Тәуелсіздікті қалай бағалап жүрміз?

Уақыты: 26.12.2016
Оқылды: 1848
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сонау ықылым замандардан бері Ұлы Дала төсінде ат дүбірімен жеріне көз тіккен жаулардың зәресін алып, атой салған асыл бабалардың мұраты орындалғанына ширек ғасыр толып отыр. Әлбетте, жатқа басын имеген, еркіндік сүйгіш халқымыздың қилы-қилы тағдыры тақтайдай тегіс болған жоқ. Бір нәрсе анық, көне ғұндар мен сақтардың, бертінгі түркі жұртының жер атты ғалам тұрғындарына жайған өркениеті таңдай қақтырып, уақыт сырғыған сайын қанат жайып келеді. 

Археологиялық қазбалардан алынған алтынға бергісіз құнды дүниелер көшпенділер өркениетін тың көзқараспен, жаңа қырынан тануға мәжбүр етті. Есік қаласынан табылған Алтын адамнан бастап, күні кеше Берел қорымынан шыққан жылқылардың қалпын бұзбай сақталуы да ғалам ғалымдарын ойға шомдырып, қазақтың көне мәдениетін құмбыл зерттеуге білек сыбана кірісіп кетті. Өркениет бізден тарады дейтін көне гректердің тізеден келетін шорты кигеніне мәз болып жүргенде, кең дала кеңістігінде еркіндік сүйгіш ғұн-сақтардың аттың үстінде шалбар киіп шауып, жарты әлемді бағындырған ақылдылығы мен тапқырлығына талайлар тәнті болғанын тарихшылар тамсана жазды. Осы турасындағы ойды кәрі құрлық өкілдері мен шұғылалы шығыстың небір азат ойлы білгірлері айтады. Осындай мыңжылдықтар көгінде биік арманын қыран құстай ұшырған қазақ халқының өшпес өміршеңдігі – бүгінде қолға қонған бақыт құсы десек жарасар. Десек те, біз аса қиындықпен келген тәуелсіздікті қалай бағалап жүрміз? Ата-бабамыз аңсаған еркіндікті жете сезіне алдық па? Тарихтан сабақ алып, азаттығымызды баянды ету жолында не істедік? «Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай», бар ғұмырын ат жалынында өткерген бабаларымыздың асыл арманы тәуелсіздік еді ғой. Елім бейбіт, ұрпағым қазақ атын әлемге танысын деп азаттық жолында құрбан болған жоқ па? Құдай бетін ары қылсын, басымызға осындай қаралы күн туса құрбан бола салуға қайсымыз дайынбыз? Сондықтан тәуелсіздікті баянды ету жолында әркім қал-қадірінше үлес қосқаны абзал.  
Аллаға шүкір, қазір еліміздің шекарасы бекітіліп, мемлекеттік рәміздер – Ту, Елбаңба, Гимн, басты құжат – Конституциямыз арқылы азат елдерге тән ерекшеліктерімізді күллі әлем мойындады. Төл теңгеміз де талай қиындыққа төтеп берді. Иә, қазақтың көрмегені жоқ. Тағдырымыз ауыр, таңдарымыз бұлыңғыр болды. Жер бетіндегі ең мейірімді, баладай ақкөңіл, мырзадай қонақжай, егіздей бауырмал, тақуадай иманды халықтардың бірі болған қазақтың тағдыры неге сонша тәлкекке түсті екен? Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша жер көлемі бойынша 9-орынды алатын кеңбайтақ даламызға көз тіккендер аз болмады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» «Елім-айлап» жылаған қаракөз қандастарымыздың мұң-зары күңіренген қобыздың зарлы әуеніндей әлі күнге дейін денемізді тітіркентіп, аяздай қарып өтеді. Жатжерліктердің боданында болып, соңғы ханымыз Кенесарының күйрей жеңілуі бойымыздағы асқақ рух пен айбынды ар-намысты жаншып, қазақты қынадай қырған аштық пен репрессия санамызды сансыратып, ұлттық генефонымызды әлсіретіп жіберді. Алаш боздақтарының денесін қорғасын оқ тесіп, жазықсыз адамдардың қызыл қырғынға ұшырап, жетпіс жыл бойы тіл мен ұлттық рухты жаншыған большевиктердің қатаң да жүйелі ұстанымы шаңырағымызды теңселтіп кетті. Азаттықтың ақ таңы болған кешегі Желтоқсан көтерілісінде боздақтарының ақ қарға тамған күнәсіз қызыл қаны еш кеткен жоқ. Майдан даласында дария болып аққан қанның өтеуі, миллиондаған шаһидтердің тіл ұшындағы тілегі мен өтеуі бұл – Тәуелсіздік! Десек те, алаңға шыққан жастарымызды қоғамға дәріптеп, үлгі ету ісі кемшін түсіп жатқандай. Себебі, бақыт құсын торда ұстамақ болған кешегі отарлау саясаттың салқыны әлі де болса бар, өн-бойымыз үрей мен сенімсіздік терең бойлап кеткендей. Өйткені жасқаншақтық пен жалтақтық, бойкүйездіктен арыла алмай жүрміз. 
Біз әлі де болса дамыған, тіпті дамушы мемлекеттердің шығарған өнімін тұтынып отырып, экономикалық азаттыққа түбегейлі қол жеткіздік деп айта аламыз ба? Бізді жүзге, руға бөліп, арамызға алауыздық отын тастаушылар да кездеседі. Біз жеті атаны келін түсіріп, қыз айттырғанда ғана сұраған, руға, жүзге бөлінбеген бүтін бір қазақпыз. Біздің шығысымыз бен батысымыз, оңтүстігіміз бен солтүстігіміз бір адамның дене мүшесі секілді: тісіміз ауырса денеміздің басқа жері сырқырайды. Жерімізге көз тіккендер сексеуілді бір-біріне ұрып сындырғандай, бізді де әдейі бөлшектеді. Шолақ белсенділерді бір-бірімізге айдап салды. Бөлініп едік, не болдық? Ұлымыз – құл, қызымыз – күң болды. Ар-намысымыз аяққа тапталды. Бодандық қамытын 300 жыл шеше алмай, арпалысып өттік емес пе?   
Қазақ жаңалыққа жаны құмар, әрі тез бейімделгіш, болмысынан алғыр халық. Егер санасы образға бай болмаса, әлем елдерінде кездесе бермейтін Ертөстік секілді қиял-ғажайып ертегілерді, аң стиліндегі зергерлік, алуан өрнекті тұрмыстық бұйымдарды түрлендіріп жасап шығарар ма еді? Киіз үйдің өзі неге тұрады? Оның құрылымына таңғалған еуропалықтар қазір дәл сондай үлгіде мейрамханалар ашып, табысын дөңгелетіп отыр. Бізге басқа бренд іздеп не қажеті бар? Қазақты жалқау халық деп айта алмаймыз, егер шын ықыласпен іс қылса, тау қопарар екпіні бар. Біз қолда бар нәрсеге немқұрайдылықпен қараймыз. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, ақыл-ой, күш-қайрат ресурстарын тиімді пайдалана алмай отырмыз. Жеріміздегі Менделеев таблицасындағы барлық қазба байлықты ұқыпты пайдаланып, демографияның өсуіне ықпал етуіміз керек. Санымыз аз, жеріміз кең. Саннан сапа шығады. Тектіліктің тамыры бойымызда әлі де бар. Қазақтан кемеңгер де, ғұлама да шыққанын білеміз. Ал олардың ақыл-ой байлығын еліміздің дамуына бағыттай алдық па? Шетелде білімді адам жоғары бағаланады, өйткені олар өз саласында жаңалық ашып, мемлекетке үлкен пайда әкелетінін жақсы біледі.
  Кейде күйбең-тірлікпен жүріп, айналаға бажайлап зер салуға мойнымыз жар бермей жатады. Бір күндік өмірмен шектелмей, тым болмағанда дүрбімен қой бақылаған атамыз секілді болашаққа да көз тастап қойған жөн шығар. Ал болашағымыз – тәуелсіздігімізбен тамырлас, егіз іспетті.  «Мен бүгін Ұлы қытай елі үшін не істедім?» деп ұйқыға жататын ханзудың ұланы секілді, өзімізге сұрақ қоя аламыз ба? Тіпті, түк тындырмасаңыз да, өз құқыңызды қорғап, сіз қазақша өтініш берген мекемеге мемлекеттік тілде жауап беруді талап ете аласыз ба? Әлде, бір теңге болсын қазағыма пайда болсыншы деп бағасы сәл қымбаттау болса да саудагер қандасыңыздың тауарын сатып алдыңыз ба? Иә, біз не істедік? Нені істей алмай жүрміз? «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дер» демекші, бір-біріміз үшін қорған бола алсақ, өзгенің алдында дәрежемізді көтеріп отырсақ, бауырмалдылық танытсақ, жаттың тізесі батар ма еді? Сонда деймін-ау, сырт көздер біздің бірлігіміз бен намысты тірлігімізге тамсанып, жөнсіз ұрынуға жасқанар, тіпті қорқар еді. 
Шіркін-ай, десеңші! Шетелдіктер бізді мақтаншақ, еріншек, барын тойға шашатын халық емес, ақылды, өте білімді десе ғой. Олар «Қазақ» деген ұлтқа баға бергенде «О, олар ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің, ойшыл ақын Абайдың, дәулескер күйші Құрманғазының... ұрпағы ғой. Қазақтар өнер-білімге, оқуға, жаңалыққа жаны құмар жандар. Біздің осындай зор техникалық және технологиялық жетістіктерге қол жеткізуіміз қазақтардың арқасы. Қазақтар болмаса, күрмеуі қиын мыңжылдықтар есебі шешіліп, адамдардың өмірі жақсарып, бай-қуатты, бейбітшілікте өмір сүрер ме еді? Міне, осындай намысшыл, табанды, әділетті қазақ болып туылсам ғой», – деп шетелдіктер армандайтын күнге жетсек екен деймін. Расында, көліктің түр-түрін шығаратын, ұялы телефон құрастыратын жапон мен немістен, қуатты әскери құрылғыларды ойлап тапқан АҚШ пен сапалы сағат шығаратын швейцарлықтардан қай жеріміз кем? Алла бәрімізді бірдей қылып жаратты. Олардың бір мүшесі артық емес қой. Бос мақтанды қойып, өзгелер мақтар тірлік жасайықшы.     
Тәуелсіздіктің жиырма бес жылында азаттық жолында жанын пида еткен баһадүр бабамыз Кейкі батырдың басы елімізге қайтарылып, туған Отанына жерленді. Бұл қауашағымыздың түкпірінде қалғып кеткен ұлттық санамызды оятып, рухымызды қайта тірілткендей ғаламат оқиға болды. Құдды қазақтың қайсар мінезі, ар-намысы, қайтпас рухы Кейкі бабамыздың басымен қайта атқа қонғандай болды. Міне, бұл – Тәуелсіздіктің арқасы. Еңселі ел екенімізді танытқан, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай елеулі оқиға. Сондықтан құны қаншама боздақтың қанымен, қиылған қыршын жанымен келген Тәуелсіздікті, ел мен туған жерді қорғап, өркендеуіне үлес қосу әрқайсымыздың  қасиетті парызымыз деп түсінейік, ағайын!


Асхат ӨМІРБАЕВ. 
Қаратал ауданы.