КЕРЗАМАН: ҮЙЛЕНУ ДЕ, АЖЫРАСУ ДА ОҢАЙ

Уақыты: 31.07.2019
Оқылды: 1603
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінгі таңда отбасын құрғанымен, көп ұзамай ажырасып жатқандар саны көбейіп кеткені жасырын емес. Ал сол ажырасуға не итермелейді? Сүйіп, күйіп, махаббатпен үйленген жастар аяқ асты ондай шешімге не үшін барады?

Еліміз бойынша өткен жылы 137 797 адам некеге тұрса, ажырасқандар саны 53 797-ні құраған. Бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ал, облысымыз бойынша жыл басынан бері некеге тұрғандар саны 2412-ні, ажырасқандар қатары 912-ні құрайды. Ажырасудан алда тұрғандар Талғар және Қарасай аудандары екен.

Ажырасу дерегі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы ондықта тұр. Неге? Күні кеше қазақ даласында жесір әйел, жетім бала деген атау тұрмақ, ажырасу деген болмаған. Сол кезде жұрттың бәрі шынайы махаббатпен үйленіп пе еді? Көбіне ата-ананың таңдауымен бас қосты емес пе? Қалың мал үшін қыздарын тұрмысқа бергендер де болды. Бірақ, күйеуге кеткен қыздың қайтып келуі екіталай еді. Ер мен әйелдің құқығы теңеліп, барлығына таңдау еркіндігі берілген бүгінгі күні ажырасудың көбеюіне не себеп?

Мұндағы басты бірнеше фактор: мінездерінің жараспауы, отбасылық ұсақ мәселелерден шаршау, ортаға туған-туыстардың түсуі, қаражат жетіспеушілігі. Шынымен де осы себеп пе? Неке таныстықтан басталады деп қарастыратын болсақ, қазір ол қалай өрбиді? Көбі әлеуметтік желі арқылы танысады. Атамыз қазақ «Адам тілдескенше, ат кісінескенше» демей ме? Адамды тану үшін ауыз екі сөйлескен абзал. Қазіргі таңда бұл сиреп барады. Қолыңдағы телефонмен күніне қанша тілдессеңде, ол бір рет көзбен көріп ұғынысқанға жете ме? Жоқ. Әрине желі арқылы танысып, бақытты отбасы болып отырғандар да баршылық. Бұрындары таныстық жеңгелердің ортаға түсуімен, үлкендердің айтуымен орын алатын. Содан кейін ғана қыздың рұқсаты сұралатын. Оның негізгі мәні – жігіттің қандай жерден шыққанын, тегінің кім, қандай адам екенін білу. Бүгінде жастардың танысып, біліскені жеткілікті. Сөйлескендеріне біраз уақыт болса да, ата-анаға ең соңында той болатын күні немесе құдалықта таныстырып жатады.

Мұндай жағдайға өз басым екі мәрте куә болдым. Мәселен, таныс бір жігіт ата-ана алдына барып, қыздың қолын арнайы сұрамады. Тек қана өзара келісім жасалды. Сол жеткілікті болды. Қыз ұзатуда ғана екі жақ бір-бірін көріп, танысты. Мұның өзі үйленуге соншалықты жеңіл қарайтындығымыздың көрінісі емес пе? Әйтпесе екі жақ алдын ала танысып, болашақ келініне немесе күйеу баласына өз бағаларын бермес пе еді?

Желі қосқан ғашықтардың ішкі дүниесі де «масканың» астындағыдай көп нәрсе жасырып жатуы мүмкін. Ажырасқандардың мұңына құлақ түрсеңіз «дұрыс тани алмаппын» дейтіндерін жиі естисіз. Үлкендердің алдынан өтіп, ақ батасын алмастан, танып-білмей шаңырақ көтергеннің соңы осылай аяқталары да сөзсіз.

Жалпы, адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек деп жатады. Соның бірі – жар таңдау мәселесі. Ол сенің өмірлік тірегің, құдай қосқан қосағың болмақ. Біз ажырасудың себебін үйленген уақыттан кейін іздейміз. Ал, оның басты себебі отбасын құрғанға дейінгі уақытта жатқан жоқ па? Дұрыс таңдау демекші, ердің таңдауына қатысты, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелге төрт нәрсесіне қарай үйленіңдер: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды ұнат. Алла қолыңды кеңітеді. Яғни, әйел иманды болса үйге берекет кіреді», – деп өсиет етеді. Себебі, иманды жар – тәрбиелі ұрпақ мәйегі, еркектің иманының жартысы, жанының тыныштығы мен тынымы, көзінің қуанышы болмақ. Қазіргі жігіттер айтатын сыйласым болмады деуінің бір жағы осында жатса керек.

Ал қыздың жар таңдау кезінде ердің иманының беріктігіне және мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Өйткені, Алладан қорыққан ер әйелді аманат деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Үйде сыйласымдылық болса отбасында артық әңгіменің шығуы мүмкін емес. Тағы бір айтатынымыз, біз қателікті екі жақты деп қарастырмаймыз. Тек біреудің қателігін айтуға бейімбіз. Алладан жақсы жар кездестіруді сұраған жігіт немесе қыз өз мінезін, түсінігін, ниетін, білімін, т.б. жақсартуы қажет. Себебі, Алла – әділ. «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық» («Нұр» сүресі, 26-аят) деген Құран сөзі бар емес пе?

Келесі келтірер тағы бір мысал, үлкендердің үй болған соң «ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды» дейтіні. Ал бүгінде қасық қозғалса болды төркінге қайту сәнге айналып кетті. Оның соңы екіжақтың түсініспеушілігіне әкеліп соғатыны белгілі. Әліптің артын бақпай-ақ екі жақтың қырғи қабақ бола қалатыны тағы бар. Бұрындары ұрыс бола қалса «күйеуіңді жамандама, екеуіңнің араларың жақсарғанда ол басқалардың алдында жаман адам болып қалады» деп айтатын. Қылт етсе үйге келе беретін қызын «қайтып келген қыз жаман» деп ақыл айтып, кері қайтарып жіберетін. Қазір олай ететін ана бар ма? Заман өзгерді ме, әлде түсінік басқа ма, «ішіме сиған балам, сыртыма да сияды» дегенді ұстанады. Үйіне қайтып келген қызын қуып жібермек түгілі, құдалар жаққа барып  ұрыс шығаратын, күйеу баламен керісетін аналар жетерлік.

Мұның соңы ренжісіп жүрген ерлі-зайыптының арасына одан бетер от жағып, ажырасуға әкеліп соқпай ма? Екі жастың ортасында бала болмады делік. Ал болса ше? Оны кім ойлайды. Жалғыз басты болсамда өзім асыраймын деп жұлқынған ана балаларының болашағына алаңдап та жатпайды. Екіге айырылған отбасында көбіне сот шешімі бойынша бала ананың қарауына беріледі. Әке тәрбиесін көрмеген қаракөз әрдайым мейірімділік аңсап, оны сырттан іздейді. Мұндай жағдай қоғамда кездесетін жалаңаштанған қыз бен боянған жігіттердің көбеюіне әкеліп соқпайтынына кім кепіл? Әр түрлі тағдыр болады. Алайда сол тағдырды таңдауға адамға мүмкіндік беріледі емес пе?

Біз әңгімеге тартқан Нүргүлдің сөзіне қарағанда күйеуімен оқыстан, жұмыстан қайтып бара жатқанда танысқан. Үш күн болар-болмастан алып қашқан. Екеуі бес ай ғана бір шаңырақ астында тұрған. Ажырасуларына басты себеп, жігіттің бұрынғы жүрген қызына кетіп қалуы. Сонда жігіттер жауапкершілік дегеннен мақұрым болғаны ма? Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, жағдайдың да екі түрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда кімнің сөзін сөйлерсіз. Қазақ халқында «табалдырық» аттаған қызға көзқарастың басқа болатыны да белгілі. Тек «қайтып келген» қыздардың көптігіне қарай бұл беті жылы жабылған мәселедей. Әрине, қуана алмаймыз. Дегенмен қолдан келетін амал нешік?

Келесі кейіпкеріміздің тағдыры тіптен бөлек. Бір-бірін жақсы көріп шаңырақ көтергендеріне 8 жылдың көлемі болған. Араларында екі бала бар. «Ажырасуымызға басты себеп, түсінісе алмауымыз», – дейді Ақжан. Әкесі алимент төлеуден де, екі баласынан да бас тартқан. Мүмкін дұрыс болған да шығар. Өз қанынан оңай бас тартқан адам балаларына қандай тәрбие бермек? Бірақ, ана әке орнын баса алар ма?

Жақында мына бір сөзді құлағым шалып қалды. Шайтанның ең үлкен жетістігі мен айласының жемісі, оған дәреже сыйлайтын ісі де – бір отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, керегесін сөгу екен. Имам Мүслімнің сахих хадистер жинағында кездесетін Пайғамбарымыздың мына бір хадисінде былай делінген: «Ібіліс өзінің тағын судың үстіне құрады да, сол жерге ордасын тігеді. Сөйтеді де жендеттерін дүниенің шартарапына бүлік шығаруға жібереді. Олардың арасынан ең үлкен бүлікке себеп болғанын да өзіне жақын тартып, ең сүйікті әскері етіп тағайындайды. Осы үшін Ібілістің жендеттері кезегімен келіп, салған ылаңдарын айта бастайды. Бірі келіп: «Мен бүгін ананы істедім, мынаны істедім», – дейді, Ібіліс оны: «Түк те істемепсің», – деп қайтарады екен. Тағы біреуі келіп: «Мен ерлі-зайыптыларды ажырастыру үшін бір отбасының қыр соңынан қалмадым, ақыры ажырасып тынды», – дейді. Сонда Ібіліс қуанып: «Сен неткен жақсы едің, ең жақсылардан болдың», – дейді екен.

Бұдан шығатыны, ажырасу тағы бір үлкен күнәнің басы болуы мүмкін. Міне, сол себептен де әр нәрсеге төзімділікпен қарап, болашақ ұрпағы үшін шаңырағының шайқалмауын ойлаған, қорған болар ер азамат пен ұйытқысы мен шуағы болар әйел адамның ашуды ақылға, сабырға жеңдіргендері абзал-ақ. Қазақ халқы «үйлену оңай, үй болу қиын» деп осыны меңзесе керек.

Аймарал ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды