Мәңгілік Елдің мәртебесі

Уақыты: 29.11.2016
Оқылды: 1936
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Артық ТОҚСАНБАЕВ,
Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры:

– Парламент палаталарының бірлескен отырысында тәуелсіздік Декларациясы қабылданды. Онда ширек ғасыр бедерінде бағындырған белестеріміз бен асқан асуларымыз айшықталып, тарихи жетістіктерге жеткізген парасатты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбектері анық көрсетілді. Себебі, шекарамыздың шегенделіп, әлеуметтік-экономикалық даму даңғылына түсуіміз, түптеп келгенде дамыған 50 елдің қатарына еркін енуіміз сынды ғажайып дүниелердің орын алуы – Елбасымыздың саясаты мен іскерлігінің жемісі мен жетістігі. 
 Жұрт жүрегін үрей билеген жылдары ел тізгінін алып, жас мемлекетті ширек ғасырда шың басына шығарғаны барша қазақстандықтарға мәлім. Өткен 25 жылды барлайтын болсақ, бабалар арман еткен асуды алқымдап, мақсаты мен мұратын мұрындықтадық. Түптеп келгенде, төрткүл дүние тамсанып қарайтын ажарлы Астананың бой түзеп, ел төрінде дүниежүзілік қауымдастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ордақтас мемлекеттердің отырыс алаңына айналуы, адамзат өміріне балта шабатын атом бомбасынан алғашқы болып бас тартып, бейбітшілік ұранын барша мемлекетке мәлімдеген, әртүрлі діни наным-сенімдегі ұлыстарды ұлт қылып ұйыстыра білген елдің ерлігі мен Елбасының тұлғалық болмысын баяндайтын маңызды құжат мәртебемізді өсірмек. «Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді», – делінген Декларация сөзі жан жадыратады.