ШАПАН КИІП ЖҮРУ ҰЯТ ПА?

Уақыты: 04.08.2019
Оқылды: 2137
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әрбір ұлт ерте заманнан өзіне тән ұлттық киімдерін қалыптастырған. Соның ішінде қазақ халқының да ерлерге, әйелдерге арналған, өздеріне жарасымды, айшықты, сән беріп тұратын ұлттық киімдері бар.

Бұрындары  ата-бабамыз сол киімдерді киіп келген болса,  кеңес үкіметі тұсында оны ескіліктің сарқыншағы деп түсінген халқымыз еуропалықтарша киінуге қызықты. Ұлттық киімдерімізді сахнаға шыққан әртістердің, шапанды кейбір молдалардың үстінен ғана көретін болдық. Көзімізден бұлбұл ұшқан осы киімімізді жылына бір рет келетін Наурыз мерекесінде бірен-саран егде адамдар, сахнаға шыққан жастар ғана киіп шығатын болды. Ал қалған жұртшылық Наурыз мерекесінде де ұлттық киімді киіп шығуды қажет деп санамады. Ұлттық шапан киген бірлі-жарым адамды көшеде, қоғамдық орындарда көрсек тосырқай, таңдана қарайтын болдық. Бұған бір мысал – қарағандылық бір азамат баспасөз бетінде жарияланған мақаласында құдасының тойына үй-ішінің қарсылық білдіргеніне қарамастан  жасыл шапанын киіп барғанын, тойға келгендердің оған басқа әлемнен келгендей аңтарылып, тосырқай қарағанын, бұған өзі де ыңғайсызданғанын, келін-баласының оның қасына отырмай намыстанып, алысырақ отырғанын, әйелінің де қасында әрең шыдап жүргенін жазған. Бұл ащы да болса бүгінгі өмірдің шындығы. 
Қазіргі таңда шапан тек құдалықта киіт кигізгенге, мерейтойларда той иесінің иығына жапқанға ғана жарамды болып қалды. Ең болмағанда Наурыз мерекесі, Ораза айт, Құрбан айт күндері қалпақ, шапанымызды неге киіп шықпасқа? Әлде ұлттық киімдеріміз киюге ыңғайсыз тігілген бе? Ана жылы бір азамат қалпақ сыйға тартты. Әлгі ақ қалпақ елік ауыз болып қисықтау тігілген екен. Анда-санда киіп шыққанда қайта-қайта түзетіп, киген құрлы болмадым. Міне, осындай дұрыс жасалмаған дүние де ұлттық киім киюге деген құлшынысымызды азайтары анық. Бұл да қазақтың ұлттық киіміне жүрдім-бардым қарап, қолдан-қолға өте беретін бұйым ретінде қалай болса солай жасала салатынының бір дәлелі болса керек. 
Түптеп келгенде, бөрік, тақия, шапан сынды ұлттық киімдерді киюге намыстанатын сияқтымыз. Қырғыздардың айырқалпағын, базарда сауда жасайтын өзбектердің ала шапаны мен тақиясын үстінен бір тастамай күнделікті киіп жүргенін көруге болады. Жоғарыда айтып кеткен қарағандылық азамат «шапанды шенеуніктер бастап кисе, онда қалған жұртшылық та киер еді» деген ойын білдірген. Бұл да қостауға тұрарлық пікір. Көбіне үйде жатқан шапанды бұйым көрмей киітке қосасың, егде жастағы мерейтой иесіне апарасың. Сондай жолмен келген шапанды кейбір қариялар ең болмағанда Наурыз мерекесінде жастарға үлгі болсын деп киіп шығады. Ол шапан олпы-солпы болып оның сұрқын қашырып тұрады. Мұны көрген жастар егде жастағы адамдардардың өздері ұлттық шапанды кигенде бойына жарасқаны қайсы деп ойлайды. Жараспаудағы гәп оның өзіне шақтап, өлшеп алмағанында дер едім.     
Елімізге алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарды нан-тұзбен қарсы алу үшін ұлттық киім киіп шыққан қазақ қыздары көрер көзге қандай жарасымды көрінеді. Шапанды да солай үйлесімді етіп кие білсек, ол біздің ұлттық ерекшелігіміз, мақтанышымыз болмақ. Оны сатып алуға сұраныс болмаған соң ұлттық шапан киюдің тоқтатылуы, дүкен сөрелерінен де көрінбеуі мүмкін. Осы қалыппен жүре берсек, 30-40 жылда кейінгі ұрпақ қазақтың ұлттық киімдерінің суретін тек тарих оқулығынан немесе мұражайлардан ғана көре алатын шығар. Олай болмас үшін ұлттық киімдерімізді анда-санда көрсетіп қоймай, үнемі киіп жүрген жөн болар. Мұны көрген ұрпағымыз да солай етеді. Басқа ұлттардың да ұлттық киімімізге сүйсіне көз тігіп, қошемет көрсетері хақ. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» демейтін бе еді? Ұлттық киімімізді алдымен өзіміз қадірлейік, ағайын! Егер өз киімімізді өзіміз кимейтін болсақ, өзгелер оны тіпті әспеттемесі анық.      

Нұртай  Қыдыралыұлы,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
 еңбек ардагері

Сурет ғаламтордан алынды