Егемен елдің Елордасы

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 2177
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Астана – елдіктің белгісі. Елбасымыз билік тізгіні өз қолына тиген соң ғасырлар бойы ұлы арманға айналған, күрмеуі қиын мәселелерге батыл кірісе бастады. Астананы ауыстыру үшін көп ойланды, толғанды. Ұлы Даланың перзенті болғандықтан туған жеріне ту тігетін тәуелсіз елінің көк байрағы еркін желбірейтін астанасын қай тұстан салатынын таразылады. Расында, астананы ауыстыру – мемлекеттік дамудың перспективаларын толықтай жүзеге асыруға саяды. Ақыры қуатты мемлекетінің төл астанасы қасиетті қазақ жерінің кіндігінде, Еуропа мен Азияның құшағы қауышқан Ақмола қаласында орын тебуі қажет деген шешімге тоқтады.

Демек, қала тек астана ғана емес, стратегиялық орталық болғаны анық. Елбасының ел астанасын таңдағанда алдына қойған басты критерийі – «Орталық Азияның көлемінде, Ауғанстаннан Батыс Сібірдің ең қиын солтүстік шегіне дейін, Каспийден Моңғолияға дейін кең аумақта құлаш жая орналасқан жаңа астананың осы аймақтағы орасан зор инвестиция легі ағылған орталыққа айналуы. «Тынық мұхиты жағалауынан Еуропаға дейін созылған коммуникациялық сонарлардың қиылысында орналасқандықтан, ол болашақта ірі транзиттік торап болады және келешек жүзжылдықтың көлік-коммуникациялық  дабылына айқын үндестік білдіреді», – деп түйіндеді ол. 
Рас, болашақ астананың тоғыз жолдың торабында орналасуы оның экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге икемділігін жоққа шығармайды. Бастысы, оның экологиялық жағынан икемділігі ескерілгенінде. Алматы жел өтпейтін биік таудың етегінде орналасқандықтан өндірісі, транспорты, от жағатын үйлерінен шығаратын түтін, газбен атмосфераны былғап, тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіретіні жаңа астана іздеуде есте болғаны да шындық. Қазіргі Астана қаласының төрт жағында  да тау жоқ, жазық дала, ендеше бір жақтан соққан жел екінші жаққа бар кір-қоқыс, түтінді айдап кетіп, ауа жаңаруға еш кедергі жоқ. Даланың самал желіне кеудесін айқара ашқан қала ауасы таза, байтақ сахараның өмір шырынынан нәр алған тіршілік қызықтарына толы. Талай адам әлемнің біраз астанасының ауасынан Астана ауасының ғажайып өзгешелігі осы тазалығы мен тұнықтығында деп бұл жағдайға бірден назар аударатынын Елбасының өзі мақтаныш сезіммен еске алады. 
Тұңғыш Президентіміз Ақмоланы астанаға айналдыруға, қала құрылысын жүргізуде әлемге әйгілі архитекторлардың кеңесін көп тыңдады. Соның бірі,    Э. Гоуард пен Ле Карбюзье XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде жай қала емес, қалабақ салуды ұсынады. Олардың ойынша, мұнда қалалардағы тұрғын үй ғимараттары жасыл желек теңізіне шомылған шағын аралдар сияқты болуы тиіс. Сәулет өнерінің жауһары саналатын Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаев қаланы салуда Гоуард пен Карбюзьенің ойларын ескерген. Мұны Елбасының өзі де: «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулетті ландшафы бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы, болашаққа қол созған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мейірлі Астана... Біздің Астана сәулет өнерінің жауһар туындыларына, үздік үлгідегі ескерткіштеріне, алуан гүлдермен өрнектелген бау-бақшаға оранған, шығыс пен батыстың ең озық, рухани құндылықтарын талғаммен бойына жинаған жоғары мәдениетті қалаға айналды», – деп сүйсіне еске алады. 
Астананы көрген кез келген эстетикалық талғам иесі қазақ халқының «Орда» да тұрғыза алатынын жалпақ әлемге әйгіледі. Мүлдем жаңа астана салу оңайшылықпен жүзеге асатын шаруа емес, шаш етектен қаржы қажеттігін әркім-ақ түсінеді. Оны салуға тартылған инвестицияның 70 пайызы өз елімізге тиесілі. Дәтке қуат етеріміз, өз бас қаламызды салуға қазір жағдайымыз көтеретін әлем таныған беделді мемлекетке айналдық. Бүгінгі Қазақстан – әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды, қоғамдық-саяси құрылымы берік, кешегі барлық кедергіден өтіп, тұрақтылық пен ынтымақтың, бірліктің туын тіккен, әлем таныған ел. 
Орталықтың Астанаға көшуінің тағы бір себебі – қазақ елінің топырағы құнарлы, әсем, шаруаға жайлы, тұрмысқа қолайлы аймағы солтүстік бес облыста жатқандығында. Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының негізгі тұрғыны өзге ұлттар болғандықтан Елбасымыз қазақтардың оңтүстік аймақтан солтүстікке өз қалауымен қоныс аударуына жол ашты. Қазір қазақтар тығыз қоныстанған Семейден Өскеменге, Жезқазғаннан Қарағандыға, Торғайдан Қостанайға, Көкшетаудан Қызылжарға, оңтүстік облыстардан Астанаға көш түзеуде. Елбасының, міне, осындай, өзге ұлттардың құқығына қол сұқпай, өмірдің өз талабымен жүзеге асып жатқан сара жолы, ұлағатты, қайраткерлік тұлғасы, адамгершілік мұраттарына сай саясаты әркімді тәнті етпей қоймайды. 
Бүгінгі Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көпұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі. Есілдің оң жағалауынан қарсы бетке қарасаңыз Астананың өскелең құрылысын көресіз. Қалаға кіреберістегі биіктігі 20 метр «Мәңгілік Ел» қақпасы ұлттық рухымызды асқақтатып тұр. Енді бір сәт жапырағын жайып көк аспанға қол созған «Бәйтерек» назарыңызға ілінеді. Ғаламның шексіз кеңістігіне ұмтылған зымыран кешенін еске салатын «Ханшатыр», әлемдегі атақты опера театрларынан кем түспейтін «Астана опера», екі мыңға жуық теңіз мекендеушілерін тамашалауға мүмкіндік беретін «Думан» ойын-сауық отауы, Қазақстанның картасын бейнелейтін «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, шартарапқа жаңалық тарататын «Қазмедиа орталығы», елдіктің символы ретінде танылған «Қазақ Елі» алаңы, «Тәуелсіздік сарайы», «Бейбітшілік және Келісім сарайы» – Елорданың ең көз тартар жерлері. Кітапта таспадай өрілген осы сәулетті құрылыстар – Елбасы еңбегінің жемісі. Аталмыш кітапта алдағы уақытта бой көтеретін өзге де нысандар жайлы мағлұматтар өте көп. Сондай-ақ, Астана қаласында жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай қуанышты істердің жалғасы ретінде еліміз 166 жылдық тарихы бар «ЭКСПО – 2017» көрмесін абыройлы өткізу үшін барын салуда. Қысқа мерзімде мұндай Елорданы иелену тарихта бұрын-соңды болмаған. Мұның өзі – үлкен жеңіс.

Қажет АНДАС