Жем-қорлық

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2485
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Құдайдан қорықпаған адам – пендеден ұяла қойсын ба?! Ұят – беттің пердесі екенін ұмытқан қоғам болды мына дәуір. Бетпердесі ашыл­ған­дардың араны да ашы­лып, жасап жатса да асылық, қымсыну мен қысылу жайына қалды. Нәтижесінде несібесіне бұйырған адал асын арам жолмен жеудің ҚОРЛЫҚ екенін біле тұра қорықпай қылғыта беру кәдімгіндей табыс көзіне айналып үлгерді.

ЖЕМ – ҚОРЛЫҚ! Жемқорлық жа­сап жүрген пенде, кім болсаңыз да, бетіңізге айтқандай қабыл­даңыз. Түптің түбінде қор болатын әрекетпен айналысып жүрсіз. Аты­ның өзі айтып тұрған қорлықтан атының басын бұра қашу ақылына кірмей жүрген не деген ақымақтық десеңізші?! Айып етпесеңіз мені асықпай, аптықпай аяғына дейін тыңдаңыз. Қарсы уәж айтып, ақта­лу­ға да асықпаңыз. Ақталып аппақ боламын деу де ойыңызға кіріп-шықпасын. Өйткені ол амалыңыз анаңыздан екінші рет туып келе алмайтыныңыз сияқты мүлдем мүм­кін емес шаруа. Өзіңіздің қо­лы­ңыз­бен жасап жатқан күнәні за­ман­­нан көріп, өзіңіз өмір сүріп отырған уақыттан кінә іздемеңіз. Сіз, біле­сіз бе, жемқор пенде?! Осының бәрін Құдайы­ңызды ұмыт­қаны­ңыздан істеп отырсыз. Сондықтан да, текті­лігінің тамырын тереңге салып, Жаратушысын танып, «Адам­ға сен­ген­нің екі көзі, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығатынын» айтып, ұрпағына адамдық пен адал­­­дықты өсиет ет­кен ата-ба­баларымның бір­шама тәмсілін есі­ңізге сала кетуді жөн көрдім.

Бірінші тәмсіл: «Құдайдан қо­рық­па­ғаннан қорық». Себебі, Жа­ра­­ту­­шысы­мен байланысын үзген адам, кез келген жамандықты жас­қанбай жасай береді. Бұл – батыр­лық деген сөз емес. Мен білсем, сіздің жүрегіңізде неше түрлі қор­қы­ныш бар. Сіз әуелі жем­қорлық жа­сап жатқанда ұсталып қалмасам екен деп қорқасыз. Бірақ неғұрлым сездірмеуге тырысасыз. Қызмет­тен қуылып кетпесем екен деп басты­ғыңыздан, көңілдесіңізге барғанда біліп қоймаса екен деп әйеліңізден, үйіңіз зәулім болса, іші бағалы дүниеге толса – тонап кет­песе екен деп ұры-қарыдан, көлі­гіңіз қымбат болса, абайсызда бір жеріне сызық түсіріп алмасам деген сияқты көп­теген нәрсе­ден қорқа­сыз. Осының бәрі денсау­лығы­ңызға белгілі мөл­шерде зиянын тигізетінін тағы да білесіз. Күй­зеліс, уайым, қанқы­сымының көте­рілуі, жүрек талмасы, қант диабеті сияқты ауру­дың жоқ дегенде бір-екеуі міндетті түрде дертіңізге айналады. Себебі, сіз негізгі қор­қынышты ұмытқансыз. Ол – жаны­ңызды уайымға, тәніңізді дертке шал­дық­тыратын қорқыныш емес, кері­сінше жүрегіңізге тыныштық сыйлап, көңі­ліңізге күн ұялатып, сергек се­зімге бөлейтін – Құдайдан қорқу қорқынышы еді. Неге десеңіз, Жара­тушы Алладан қорыққан адам жоға­рыда тізбектеп айт­қан жамандықтың біріне жоламайды. Ондай жанның түгі жоқ болса да көңілі шуақты, өмірі тұрақты. Таразылап көріңіз­ші, әсілі адам жыртқыш хайуаннан, шағып алмасын деп жыланнан, әйтеуір зяны тиеді-ау деген жыбырлағанның бәрі­нен және қастандық жасауы мүмкін деген адамнан қорықса қашады. Ал Алладан қорықса керісінше оған жа­қын­даудың сан түрлі жолын қарас­тырады. Жаман түс көрсе, түсінде кісі өлсе, бір жамандықтан аман қалса, жаман аурудан айықса мін­дет­ті түрде жеті нанын пісіріп, мешітке барып, (мешіттің Алланың жердегі үйі екенін ескеріп қойыңыз) Құранын оқытып, құдайы тамақ беріп, әйтеуір қолынан келгенше Құдайға жақындаудың бар­лық мүмкіндігін жіберіп алмауға ұмты­лады. Бірақ құдіретті Иеміз басы­ңызға іс түскен­де алдына басыңызды сал­быратып барып, жағдайыңызды ай­тып, дүниелік қана мәселеңізді шешіп беретін бастығыңыз емес. Алла сіздің барлық әрекетіңізді құрсаққа бір тамшы су болып түскені­ңізден, жарық дүниенің есігін ашып, маң­дайыңызға бұйырған өміріңізді сүріп, мәңгілік өмірге аттанып, әділет тара­зысы құрылатын махшардағы халі­ңіздің нәти­же­сінде не жаннаттық, не тозақ­тық болатыныңызға дейінгі аралықтың бәрін де біліп тұратын құдірет иесі!

