ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ЖАРНАМАСЫЗ ЖАСА

Уақыты: 03.08.2019
Оқылды: 3425
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кең далада дарқандықты бойына сіңіріп өскен қазақы асыл қасиеттің бірі  – қайырымдылық. Басынан қандай заман өтсе де жетім мен жесірін жылатпай, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы қасиеті. Десек те арамызда азды-көпті жасаған жақсылығын жария ететіндер бар. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен «әлеуметтік әлсіз топтарға ас бердік», «көпбалалы отбасыларға немесе ардагерлерге азық-түлік себетін тараттық», «мектепке қажетті оқу құралдарын алып бердік» деп аз ғана жақсылығын «айқайлап тұрып» айтатындар кездеседі. Болмашы ғана нәрсені өз мүддесі үшін жұртшылыққа насихаттау қажет пе? Жақсылыққа жарнама жасау қаншалықты дұрыс?

Мұқтаж жандарға қол ұшын беру шариғатта да үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда, жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Бұл туралы ата-бабаларымыз «Жанашырлыққа жан риза», «Садақа – береке кілті» деп қамқорлық көрсетуді парыз санап, игі іске шақырған. Біреуден бірдеңе дәметпей-ақ жай ғана жылы сөзге зәру болып жүрген заманда атымтай жомарттарды көргенде «Әп, бәрекелді!» дейсің. Әйтсе де осы қайырымдылықты атын шығару үшін, даңқын асыру үшін істейтіндерді көргенде қарның ашатыны да рас.
Бүгінгі таңда жақсылық жасау, қайырлы іс, көмекке зәру жандар туралы тақырып жиі қозғалады. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген жақсы жандар туралы да жиі айтылады. Одан бөлек, «тойларына пәлен миллион доллар жұмсады» дейтін жазбалардың да қатары көбеюде. Оны көрген көпшілік: «Сонша ақшаны желге шашқанша үйсіз-күйсіз қиындық көріп жүргендерге баспана алып берсе қаншама сауап алар еді, одан қалды елдің алғысын алар еді», – деген назын білдіріп жүр. Бұған басқа қырынан қарасақ, көмек күтіп дәніккендер қатары да жетіп- артылады. 
Ақша билеген қазіргі заманда «адам адамға дос, бауыр» деген қағидат кейін шегініп, әр пенде қара басы үшін ештеңеден тайынбайтын, ар-ұятты жиып қойып, ақша соңынан жүретін болып барады. Осыдан-ақ қайырымдылықтың негізгі мән-мағынасы мен қамқорлық жасаудың мәдениеті, шынайылығы үлкен тақырып екені көрінеді. 
Қамқорлықты, істеген жақсылығын жарнамалаған дұрыс па, әлде бұрыс па, деген сауалға жауап іздеп те көрген едік. 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын: 
– Қайырымдылықпен айналысқан керемет, алайда оны жасырып жасағандар – одан да ғажап! Кәріп-кәсір, жетім-жесірге жасаған қайырымдылықтың сауабы мол деп айтады. Оны жүзеге асыру әркімнің пайым-парасатына байланысты. Сонымен қатар, қайырымды адамдардың көп болғаны жақсы емес пе? Бірақ атына сай ұялмайтындай жасаса. Ал үндемей жүріп-ақ үлкен іс тындыратын шын қайырымды адамдар да бар. Олардың жасаған жақсылығына разы боласың. 
Жансая ҚАБДЕН, Оқушылар сарайы, «Жас ақын» үйірмесінің жетекшісі: 
– Қаржылай көмек көрсету – ол да бір жақсылықтың түрі. Ал жақсылық үлкен-кіші болып бөлінбейді. Негізі, мүмкіндігінен айырылған, денсаулығы жоқ адамдарға көмектесіп тұрған дұрыс. Ақпарат үшін болмаса өзі қайырымдылық жасап, өзі сүйіншілеген дұрыс емес. Меніңше, басқалар осы ісімнен үлгі алсын деген мақсат болмаса жариялаудың қажеті жоқ. Әр басқан ізімізден қайырымдылық есіп тұруы керек. Қайырымдылықсыз дүние қараңғы болатын секілді. Жақсылық деген жұғысты ғой. Осы тұрғыдан алып қарағанда, айтылу керек те секілді. Өз басым қайырымдылық қоры дегендерге сене бермеймін. Өйткені, аударып жатқан қаржың ұрының қолына түспесіне кім кепіл? Тікелей үкіметтік органдар арқылы көмекті қажет ететін жандарға қол ұшын созған жөн. Яғни, көмектің тікелей болғаны дұрыс.

Тақырыпқа тұздық: 

Ел аузында мынадай бір аңыз бар. Қарт кісі базарда келе жатып, алдында бір саудагердің түймесі үзіліп түскенін көреді. Жерден алып бермекші болады да райынан қайтып қалады. «Осы түймеге қарап қалып па? Онсыз да түймелері көп қой» деп ойлайды ішінен. Бірақ, саудагер алыстап кеткенде соңынан еріп, ақыры түймесін апарып береді. Уақыты келгенде әлгі қарт дүние салады. Періштелер оның амал дәптерін қарап, істеген жақсылығы мен жамандығын таразыға теңдеп жатыр екен. Әлден уақытта жамандығы асып кетеді. Сонда бір періште таразының жақсылық артылған басына баяғы түймені әкеліп салыпты. Сол-ақ екен, жақсылық жағы басым түседі. Қарт періштеден: «Бұған дейін істеген қанша жақсылығым есепке алынбай, бір ғана түйменің салмағы ауыр тартқаны қалай?» – деп сұрайды. Періште: «Бұған дейінгі жақсылықты жұртқа айтып мақтандың, елге көрсету үшін жасадың. Ал түймені шын көңіліңмен көтердің», – деген екен.

 


Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің директоры: 
– Қаржылы адамдардың қарапайым адамдарға көмектесуіне бір мотивация қажет. Олардың жасаған жақсылығына орай жылы сөз естігісі келуі мүмкін. Немесе оның екінші бір қыры – өзге де азаматтарға ой салады. Бізде қазақта бәсекелестік бар. Мысалы, біреу 100 доллар берсе, екіншісі 200 доллар бергісі келеді. Бірінен-бірі асып түскісі келетін жағдайлар бар. Сол тұрғыдан алғанда жарнамалауда тұрған сөгеттік жоқ деп ойлаймын. Ол қайта жақсы әсер етуі мүмкін.
Қайырымдылық жұмыстары қалай жасалынып жатыр, сапалық деңгейі қандай деген бөлек мәселе. Шын мәнінде көзбояушылықпен көмек көрсеткен сыңай танытып, бір адамға көмектесіп, мың адамға көмектескен секілді түр жасайтын алдамшылық әрекеттерге барып жүргендер болса, ол әрине ұят жағдай. Қайырымдылық жасаған кезде де сауатты түрде жасау керек. Біреулер білместікпен ұры-қарының есепшотына ақша аударып, жақсылық жасап жатырмын деп ойлап, ұры-қарыны қаржыландырып отырғанын білмей қалады. Сондықтан ерінбей зерттеп, көріп-біліп, жағдайымен танысып, көпбалалы отбасыларға, жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтын жандарға көмектескен дұрыс болар еді. Кейбір жалқау адамдардың барлық мүшесі сау болса да жұмыс істеуге ынта-жігері жоқ. Қанша көмектессең де таз қалпына қайтадан түседі. Сонымен бірге 25-30-дағы жігіттердің қайыр сұрап тұрғанын көргенде ұяласың. Бұл – ұсақталу деңгейінің бір көрінісі. Қорыта келгенде айтарым, халық та ақ пен қараны ажыратып, көзге көрініп тұрған игі істерді көрсетіп, көтермелеуі керек.

Алмас БАЗАРБЕКОВ, қала тұрғыны: 
– Бұл, менің ойымша, дұрыс емес. Істеген жақсылықтарыңды бәріне жария етіп мақтансаң, олардың сауабы қалмайды. Қайырымдылық жасадың ба, болды, бітті. Ол туралы сүйінші сұрап, сөз қозғама. Тек өзгелерді қайырымдылық жасауға шақыр. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дегендей, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу арқылы мейірімділіктің маңызы артады. Қайырымды болу үшін үлкен жүрек керек.

Түйін: «Жақсылыққа – қайырымдылықпен, мейірімділікке – ізгілікпен, достыққа – адалдықпен жауап беру керек» деп бекер айтпаса керек. Алайда қайырымдылық деген ізгі қасиетті пиарға, бизнеске, саудаға айналдырып отырып, сауап жинаймын деу – өте қате пікір. Сондай-ақ, қайырымдылық жасау мерекелерде ғана еске түсетін «маусымдық сипаттағы іс» болмағаны жөн. 
Айта кетерлігі, атымтай жомарттардың бүгінгі жалғасының көпбалалы аналарға баспана әперіп жатқандарын естіп қуанасың, басқасы солардан үлгі алса екен дейсің. Тіпті арасында жасаған жақсылығын жалпақ жұртқа жария етпеуді өтінетіндері де бар. Жақсылықты осылай жасаса керек-ті!
Қалай болғанда да бүгінде бойымыздан табыла бермейтін жанашырлық, мейірім, қайырым деген қасиет жоғалмасын дейік!


Еңлік ҚАБДЕШ
Сурет ғаламтордан алынды