Жұлдызды шаралар жүйелі өтуде

Уақыты: 06.12.2016
Оқылды: 1668
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын көтеріңкі көңіл-күймен, үлкен мақтаныш сезімімен атап өткелі отырмыз. Осынау ширек ғасырлық мерейтойды есте қаларлықтай етіп өткізу – баршамыздың борышымыз. Соған орай ауданымызда «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізгі жұлдызды күндері» жобасы аясындағы іс-шаралар жүйелі түрде, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізілуде. Қайырымдылық шаралары, санитарлық тазалық сенбіліктері мен түрлі акциялар, кәсіби даталардың мерекеленуі, жастар арасындағы сайыстар сынды бірқатар ізгі істер 25 күн бойы аудан жұртшылығының мерейін асырмақ.

Алғашқы шара аудан орталығы Шонжы ауылында бастау алып, Шарын, Тасқарасу, Бахар ауылдарында жалғасты. Әрбір іс-шара тәуелсіздік атты қастерлі ұғымның абыройын асырып, мерейін үстем етті. Көк Туымыз желбіреп, мемлекеттік Гимніміз шырқалды. Мемлекеттің кешегісі мен бүгінгісі, артта қалған небір қиын замандар мен жас мемлекеттің жүріп өткен әрбір соқпағы бүгінде көшелі тарихқа айналғаны аян. Осыны көрсете білген шараға ауылдардың жас-кәрісі түгелдей жиналды. 
Шарын ауылында өткен «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» атты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев ауыл  жұртшылығын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, мерекенің қадір-қасиетін ұрпақтар жадына үнемі сіңіріп отыруымыз қажеттігін екшеп айтты. Азаттықтың ата-баба арманы екенін де терең ұғындырып, шараның мақсаты жайлы кеңінен әңгімеледі. 
Аудан орталығында өткен «Тәуелсіздігім – Мәңгілігім» атты мәдени шарада сөз алған ауыл әкімі Арлен Сеналов Елбасы мен Қазақстанның егіз ұғым екенін, сол тәуелсіз Қазақстанның әлем алдында жеткен жетістіктерінің барлығының Ұлт Көшбасшысымен тікелей байланыстылығын сөз етіп, ширек ғасыр аралығында ауданымыздың, оның ішінде Астананың қандай деңгейге жетіп, дамығанын, халықтың тұрмыс деңгейінің артқанын сөз етті. 
Тасқарасу, Бахар, Сүмбе ауылдарында өткен әр шара өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Ауыл тұрғындары мен жастар, оқушылар азаттық тақырыбында әуелете ән салды. Бейбіт күннің шуағына шомылып, мың бұрала биледі. Ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке ширек ғасыр толғанына «тәубе» десіп, ақсақалдарымыз ақ батасын төгілтті. Осылайша мереке қарсаңында қасиетті Қарадала өңірі ән мен жырдың құшағына бөленіп, еркіндіктің еркін дауысы әр қиырға жетіп жатты. 


Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ұйғыр ауданы.