"ІС ПЕН СӨЗДІҢ СӘЙКЕСТІГІ": ТЕКТІ ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ?

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 4786
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі – тектілік. Ол ұғымды біріміз адамға берілген жақсы сипаттармен байланыстыратын болсақ, енді біріміз сонау ата-бабадан даритын, қанмен келген қасиет дейміз. Шынтуайтына келгенде солай ма? Мұндай тұжырымға көпті көрген қарт пен бүгінгі буын не дейді? Қазіргі таңда «текті» мен «тектінің ұрпағы» деп көрсетер жандар кімдер? Осы тұрғысында әңгіме қозғағанды жөн көрдік.

«Тектілік» деп аталатын бірауыз сөздің арқалар жүгі мен жетер шыңы бар. Оны қазыналы қарттарымыздан артық кім білсін?! Осы ретте «ертегіші апа» ретінде таныс, ақ жаулықты ана Жұмабала Балақарановамен «тектілік» сөзінің мәнін сұрап, сұхбаттасқан едік.

- Тектілік дегеніміз - адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, қанмен берілетін ізгі қасиеттердің бірі. Қазақта "тегі сондай еді" деген сөз бекер айтылмайды. "Жақсыдан жаман туады, бір тиын іске алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса, нанғысыз", – деген дуалы сөз бар. Қанша текті болғанымен, адамға өскен ортасы мен алған тəрбиесі, көргенділігі əсер етпей қоймайды деп ойлаймын. Атамыз қазақ" Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің" деген ғой. Өскен ортасы мен алған тəрбиесі адамға міндетті түрде əсер етеді. Оның мысалы қазақ тарихында толып жатыр емес пе? Тарихтан өткен азулы билердің өзі алдыңғы толқын шешендердің қасында жүріп, сөз мəнері мен іс-əрекеттерінің ығын пайымдап өскендер. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек үлкендердің ат ұстары бола жүріп, дауларды шешуге қатысып, астарлы сөздер мен ұлағатты ұстанымдарды зердесіне түйіп, атақты би атанды емес пе? – деп бастады сөзін кейіпкеріміз.

«Бүгінгі жастардың «тектілігі» туралы не дер едіңіз?» – деген сауалымызға:

– Бүгінгі күні жасөспірім ұрпағымыздың тілге шешен, іске бейім, оңы мен солын бажайлап, шешім қабылдай білетіндері сирек, құр сөзге әуестеніп кеткен. Ісі мен сөзі сәйкес келмей жатады. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Бүгінгі бала аудио-видео техниканың дамыған дәуірінде өмірге келіп, сонымен бірге өсіп, біте-қайнасып келеді. Заман талабына сай бұл да дұрыс шығар. Дей тұрғанмен, əбден сол техникаға зейіні ауып кеткен балаға шешендік өнер, дәстүрлі тəрбие, əдеби мұра, мəдени құндылықтар аса əсер етпейтін сияқты. Ұлтымыздың тегінде бар, бабалардан келе жатқан үрдіс бəсеңсіп бара жатқандай. Шетелдік фильмдер мен балалардың тамашалайтын мультфильмдері, өкінішке қарай, қазақи қалпымызға кері əсерін тигізуде. Қазақи менталитетімізге жат əрекеттер мен үрдістерді дəріптеуде. Соған бой алдырған жеткіншектеріміз солардың əдеттері мен қылықтарына еліктеумен келеді. Мұның соңы неге апарып соғары белгісіз, – деп жауап берді ол.

- Текті адамның бойында қандай қасиет болуы керек? - дедік біз.

- Тектіліктің негізгі өлшемдерінің бірі қоғамның əр мүшесінің абыройлы азаматқа айналуы болып табылады. Əр азаматтың тектілігі оның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы үлгі-өнеге қалдыруымен есептелсе керек. Ал пендешілік пен тойымсыздықтың теріс жолына түскен азамат тексіздердің қатарын толықтыратыны сөзсіз. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімнен, мейірбандық пен имандылықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей, биіктерден көрінуіне мүмкіндік береді. Өз ұлтының, халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білетін адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар да өз шешімін тауып жататыны сөзсіз, - деп жауап берді ақ жаулықты ана.

АТАМЫЗҒА СӨЗ КЕЛТІРМЕЙІК

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

- Қазақ халқы ежелден тектілікті жоғары бағалаған. Тектілік адам бойына ананың сүтімен, атаның қанымен дариды. Рухы биік, мінезі көркем, адамгершілігі мол тұлғаны текті адам деуге болады. Тектіліктің мысалына Зередей анадан Құнанбайдай көреген болыс дүниеге келсе, Құнанбай мен дана Ұлжандай анамыздан ұлы ақын Абайды, ауыз толтырып айтар басқа тұлғаларымызды сөзге қоссақ болады. Ал тектінің ұрпағы болу деген не? Ол ата атына сөз келтірмей, абыройлы болу дер едім. 

Әрине, жастардың өз ішкі руханиятынан қарағанда сыртын жылтыратуға құмар екенін де жасыра алмаймыз. Бірақ бес саусақтың бірдей болмайтынын ескерсек, көпке топырақ шашқан да әбестік болар. Дамыған қоғамның ағынына қосылған жастарды кінәлауға болмас. Алайда ортаға бейім болар жастардың өз жеке басын күйттеген қоғамда мүмкін алдыңғы толқын ағалардың жөн сілтеуге мұршасы жетпей жүрген болар?! Кезінде «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» дейтін Әлихандай ұлт көшбасшыларының бүгінгі ұрпағы мен сенген жұрты сіз бен біз емеспіз бе? Олай болса «текті» деген сөзбен «тектінің ұрпағы» деп көрсетуге барлығымыздың мүмкіншілігіміз жетерлік.

Қай ұлтты алып қарайтын болсақ, тексіз де, текті ұрпағы қатар жүреді. Атам қазақ «тектіліктің бір сипаты – көркем мінез»  дейді. Ал ол көркем мінездің негізгі тұтқасы имандылық десек артық айтты демессіз. Жалпы "тек" ұғымы жайлы Қасиетті Құранда да келтірілген. Осы орайда Талдықорған қаласындағы «Иман» мешітінің найб-имамы Шынарбек Үкенұлының пікірін білген едік.

– "Тек" деген сөздің мағынасы көп. Мәні де соған қарай өзгере береді. Мысалы, қазақ ұғымындағы тектілік ұғымы оның руы, арғы аталары мен шыққан жері туралы сөз қозғауға болады. Осы негізде Құрани Кәрімде «Хужрат» сүресінің 13 аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – делінген. Яғни, қазақ пен дінді бөле қарастыруға болмайды. Бұл жерде руға қарайтыны және тақуалық жайлы сөз қозғалып тұр. Біздің қоғамда жаңсақ пікірлер жоқ емес. Мысалы, «Жетім бала молда болмас» деген. Ол дегеніміз тәрбиеге келіп тіреледі. Ал негізінде шынымен де солай ма? Жоқ. Оның тәрбиесі мықты болып, ортасы жақсы болса, оның ұрпағанынан небір көреген ғалымдар шығуы мүмкін ғой. Бірақ бұл ұрының ұрпағының бәрі ұры болады деген сөз емес. Адам тәрбиеленуі мүмкін. Керісінше, адамның бәрі тегіне қарап текті болмауы мүмкін. Өйткені, адамды «текті» де, «тексіз» де ететін өзі, – деді найб-имам.

Қазақ пен Исламды бөле қарауға болмайтынына тағы бір дәлел мынада: қазақ халқы ұрпағым текті болсын деп келінін текті жерден іздеп, қызын текті жерге ұзатқан. Мұндай мысал Мұхаммед Пайғарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде де кездеседі. Мысалы, бізге жеткен бір хадисінде: «Қызды барынша алыс атадан алыңдар», – деген. Міне, тектілік. Міне, ұқсастық. Қазақ қоғамында жеті атадан қыз алмауға қатты мән береді. Неге? Себебі, тұқым қуалайтын немесе психологиялық және физиологиялық дерттердің барлығы да қан тазалығын сақтамаудан. Мұны әлем ғалымдары да дәлелдеп отыр. Ал оны сонау ХV ғасырда Жәнібек хан тұсында Өтейбойдақ емші айтып кетті емес пе?!

Иә, қазақ халқы әрқашан салтын берік ұстанған. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ қоғамында текті жердің қызын алу немесе ұзату сынды көптеген дерек көрсетілген. Соның бір дәлелі  – «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» деген сөз. Тектіліктің қадірін түсінген, түсіндірген атақты Төле би келіні Данагүлді өзі барып айттырды емес пе? Сонда оның көрегендігі мен ақыл-парасатына сүйсініп, текті жердің қызы болса керек-ті деп, ат басын Данагүл ауылына бұрды ғой. Міне, бұл тарих пен әдебиеттегі «тектілік» ұғымының бір парасы ғана. Ал, бүгін ше? Ауыз толтырып айтар кімдер бар? Ойланып көрдіңіз бе? Сіз бен біз де сол текті атаның ұрпағымыз. Тек сол қасиетті бойымыздан біржола өшіріп алмайық.

Аймарал ОМАР

Сурет ғаламтордан алынды