Яғни, Құдай тағала ерніңіздің сы­быр­­лағанын ғана емес, жүрегіңіздің жыбыр­лағанына дейін қалт жібермей қадағалап тұр. Сіз осыны ешқашан ескермегенсіз. Ескерген жағдайда кісі ақысын жейтіндей ессіздікке бой ал­дырмайтын едіңіз.

Екінші тәмсіл: «Өзі болған Құ­дайын танымас». Сізді жемқорлыққа жете­леп, қанағатыңыздан қағып, құрдымға алып бара жатқан бойы­ңыздағы дәл осы мен­мен­дік. Лауа­зымыңыз жоғары, атағыңыз асқақ, байлығыңыз басы­ңызды айнал­ды­рып, астыңыздағы тақтың буы тұла бойыңызды біраз қыздырып, өзіңізді дүниенің қожа­сындай сезінгеніңізбен – сіз бір нәр­сені және негізгі нәрсені ұмыт­тыңыз. Анығында бойыңыздағы тәкап­парлық пен менмендік ұмыт­тырды. Ойлап көріңізші, сізге осындай дәрежеге жете­тіндей ақыл бермесе, он екі мүше­ңізде кемшілік болса, тас қараңғы көрмейтін соқыр, өздігіңізден жүріп- тұра алмайтын сал, бар ойы­ңызды ашық, еркін жеткізе алмайтын мылқау болсаңыз, басыңызға тарт­саңыз аяғы­ңызға жеткізбейтін жоқшы­лықтың қамытын кисеңіз, кеудеңіз көкті тіре­гендей алшаңдай басып, асқақтап жүрер ме едіңіз? Әрине, жоқ! Ендеше, сіз осынша нығметті тегіннен-тегін беріп отырған жаратушы Құда­йыңызды ұмыт­­­­қансыз. Мұның аяғы зор өкінішке апара­тынын есіңізге салып қояйын. Енді ұмыт­пауға тырысыңыз, анығы есіңізде мықтап ұстаңыз.

Үшінші тәмсіл: «Басы ауыр­маған­ның Құдайымен ісі жоқ». Он екі мүше­ңіз сау, ебін тауып екі асап, екі жеп биге шығып, қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк, оң қолы­ңызбен беріп, сол қолы­ңызбен алып, тойғаныңызға мәз бо­лып, тоңғандар жайлы ойлануды қой­ғансыз. Яғни, Құдай­ды естен шығар­ғансыз.

Бұл бейғамдық сізге екі дүниеңізде де опық жегізетін кесел. Сол басы­ңыздың ауырмағандығынан алды­ңызға жағдайын айтып келген жанның шар­уасын құлқы­ныңыздан өткізіп жіберетін бірдеңе бер­месе, кеңір­дегіңізге тіреп қойып, кекірейе қара­ғанды шығар­ғансыз. Кетпеннің ұңғы­сынан да кіш­кен­тай кеңірдектен түйені түгімен, үстіндегі жүгімен қылғытып жа­тыр­сыз, қылғытып жатырсыз. Бәл­кім, жем­қорлықты қоя алмай жүр­геніңіздің өзі осы бір індеттің етіңіз­ден өтіп, сүйе­гіңізге сіңіп кеткенінен де шығар, ойланып көрі­ңізші?!

Төртінші тәмсіл: «Құдайсыз қурай сынбайды». Олай болса, есіңізде сақ­та­ңыз. Әр нәрсенің сұрауы бар. Жал­ған дүниені жалпағынан басып жүрге­ніңізбен біреуге жасаған қиянатыңыз бен қастан­дығыңыз үшін, обал-сауап­ты ескерме­геніңіз үшін міндетті түрде сұралатын күн туады. Мұны да ата-бабаңыз айтқан: «Кісі ақысы кісіде кет­пейді»! Осыны да бір сәт ойлап қойы­ңыз, сұралар күннің қашан бола­тынын білгіңіз келсе, сөзімді аяғына дейін тыңдаңыз.

Тағыда айтам, сыбайлас­тары­ңыз­бен бірігіп, жең ұшынан жалғасқан жемқор­лықты шебер меңгеріп алға­ныңызды мақтан тұтпаңыз. «Көп ас­қанға – бір тосқан» болатынын ақылы дария ата-бабаңыз әлде­қашан айтып кеткен. Оны өзіңіз де көріп жүрсіз ғой. Сіз сияқты қан­шама жемқор есебінен жаңылып, ұтылып, торға түсіп, тұтылып жа­тыр. Оның басына түскен құрық бір күні сіздің де мойыныңызға іліне­тінін, білмейді емес, білесіз ғой. Жүре­гіңіз сезген жамандықты, тойымсыз нәпсіңіз жоққа шығар­ғысы келеді-ау. Осы бір пәлекет­тің кесірінен түбінде өзіңіздің де тұты­ла­­тыны­ңызды ұмыт­пасаңызшы. Тұтылуын тұты­ларсыз-ау, бірақ мүмкіндігіңіз бар – пара беріп, құтылып кете­тініңіз тағы рас. Бай­қайсыз ба? Жемқорлық арқылы бір күнәға бат­тыңыз, одан құтыламын деп пара беріп, екінші рет күнәлі болды­ңыз, «пробле­ма­ңыз­ды шешу» үшін сы­бай­ла­сы­ңыз­ды аралас­тырып, үшін­ші адамды күнәға итер­діңіз. Осы­лайша жаман­дық атаулы сізді шыр­мауықша шыр­мап жатыр. «Жақсы­лыққа жақсы­лық, жаман­дыққа жа­ман­дық» қай­тарым бола­тынын Алла тағала қа­сиет­ті Құран Кәрімде он төрт ғасыр­дың ар жа­ғын­да айтып қойған. Құдайын та­нып, құлшы­лығына берік болған аталарым Құ­ран сөзін өз ұрпағына: «Атаңнан алмаса, ботаң­нан алады», деп тәп­сір­леген. Сіздің бүгінгі күніңіз үшін құлқынның құлы болып жасап жүр­ген әрекетіңіз ертең ұрпағыңызға зиянын тигізеді. Бұл ақиқат!

Жоғарыда сұралатыныңыз жай­лы айтамын деп едім, тыңдаңыз, Абай атамның сөзімен жауап бе­рейін: «Ертең өзің қайдасың біле­місің, өлмек үшін туғансың ойлан шырақ». Шынымен де ойланып көрі­ңіз, ертең есеп күні келген­де Алла­ның мейіріміндесіз бе әлде қаһа­рындасыз ба? «Жүрегіңіздің түбіне терең бойлап», оны да ойлаңыз. Әсілі, жемқорлық дегеніңіз емі жоқ ауру емес қой. Жолын іздесеңіз асқынып тұрса да емі табылады. Оның төте жолы һәм жазатын дәрісі Абай атамның: «ҚҰДАЙ­ДАН ҚО­РЫҚ, ПЕНДЕДЕН ҰЯЛ» деген бір­ауыз сөзі ғана. Қолданып көріңіз, құлан-таза айығасыз! Әй, жемқор пенде, осы айтқандарымды ақыл айтпашы деп айыптап емес, жан­ашыр жақынымның әрекеті деп қабылдаңызшы. Жарай ма?!

Жұматай ӘМІРЕЕВ