ТАЛДЫҚОРҒАН: МУЗЕЙГЕ САҚ ДӘУІРІНІҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 3033
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры жәдігерлермен толықты. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған сақ заманына жататын бірқатар көне мұралар салтанатты түрде мұражай қорына табысталды.

Салтанатты шара барысында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың директоры Ғалымжан Оспанов сөз алып, тарихы тереңде жатқан қазақ елінің бай мұрасы туралы толғанды. Соның ішінде Жетісу өлкесінің қойнауы құт екенін, көптеген қазба жұмыстары соның айқын дәлелі болатынын атап өтті. Сонымен қатар, осынау сәт барша жетісулықтар үшін тарихи күн екендігін де жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған зиялы қауым өкілдері де шараның тағылымы-танымы, мәні мен мазмұны тереңде екендігін де ерекше атап өтті.

Ал қазба жұмыстарын жүргізген «Археологиялық экспедиция» ЖШС қызметкері Шыңғыс Құдабаев ғылыми-зерттеу қазба жұмысы жайлы тоқталды. Айтуынша, Алматы – Өскемен тасжолы бойында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне орай Ақсу ауданы аумағында жүргізілген архиологиялық қазба жұмыстары нәтижелі болған. Он бестен астам обадан 50-ден аса жәдігер табылған. Олар қыш құмыралар, тұрмыстық заттар мен шашбау секілді алтыннан апталған әбзелді бұйымдар.

Айталық, экспедиция жұмысына қатысқан археологтар табылған жәдігерлерді біздің заманымыздан бұрын бірінші мыңжылдықтарда өмір сүрген сақ тайпасына жатады деп болжауда.

АРДА БИ

Сурет ғаламтордан алынды