"ЛАҒЫНЕТ": НАИБ ИМАМ СЫРҒА ТАҒАТЫН ЕРЛЕР ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 24.09.2019
Оқылды: 2452
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Сұлулық құрбандықты талап етеді» десек те, ол – тәнді жарақаттап, «модаға» ілесу деген сөз емес. Бүгінде жастар арасында денені әр жерден тесу сәнге айналды. Бір сөзбен айтқанда, құлаққа, онымен қоймай, мұрынға, қасқа, кіндікке пирсинг жасату белең алып барады. Бұрындары сырға тағу қыз-келіншектерге ғана тән десек, бүгінде ер-азаматтар да «сырғалы» жандар қатарында. Сонда белең алған бұл «дерт» сұлулықтың өлшемі ме әлде «хайптың» бір түрі ме деген ойға қаласың.

Ата-бабамыз статусын көрсету мақсатында бөркі мен белбеуін таспен әрледі емес пе? Бүгінгінің абыройы денедегі моншақпен өлшенетін сынды. Жігіттен намыс, қыздан кылық кетуде. Бұл көңіліңе қаяу түсіреді. Сөзіміз дәйекті болу үшін осы «дертке» шалдыққан жанмен әңгімелестік. Әділ есімді (есімі өзгертілді) 16 жастағы кейіпкеріміз құлағын ғана тесіп қоймай, мұрнына сырға таққан. Мұнымен шектеліп қалмай, ендігі кезекте қасының айналасын «әсемдеуге» көшпек. Осы әрекетке баруына не түрткі болғандығын сұрағанымызда:

– Қазір жылына бір жуынып, керзі етік, үстіне күпәйке киіп жүре беретін заман емес. Соғыс, ашаршылық емес, бейбіт күнде өмір сүреміз ғой. Әр адам не істесе де, өзі біледі. Құқылы. Шексіз, шетсіз ғаламда әркімнің түр-түсі де, тағдыры да, таңдауы да әртүрлі. Басқасын қайдан, мен үшін елдің пікірінің еш маңызы жоқ. Олар үшін өмір сүрмеймін. Ырым-тиымдарға да сенбеймін. Ең бірінші құлағымды тестірдім. Ол сырға менің түріме сән беріп қана қоймай, өзгешелік енгізді. Одан ары қарай менің әдетіме айналды. Сөйтіп, өз келбетімді одан әрі әсемдей түстім. Онда тұрған ештеңе жоқ. Пирсинг жасатқан сайын бойымды ерекше сезім билейді, – деген ол мұның бәрі мұсылмандыққа жат екендігіне де құлақ аспады.

Хош. Әркімнің өз өмірі өз қолында десек те, адамның жаны – Алланың аманаты емес пе? Осыған қатысты дін өкілдерінің пікірін білген едік.

– Жаратушы еркектерді әйелдерге қарағанда қуатты, күшті етіп жаратты. Не үшін дейтін болсаңыз, әйелдерді қорғасын, қоғамның тыныштығы мен елді сақтасын деген мақсатта. Біздің қоғамымызда еркектердің өзінің жаратылысына, Құдайдың берген табиғатына разы болмай, әйелдерге ұқсағысы келетіндері бар. Біреулер бар сырғасын тағып сылдырлатса, енді біреулері шашын, бетін бояйды. Осы жайында екі дүниенің пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с) ән ибн-Әннас деген сахабасынан жеткен хадисте: «Алла әйелдерге ұқсап еліктейтін ерлерге, ерлерге ұқсап еліктейтін әйелдерге лағынет айтты», – делінген. Сондықтан, әрбір жаратылыс өзінің қалпы мен болмысын жоғалтпай өмір сүруі – Жаратушымыздың қойған заңдылығы. Біріншіден: кімде-кім сол заңдылыққа қарсы келсе, екі дүниеде де азап шегушілер. Екіншіден: Алла Тағаланың сүйікті елшісі айтады кімде-кім бір қауымға ұқсайтын болса, ол сол қауымнан болады дейді. Мұсылман адам өзге діндегілерге, дінсіз болғанға еліктемеу керек. Егер еркектеріміз қыздарға еліктеп, сырға тағып, нәзіктікті қалайтын болса,ертең елімізді кім қорғайды? Тәңіріміз лағынеттеген адамның дұғасы да қабыл болмайды, – дейді Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Әбіләкім Ибрахим.

Алла үйі қызметшісі артымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға қандай үлгі көрсетіп жүргенімізді де ұмытпау керектігін айтады. Халқымызда: «Өгізді көрген бұзау қалай оңады?» – деген сөз бар емес пе? Сондықтан, алдыңғы буын қалай болса, артынан ергені де солай болатынын ұмытпаған абзал.

Қанша адам болса, сонша пікір болатыны белгілі. Әділ «өзім білемділікпен» өмір сүреді екен деп барлығын бір арнаға тоғыстыруға да болмайды. Тақырыпқа қатысты Алматы технологиялық университетінің білімгері Ержан Нәбиев:

– Өз басым пирсинг жасатуға қарсымын. Қолдамаймын да. Қатарластарым жастықтың буымен көп нәрсеге еліктейді. Менің мына танысым жасатты, маған неге жасамасқа деген ой жетегінде жүреді. Сырға тағу, бояну – ер адамға жат. Олар үшін мен ұяламын. Сырт көз – сыншы. Сырттарынан қалай тұрпайы көрінетінін білсе ғой. Мұрындарындағы сырғасы менің көзіме мұрындық сияқты көрінеді. Біз ондайды тек өгіздердің мұрнынан көруші едік. Мейлі, барлығы жаппай «сырғаланып» кетсе де, мен қарсымын және ешқашан тақпаймын. Себебі, мен ер азаматпын, туыстарым мен достарыма да қолымнан келгенше таққызбаймын. Ондай таққан жігіттерді мен еш ер азаматтар қатарына қоса алар емеспін, – деген ол қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіретіндігін ұмытпауға шақырды.

Қорытындылай келе, сырға тағып алған жігіттерге ел болашағы түгілі, өз болашағымызды сеніп тапсыруға қорқатын болдық. Өйткені, сән қуамыз деп ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Бүгін сырға таққан ол ертең көйлек кимесіне кім кепіл?!

Айжан ТУҒАНБАЕВА,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің студенті

Сурет ғаламтордан алынды