Желтоқсанның Таңшолпаны

Уақыты: 12.12.2016
Оқылды: 1381
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Шолпан екеуміз 1986 жылдың желтоқсанында алаңда қатар жүріп, таяққа да бір кезде жығылыппыз. Бірақ ол кезде мен оны, ол мені танымайтын едік. Осыдан отыз жыл бұрынғы ызғарлы желтоқсанның ызбарлы екі күнінде аяусыз таяқталып, айуандықпен азапталып, артынан жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, алаң үстінде ұсталғандары сотталып, қолға түсуден аман қалғандары ұжымдық талқыға салынып, жазықсыз жазаланып, жан дүниелері жапа шеккендердің сапында болған біздерді тоқсаныншы жылдардың соңында “Жетісу” газеті таныстырды және достығымызға дәнекерлік етті.

Алматыдағы Гоголь мен Пушкин көшесінің қиылысында орналасқан “Алматы ақшамы” газеті мен Жібек жолы мен Шәмші Қалдаяқов көшелерінің табысар тұсындағы баспасөз үйінде қоныстанған “Жетісу” басылымы арасында ол кезде кәдімгідей шығармашылық байланыс бар еді. “Алматы ақшамына” барып жүргенде жиі көретін, сырт көзге өжеттігі бірден байқалатын қараторы қызбен біздің газетке қызметке келгенде жақын таныстық. Білісе, сөйлесе келе, оның да желтоқсанда жазықсыз жапа шеккенін естідім. Осылайша, “Жетісудағы” жалғыз желтоқсаншы мен едім, енді екеу болдық. Арамыз бес жас. Мен 1986 жылы 25-те болсам, ол сол жылы  20-ға толыпты. 
Содан бері он алты жыл бірге қызмет істедік. Алматы облысының орталығы Талдықорғанға ауысқанда редакциямен бірге көшіп, тоқсаныншы жылдардың соңында тозып кеткен Талдықорғанның еңсе тіктеуіне елмен бірге атсалыстық. Шалбай көкеміздің жанынан табылып, бірер жылда облыс орталығының тізеден тік тұрғанын көрдік, жетістікке қосыла қуанып, кемшілікті жөндеуге көпшілікпен қатар қол ұшын создық. 
Ол жылдардың жөні бөлек еді-ау.  Жұмыстан соң редакциядағылар бірден тарап кетпейтін, үйге асықпайтын.  Барлық шаруа біткен соң да жұмыс күні соңында жайыла қалатын бірде жұтаң, енді бірде аста-төк дастарқаннан тізерлесе отырып, дәм татып, сағаттап әңгіме соғушы едік. Сондайда, қасымыздағылар бізден Желтоқсан көтерілісінің жай-жапсары жайлы жиі сұрайтын. Құлақпен естігеннен көзбен көрген ауыр ғой. Жүрегіміз сыздап, жанымыз ауыра отырып, басымыздан өткергенді әңгімелейтінбіз. Осындай ойлы да тағылымды отырыстар соңы ауылға, туған елге, өскен жерге  деген ыстық ықыластан туындаған әндерді шырқаумен аяқталатын. Өстіп жүріп, өзімізден кейінгілерге Желтоқсан көтерілісі мен желтоқсандықтар жайлы шындықты жеткізуге тырыстық. Олардың бойына Отанға деген құрмет пен туған өлкеге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ұмтылдық. 
Облысқа Серік Үмбетов әкім болып келгенде желтоқсандықтардың айы оңынан туғандай болды. Жалпы жастарды ғана емес, айналасындағы ел-жұртты өзінің жүріс-тұрысымен, көпшілік ортамен тіл табыса білетін қарапайымдылығымен тәнті етіп қана қоймай, тәрибелей де білген жаны жомарт аға әр жылдың 16 желтоқсанында жетісулық желтоқсаншылардың өкілдерін қабылдап, емен-жарқын әңгімелесіп, сый-сияпатын көрсететін. Сол жерде отырған облыстық басқармалардың басшыларына желтоқсаншылардың өздеріне қатысты мәселелері болса, кешіктірмей шешуге тапсырма бергенін естігенде көңіліміз марқайып, кәдімгідей толқитынбыз. Серік ағаның ұсынысымен жетісулық желтоқсаншылардың дербес ұйымы құрылды. Кітап шығарылды. Жаркентте Ербол мен Ләззатқа ескерткіш орнатылды. Тағы басқа да көптеген игілікті де ізгілікті істер атқарылды. Соның барлығының басы-қасында біздің Шолпан жүрді. Тыным көрмейтін, шаршауды білмейтін. Сөйтсек, алдағы күндері қысқарып, іштей жанып бара жатқан екен ғой. Аты жаман дерттің алғашқы белгілері білінгенде де ешкімге, ештеңе сездірген жоқ. Тек басшының рұқсатымен Алматы жаққа ауысты. “Жетісу” газетінің Алматы қаласындағы тілшілер қосынында сол аймақтың тыныс-тіршілігін, қоғамдық-саяси өмірін, жаңалықтары мен жақсылықтарын жетісулық мыңдаған оқырманға үйлесімділікпен жеткізді. Өзі үшін өте қадірлі болып саналатын жыл басы наурыз, журналистер күні, тәуелсіздік күні сынды мерекелерде алысты жақын, көңілді жайдары етіп, әрдайым ортамыздан табылатын. Сондайда, отырыс шырқау шегіне жеткен кезде қолына қара домбырасын алып “Жетейін десем, жете алмай ....” деп өзінің қоңыр дауысымен ән шырқайтын. Сол шақта тірлігінің білтесі жанып, таусылуға таяп қалғанын сезген-ау, деп ойлаймын қазір. Өкінішке қарай, Шолпанмен бірге өткізген күндерді бүгінде өткен шақпен баяндауға мәжбүрміз. Тұрлаусыз өмір деген осы да...
Арманы көп еді. Ойға алғандарының біразын орындады да. Бірінші кезекте маңындағы жақындарының жағдайын ойлап, солардың кем-кетіктерін түгендейтін. Сонан кейін журналист ретінде өзінің алдына көмек сұрап келгендердің мәселесін шешуге жанын салатын. Сондай кездерде кейде, өзі ретін келтіре алмай, қиналған  шаруалардың жағдайымен маған келетін.
– Майдандас досым-ау, мына жағдайдың мәнісі болмай тұр. Біздің редакцияның заңгері де, қорғаушысы да өзіңсің ғой. Ана кісіге әбден обал болды. Жәрдем тілеп барғандардың бәрінен түңіліп отыр. Көмек жасайық-та, – деген Шолпанның өтінішін шамам жеткенше жерде қалдырмауға тырысқан күндер де әлі көз алдымда. Ақыры шындықтың салтанат құрып, әділдіктің ақ туы желбіреуіне дейін бірге күш жұмсай отырып, көбіне дегенімізге жететінбіз. Кейде сол өзі күні-түні ұйықтамай жағдайын ойлаған жақындардың, қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, жаны қалмай жәрдемдескен  былайғы жұрттың алғысы мен тілегі неғып көмектеспеді екен деп те ойлаймын. Әйтеуір, өзі туын көтеріп алаңға шыққан, таяққа жығылып, қудалауға ұшырап, Қазақстанда саяси тұрғыда ақталушылардың алғашқыларының бірі болған Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына жете алмай тамызда мәңгі өмірге кете барды. Сөйтіп, желтоқсанда басқаны айтпағанда, қазақ жігіттерінің өзіне ерлік пен өрліктің өнегесін көрсеткен ел тәуелсіздігінің Таңшолпандарының бірі – біздің Шолпанның жарығы мәңгілікке сөнді. 
Бұл өмірде болған, болатын нәрсенің барлығын тағдырға балап жатамыз. Сол тағдырына себепші тұла бойында жасырынып, оянар сәтін күтіп жатқан аурудың лып етіп шыға келіп, айналдырған бес-алты жылда жігерлі жанды жалмап тынуында, сол бір ызғарлы желтоқсанда тәнге тиген ауыр соққы мен жанын жаралаған жалалар да әсер еткен болар. Ауруы асқынған кезде айналасына сыр бермей, жазылудан үмітін үзбеген, алайда ақтық сәт туындағанын білген кезінде өзін ана дүниеге жөнелтудің жай-жапсарына дейін жазып кеткенінің өзі де оның қайсарлығын көрсетеді. Үміттен өкініші  көп мынау жалғанда тағы бір жыл аяқталып қалды. Биылғы желтоқсанды, тарихқа алтын әріптермен мәңгі өшпестей болып таңбалануға тиісті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын Шолпансыз қарсы алмақпыз... 


Болат Абаған, 
Қазақстанның Құрметті журналисі.