«FACEAPP»: НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Уақыты: 03.08.2019
Оқылды: 1637
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Соңғы аптада  әлем тұрғындарының 50-60 жасқа қартайып қалғанын байқаған боларсыз. Менікі сияқты сіздің де  Instagram  парақшаңыз қарт адамдардың суретімен толып кеткеніне сенімдімін. Бұл бүгінгінің тренді. 

Қарттықтың тағы бір ерекше түрі. «Виртуалды қарттық» десек болады. Өзінің егде тартқан кезін көруге асық жандар жаңа технологиялар арқылы бір амал тауыпты. Ол үшін бар болғаны ұялы телефоныңызға «FaceApp» бағдарламасын жүктеп, суретке түссеңіз жеткілікті. Нәтижесінде ғасырға жуық ғұмыр кешпей-ақ кез келгеніңіз  өздеріңіздің қартайған келбетіңізді көре аласыз.
 «FaceApp» бағдарламасы нейрондық желілер  арқылы адамның түрін өз­герте алады. Езуіңізге өтірік күлкі тартып, қалауыңызша бет пішініңізді өзгертіп, тіпті әжім басқан  шағыңыз­ды да көз алдыңызға әке­леді. Бағдарламаның аталған функциялары қолданушылар арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соңғы уақытта мыңдаған адам сол арқылы бет-әлпетін қартайтып түскен суреттерін әлеуметтік желілерде жарыса жариялауда. Бірі өзінің кәрі түрін ата-әжелерінің сурет­терімен салыстырып жатса, енді бірі ата-аналар тіпті кішкентай балаларын суретке түсіріп, бағдарлама арқылы қартайтып қойған. Әлеуметтік желілер арқылы көпшілік адамды соңынан ілестіріп алар күші бар кез келген эстафеталар мен челлендждердің астары болатыны анық. Осының бәрін бақылай отырып «Сонда адам неге өзінің қартайған түрін көргісі келеді?» деген сұрақ туындайды. Бұл  біздің ғана емес, әлемнің мыңдаған психологтарының алдында тұрған сауал. Көбі «FaceApp» арқылы қарттығын көруге асық адамдардың әрекетінде жай ғана ермектен бөлек болашаққа деген күмән мен қарттықтан қорқу мәселесі жатыр дейді.  
Көптеген елдер бағдарламаны қолдануға тыйым салу керек деп дабыл қағуда. Себебі адамның өмірге деген құлшынысына селкеу түсіретін бұл бағдарлама рухыңның жауы. Керісінше, жастықты мәңгілік етудің амалын іздеңіз. Қарттықтан қашсаңыз жастықтың лебі еседі. Тәннің кәрілігі түк емес, жанымыз қартаймасын!

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН