ЕЛБАСЫ БАЯҒЫДА ДҰРЫС АЙТЫПТЫ: БАСПАНАМ БАР, ЕНДІ ҮЙЛЕНЕМ

Уақыты: 13.10.2019
Оқылды: 1556
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кезекті еңбек демалысынан соң жұмысқа кіріскен кез. Газеттегі қарбалас сәттердің бірінде жауапты хатшы Гауһар Дүйсенбаева Көксу ауданына қарасты Быжы стансысындағы мемориалды кешеннің ашылу салтанатына баратынымызды хабарлады. Ертеңіне ат-көлігімізді әзірлеп, жолға шықтық. Біз баратын стансы алыс емес деген оймен асықпай жүріп, қызу әңгімеге кірістік.

Әңгіменің арқауы баяғы менің бойдақтық өмірім. Ананы айтып, мынаны айтып, қашан үйленесің деген сұрақтан соң ойланып кеткен болуым керек, дипломымды қолға алып Талдықорғанға келген сәттер көз алдымнан өтіп жатты. Туған-туыстың үйі мен жалдамалы пәтерлерді паналаған көшпелі дәуреннің біраз естелігі еске оралды. Көшіп-қонып жүргенде бастауыш сыныптан бастап жиған Мақтау қағаз, сурет, құжат, дипломым салынған папканы жоғалтқандағы қынжылыс, газеттің ғасыр тойында алған пәтер кілтінің қуанышы, бәрі-бәрі санамда жаңғырды. «Үйің бар, жұмысың бар, енді үйлену керек саған» деп аяқтады сөздерін жүргізуші Асылбек аға мен фототілші Аслан.

Шынымен де, оқу аяқтап, жұмысқа тұрып, аяқтанып алайын деген мақсатпен жасым ұлғайып барады екен. «Біздің кезімізде жасың жиырмадан асқанда дереу үйленудің қамына кірісетінбіз. Сенің жасыңда екі балам болған» деген әкемнің сөзін тағы саралап, терезеден көз алмай келем. Осы ойлармен арпалысып жатқанда Мұқаншы ауылына жетіппіз. Әрмен қарайғы жолды біреу-міреуден сұрамасақ, адасып кетер түріміз бар. Ауылға кіреберісте қолын созып такси күтіп тұрған апаға тоқтадық. Сөзді Аслан бастады.

– Амансыз ба, апа? Быжы стансысына қалай жүреміз?

– Осы жолмен тура тартсаңдар алдарыңнан Қызыларық деген ауыл шығады, ауылға кірмей солға кетесіңдер. Сосын Мәулімбай ауылынан оңға жүрсеңдер Быжыдан шығасыңдар. Мен сол Қызыларыққа барамын, алып кетесіңдер ме, ары қарайғы жолды көрсетіп жіберем, – деп қайтер екен деген сұраулы жүзімен көлік ішін бір сүзіп өтті. Асығыс екендігі сөзінен байқалып тұр.

– Әрине, апа, отырыңыз, жеткізіп тастаймыз, – деп көлікке отырған соң Аслан сөз бағытын басқа арнаға бұрды. – Қайда жұмыс істейсіз?

– Мына түрімізбен қандай жұмыс? Пенсиядамыз. Қызыларықта құдам қайтыс болған, бүгін асы, соған бара жатырмын.

– Иманды болсын, – деп бәріміз жамырастық.

Әңгіме үзіліп, көлік ішін үнсіздік басты. Аздан соң сөзді мен бастадым. Әже қойнында өскен мен үшін барлық апаның жүзінен нұр шашылып тұратындай.

– Апа, шөбереңіз бар ма?

– Бұйыртса деп отырмыз, тұңғыш немерем 23 жасқа толды. Жұмысқа кіргені жаңа. Аяқтанып алсын, сосын шөберелі болармыз, Алла қаласа.

– Жасымыз 25-тен асып кетті. Аяқтанамыз деп әлі жүрміз, – дегенді айтып Асылбек аға мен Асланның жаңағы сұрағына апа арқылы жауап беріп отырған қулығым. – Қазір үйленемін демей ме? Әйтпесе жасы да келіп қалыпты, біраз жүріп қалады ғой. Асықтырмайсыз ба?

– Қазіргі кезде үйлену оңай емес, балам. Жастарға қиын болып кетті. Оқу бітіреді де жұмыс таппай жүреді. Біздің кезімізде мұндай болмайтын. Оқу бітірген соң дипломды көрсетіп, «жұмыс қайда?» дейтінбіз. Қағазға қарайды да, мына жерге барасың деп жолдамамен жібереді. Жұмыссыз жүрген жастар аз болатын. Ал қазір ше? Диплом шаң басып жатады. Өз мамандығыңмен жұмысқа орналасудың қиындығы көп. Одан қалса кредит деген шықты. Айта берсең шыға береді, балам.

– Онда немереңіз тезірек аяқтансын, шөбере, немене сүйіп, жүз жасаңыз, апа!

– Айтқаның келсін, айналайын!

Өткен мен бүгінгіні сөз етеміз деп Қызыларыққа да келгенімізді сезбей  қалыппыз. «Міне, осы жерден түсемін. Қайда барсаңдар да жолдарың ақ болсын. Аман болыңдар» деп ақша беріп жатыр апамыз. «Жоқ, жоқ, апа, қажет емес, онсыз да осы жолмен келе жатырмыз, аман болыңыз» деп бәріміз бірдей шу ете түстік. Ары қарай қалай жүретінімізді баяндап, қайта-қайта рахмет айтып, мерейлі жүзімен бізге бір қарады да есікті жауып, қош айтысты.

Ақжаулықты әженің айтқаны біраз ой салды. Толқыннан-толқын туып, толқынды толқын қуатыны секілді басымда небір ой балалап, сан сауал мазалай бастады. Сөйтіп,  іссапардан оралысымен жастардың неге жұмыссыз жүретіні, шаңырақ көтерген соң не себепті көп ажырасатыны жайлы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға сұрау салдық.

Облысымызда 400 мыңнан астам жас бар. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмысқа орналастырып, кәсіппен айналысуы үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Айталық, «Жастар жолы», «Jas Talks», «Жастар – ел тірегі» атты жобалары жемісті іске асуда. Мысалы, ауылшаруашылығын дамыту және ауылдық елді мекендерге жастарды тарту мақсатында аудан және қалалық жастар ресурстық орталықтарына 10 гектарға дейінгі жер телімін бөлу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде егістік алқаптары алғашқы өнімдерін беруге әзір.

Ал «Бақыт» жас отбасыларды қолдау клубы аясында жастар ресурстық орталықтарында 20 психолог жұмыс істеуде. Аталған психолог мамандар 2 айда түрлі мәселе бойынша 139 адамға, оның ішінде 72 жас отбасына кеңес беріп, нәтижесінде 21 отбасы ажырасудан бас тартқан. 2019 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында жұмыссыз және бос жүрген жастардың қатысуымен облыстық 3 және аудан, қала деңгейінде 18, барлығы 21 «Бос орындар жәрмеңкесі» өткен. Ұсынылған бос жұмыс орындар саны – 3000. Жәрмеңке нәтижесінде 703 жұмыссыз жасқа жолдама беріліп, 301 жас жұмысқа орналасқан.

Басқарманың берген ақпараты осы. Тұздық ретінде әртүрлі жиындардан естіген мәліметті де қоса кетейік. Оқушылар тоғызыншы, он бірінші сыныптан соң заңгер, қаржыгер, экономист сынды мамандықпен оқуға түсуге құмар. Елімізде техникалық мамандар жетіспейді. Оның айқын дәлелі, мемлекеттік білім гранттары осы мамандыққа көптеп бөлініп жатыр. Күнделікті тұрмыстық жағдайға қажетті тігінші, аспаз, шаштараз секілді мамандықты қанағат тұтпай, жастар қолына папка ұстап, әкімдіктерде жұмыс істегенді жандары сүйеді. Қолдарына диплом алған жастардың көбісі құрылыс, жүк тасығыш секілді жұмысқа жегіліп кетуде. Оның орнына жоғарыда көрсетілген жәрмеңкелерге қатысып, жастар ресурстық орталығы, жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мен бөлімдеріне барып құжат өткізсе, екі қолға бір күрек табылары ақиқат.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір ресми сапарында: «Алдымен баспаналы болу керек, содан кейін отбасын құру керек. Егер өз үйің болмаса отбасын қай жерге құрасың?! Бізде дұрыс істемейді. Алдымен баспана мәселесін шешіп алу керек, сосын үйлену керек. Мен дұрыс айтып тұрмын ғой?! Үйленіп аласың да ары-бері сандалып жүресің», – деген пікір білдірді. «Қазақстан аяғында нық тұр, қорымыз бар, жұмысшылардың орнын қысқартпай сақтап қалатын мүмкіндігіміз бар. Дағдарыс келеді және кетеді, ал адамдар болса қалады. Кім жұмыс істегісі келеді, оған жұмыс бар. Ал еріншектерге жұмыс жоқ», – деген сөзі де ел есінде. Сондықтан, ойланайық.

Бір ғана сапардан түйгенім осы. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақ халқы баяғыда-ақ бәрін айтып кетсе керек. Абай ғұламаның «Есектің артын жусаң да мал тап» деген бірауыз сөзі «жыламаған балаға емшек жоқтығын» айқындап тұр. Сондықтан, Асылбек аға мен Асланның айтқанын құп көріп, үйленудің қамына шындап кіріспекпін.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды