"НЕГЕ АРАҚ ІШЕСІҢДЕР?" ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МАСКҮНЕМДЕРДІ ҚУАЛАДЫ

Уақыты: 24.10.2019
Оқылды: 1381
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Бүгін менің қабылдауымда қала тұрғыны, бір әйел келіп күйеуінің күнде арақ ішетінін айтып, жасырын түрде сатылатын арзан араққа тосқауыл қоюды сұрады. Ал кешке өзім қала аралап жүріп, мынандай масқараға тап болдым (видеода). Ата-бабам ішпеген арақ-шарапты қалай тоқтатамыз, ағайын, ақыл айтыңыздаршы, жолын көрсетіңіздерші. Полиция бастығы Ұ.Садықов және кірістер басқарма басшысы Қ.Нұрғалиев шұғыл шара қолданыңыздар».

Бұл пікір Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтың "Фейсфук" парақшасынан алынды. Оқиғаны нақты баяндар болсақ, қала әкімі Бақтияр Өнербаев кешкілік Отан соғысы ардагерлері ескерткішінің маңында "тентек су" ішіп отырған үш жігітті көреді. Олар әкімді көріп тұра  қашады. Видеодан «Неғып отырсыңдар, мынау сендердің ішіп отырғандарың арақ қой. Неге арақ ішесіңдер бұл жерде? Түріңді көрсет! Бері кел, бері! Ана бөтелкені ал!» - деген қала әкімінің дауысы естіледі. Ал үш жігіт ішіп отырған арағын стакандарымен қоса лақтырып, қаша жөнеледі.

Ал оқиға немен аяқталды? Бұл жерде полиция өкілдері іске шұғыл кіріскен. Мұнан кейінгі жағдайды біз қала әкімі Бақтияр Өнербаевтың өз аузынан естідік.

- Ертеңіне Отан соғысы ардагерлерінің гүлзарында арақ ішіп отырған үш жас әкімшілікке келіп, кешірім сұрады. Ант-су ішіп, енді арақты аузына татып алмайтындарын айтты. Айып ретінде олар ардагерлерге арналған ескеркіштерді жуып, оның маңын толықтай тазартуға уәде берді, - дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.

Біздің білгеніміздей, іс сотқа жолданған. Ал ардагерлер гүлзары мен саябақ және қаланың көрікті жерлері арақ ішетін орын емес. Мұны жас жігіттер де түсінген болуы керек. Сөйтіп, қала әкімі «тентек су» ішкен тентектерді тыйды, оларды қоғамдық іске тартты. Біздің айтпағымыз, бұған әкім ғана емес, қоғам да қозғаушы күш болуы қажет.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

"QAMSHY.KZ"