – әлсіздікке бой алдырмау. Егер жүрегіңе сәл ғана қорқыныш ұялатсаң, бағытыңнан кері қайтаруы мүмкін. Шыда, жаным, шыда деп, өзімді өзім қамшылаймын. Бірақ миыма қайдағы бір жаман ойлар орала береді. Қанша санамды тазартсам да болар емес. Қойшы, әйтеуір, өлгенде, бір уақытта көз ұшынан сіріңкедей болып көрінді-ау әйтеуір. Мұз үстінде безек қағып жүгіріп жүр. Қайтсін жан беру оңай ма? Бір-бір үйдің атпалдай азаматтары, балалы-шағалы жандар. Кеш қарайып қалған еді. Шамасы 4-5-тің шамасы. Қыстың кезі күн де ерте кіреді ұясына. Жанталасып келемін түн аумай жетіп алайын деп. Жалғыз ескектің де шамасы аз, оның үстіне соққан жел мұзды қуып, жеткізбейді. Өлдім, талдым дегенде жеттім-ау, әйтеуір. Жеткеніммен оларды қайыққа отырғыза алмай әбігерге түстім. Төртеуі де қолдарын ұзын «нәрелге» (мұз астынан ауды жүргізетін ұзын ағаш) байлап алыпты. Ондағы ойлары егер суға кетіп қалсақ, сүйегімізді бір жерден тапсын, шашылып кетпейік дегендері. Өйткені бұл уақытта суға кеткен адамның мүрдесін табу қиын. Су қою, су бетіне көтерілген жағдайда мүрдені сең соғып тастаса, бөлшектеп жібереді. Жақындаған сайын мұз бөлініп, қауіп күшейді. Ақыры алыстан тұрып: «Дауыстаған жаққа қарай қолдарыңдағы ағашқа біріңнен соң бірің жалғасып, бөлшектелген мұздың үстіне секіріп, қайткенде қайыққа отыруға тырысыңдар» – деп айғайладым.

Айтқан ақылым, іске асып төртеуі де, әупірімдеп қайыққа отырды. Қайбір жетіскен қайық дейсің? Казанка деген темірден жасалған қайық. Салмақ көбейген сайын батудың аз-ақ алдында тұр. Барлығы да әбден қорқып қалыпты. Бетімнен сүйіп, құшақтарына қысып, көз жасына ерік беріп, қуанып жатыр. Бір ажалдан қалдық деп. Олар алда асқан қиындықтың күтіп тұрғанын білмеді. Жел барған сайын күшейіп келеді. Толқынмен таласып, қайық шайқатылып орында тұрар емес. Даланы ымырт жапты. Бағытты да аңғару қиынға соқты. Барлығын сабырға шақырып, қорқынышты сейілту үшін ең бірінші тынышталтып алдым. Содан кейін жаймен әр қайсысын керекті орынға отырғызып, не жасауды айттым. Әбден үрейленіп қалған, естері шығып дегбірсізденіп жүр. Қолдарындағы балық аулауға алып шыққан күректерін қайықтың батыс жақ бетіне, жел өтіне тіз қатар етіп жіппен байлаттым да, ал енді талмай есіңдер деп бұйрық бердім.

Дәл осы сәтте қар күшейіп, дауыл да басталды. Сатырлаған мұз қайықты шайқалтып, байлаған ескектеріміздің жібі бырт-бырт үзіледі. Жанталаса жүріп қайта байладық. Сом-сом болған сеңге тіреліп қайық жүретін емес. Толқын күшейіп, суды көтеріп қайық іші суға толды. Суды сыртқа төгіп, жанталастық. Су төгетін ыдыс та жоқ, қытайдың пластмассасы суықтан үгіліп кетті. Еріксіз етіктерін шештіріп, сонымен төккіздім. Онсыз болмайтын болды. Желдің бағытымен өзімнің есептеуім бойынша, соққан желді оң жағыма алып, қайықтың бағытын ұстап отырдым. Әйтеуір есіп келеміз. Қай жаққа кетіп бара жатқанымызда белгісіз. Арасында қалтамдағы бәкімді алып, ұзын жіпке байлап, суды өлшеп келемін. Әлі терең. Жігіттерді шошытып алмайын деп, таязданып келеді, қырға жақын қалдық деп алдап та қоямын. Қыр осы жақ бетте екенін жүрегім сезеді. Оның үстіне шайқалақтаған қайықтың жүрісі адамның зәре құтын қашырып, ашуға да бой алдырды. Бір-біріне дауыс көтеріп, нұсқап келе жатқан бағытымнан айыра жаздады. Болмаған соң зілді сөзіммен қатты-қатты айтып, тынышталтып алдым да, бар билікті өз қолыма алдым. Бет-бетімізбен қимылдасақ, қайықты аударып алатын болдық. Қайынағам шектен тыс мазасызданып кетті. Оған қайтіп дауыс көтересің. Ата салттан аттамаған халықпыз, әдептілікті де ойлап қоямын. Жасы кіші болғанымен жолы үлкен. Өстіп бір-бірімізге ауыр сөз айтып тұрғанда, асау толқын келіп соқты қайығымызды.

Түйдектелген мұз нағашы інім Рүстемді көлге бір-ақ лақтырды. Қас-қағым сәтте нағашымнан айрылып қалдым. Жан дауысым шығып құлаған жаққа қарай ұмтылдым. Аллаға мың шүкірлік, су түбіне бір толқытып, екінші толқын қайта көтеріп қайықтың бетіне лақтырды. Айналайын-ай, көретін жарығы бар екен, құшағыма қысып, бар дауысыммен айғайлап жібердім.

Есін жиғызып, қайта ескек есуге кірістік. Көз жасымды көрсетпей, басқаларды шошытып алмайын деген сыңай танытып, барлығын өз орынына отырғыздым. Осы кезде қайық үстінде біреу жетіспетін секілді. Қараңғы түнде кімнің кім екенін айырып білмейсің. Әрқайысының атын атап шықтым. Барлығы түгел секілді, сөйтсек бала емес пе, Коля деген орыс жігіт жоқ. Алғашында қорқып қалдым. Асау толқын нағашым мен қоса ала кеттіме деп. Нағашымды жоқтап жүргенде ортамыздағы жалғыз орыстан айырылып қалғанымыз жүрегіме ауыр тиді. Арттарынан қуып жеткен кезде көңілдерін көтерейін, жүректеріне ұялап қалған қорқынышты сейілтейін деп: «қайыққа ауыр болып барады, бір адамды суға тастау керек, сенен басқа ешкімнің ыңғайы жоқ» деп әзілдеп едім. Расында солай болды ма деп, қатты күйіндім. Бірақ жүрегім бірдеңені сезетін секілді. Аман ол, тірі болуға тиіс. Ішімнен күбірлей жүріп, аядай ғана қайықтың үстін сипаладым. Сонан барып есіме сарт ете қалды. Қайықтың артында кішкене ғана бір жанар-жағармай қоятын ұяшық бар еді. Соның бетін ашып қалсам, күшік секілді екі бүктеліп жатыр. Көзім көріп тұрған жоқ, бірақ сақылдап, тісі-тісіне тимей дірілдеп отырғанын сездім. Сипаласам, дәл өзі. Қаперімде орысша түсе қояма еске, бар білгенімді айтып жатып шығарып алдым. Құшағыма қысып, көзінің жасын сүрттім. Бұғанасы қатпаған бала ғой әбден шошынып қалыпты. Жаймалап жүріп бетін бері қараттым. Барлығын аман алып шығамын деп өзіме-өзім іштей серт бердім. Бойыма жаңа бір күш жинадым. Ауылға қара бет емес, жүзім жарқын, бетім ашық барып, барлығын үйіріне қосамын деген жігер келді. Қане, барлығымыз жұмысымызды тоқтатпайық, қорықпаңдар, тірі қаламыз деп, рух шақырдым. Олар да күш жинап, қайықтың ескегіне қарқын бітірді. Бұл кезде таң қылаң бере бастаған. 

* * *

Ең жаманы таңның қылаң бергені екен. Ақ шаңқан мұз, күн арайымен шағылысып, жұлдыздар жерге шашылып қалғандай көрініс берді. Ол адамға психологиялық кері әсерін тигізіп, жігеріңді құм етуге дайын. Осы кезде жігіттердің бірі сандырақтай бастады. Әр түрлі сөздерді айтып, есінен адаса бастады. Маған да әсерін тигізді. Көз алдыма қыр елестеп, есіңдер қайықты, қыр көрінді деп ескекті сатырлата бастадық. Өкінішке орай, жақын көрінген жағалау алыстай берді. Бұл – қалжырағанның белгісі. 

Еріксіз қулыққа көштім. Жігіттерді кезекпен қалғытып алып отырдым. Онсыз болмайтын болды. Миға әсер етті. Өзім кірпік қақпадым. Өйткені бағытымнан айрылып қалар едім. Өстіп жүргенде екінші күннің түні ауды. Екі түнді су бетінде өткізіп, таң ата бастағанда үйде қалған баламның әке деген дауысы құлағыма келді. Жүрегім езіліп, сынудың азақ алдында қалдым. Тәй-тәйлаған ұлымның әке деген дауысын естімей кететін болдым ғой, қалған балаларым мен зайыбымның күні не болмақ деген сансыз сауал санамды жаулап алды. Іштей мүжіле бастадым. Бірақ, сынбауға тырыстым. Қайтсем ұлыма жетемін, әке деген даусыңды естимін деп жұдырық түйдім. Өстіп ойға шомып отырғанда, қырдың шеті көрінді. Бұл уақытта кеш қарайып қалған еді. Бар дауысыммен «жағалау» деп айғай салдым. Барлығымызда ес қалмады. Күректерді сатырлатып, есе жөнелдік. Қойшы әйтеуір шықпа жаным, шықпа деп қырға да жеттік. Қара жерді табанымызбен басып, бір-бірімізді құшақтап көрісіп жыладық. Барлығы мені бауырына басып: «Сен болмасаң күніміз не болар еді, сүйегіміз суда шіритін еді», – деп егіліп жүр. Оларды жаман әдетті шығармаңдар деп, басу айтып, жұбатып әлекпін. Ішімнен өзімде алай-дүлей егіліп жүрмін. Қырға аман-есен шықтық, бұл топшылауымша көлдің Лепсі жақ беті болуы керек. Шамамен қайыққа отырған жағалаудан 80 шақырымдай. Енді ауылға жету керек. Екі күн нәр тартпаған, әл жоқ. Дауыс қарлығып қалған. Ақыры жол бастап, артымнан ерттім бәрін. Ешкімді тоқтатпадым. Өйткені бір отырып қалсаң. қатып қаласың. Құм-құмның арасын, көл-көлшіктің сағасын қиып өтіп, бір балықшының жертөлесіне де келіп жеттік. Балықшыға алғашында тіл қатуға мұрша болмады. Аздап ес жинап, жан шақырғанан кейін мән-жайды түсіндірдік. Ол хабардар екен. «Бүкіл ауыл сендерді іздеп жатыр, барлығы да көл жағалап, шулап жүр», – деді. Ендеше көңілдерін көтерейік, ауылға тез жеткіз дедік. Бір сөзге келместен, көлігіне отырғызып, ауылға қарай зулады.

Үйдің маңайына жиналған жұртта есеп жоқ. Машинадан түскен сәт әлі күнге естен кетпейді. Әділбек ағамыз алдымнан шығып бар дауысымен өкіріп қоя берді. «Манарбек-ау, сендей азамат болғанда, менің де балам тірі қалар еді. Құлынымнан қапыда айрылып қалдым емес пе» деп өксігін баса алмай ұзақ көрісті. Бүтін бір ауыл құшағына қысып, егілді. Үш күн қиыншылыққа шыдаған жүрегімді ауылдың күңіренген дауысы езіп жіберді. Сол дауыс, Әділбек ағамның бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ет пен сүйектен жаратылған пенде емеспіз бе, екі күнге дейін есімді жиа алмай, жатып қалдым. Берекесі бұзылмаған, ағайын емеспе, кезекпен келіп көңілімді сұрап, қолымды алғандар көп болды. Өшкені жанып, өлгендері тірілгендей күй кешті. Әйтпесе анадай қара қасқа дауылдан аман шығу мүмкін емес еді. Кейін білдім, енді сүйегін іздейік деп, қонағасы беруге де дайындалған екен. Расында жасыратыны жоқ, аман қалуымыз – тек бір Алланың көмегі. Көретін жарығымыз бар екен. Кейін ауылда батыр Манаш атандым. Көшеде келе жатсам кішкене қыздар батыр аға десе, той-томалаққа бара қалсам, үлкендер жағы батырға орын беріңдер деп төрге шығарды. Аудандық, облыстық газеттерге де жазды. Осы жерде айта кеткенді жөн көріп отырмын, Бауыржан Күншебаев деген азамат, баспасөз бетінен оқып, танымаса да, ауылға арнайы келіп, қолымды алып, су жаңа мылтықты құжаттарымен қосып, сыйға тартты. Ерлігімді бағалап, сыйлық жасаған ағама үлкен алғысымды білдірем. Ағайынның бұл құрметіне шексіз ырзамын деп әңгімесін аяқтады.

* * *

...Міне, ағайын, кішкене ғана Көпбірлік ауылының тумасы Манарбек Калхозбековтың жасаған ерлігі ерен. Әркімнің қолынан келе бермейтіні хақ. Саналы ұрпаққа үлгі етерліктей. Алайда өз басын өлімге байлап, көзсіз ерлікке барып, төрт бірдей адамды ажал аузынан құтқарған Манарбек ағамыздың ерлігі ескерілмей қалғаны қынжылтады. Құзырлы орындар, билік тарапынан қандай да бір көңіл бөлініп, ертең ұрпағы менің әкем батыр, міне марапаттары деп мақтанышпен айтатын ештеңе болмағаны, әрине, ауыр. Ендеше «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деген Ілиястың өлең жолдары осындайды меңзеген болар?!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды