"ӨНЕР ҚЫРАНДАРЫ": МАДИЯР СЕРІКБАЕВ КӨЛІК МІНУДІҢ ЕҢ ОҢАЙ ЖОЛЫН АЙТТЫ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 2564
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әйгілі "Өнер қырандары" театрының басшысы Мадияр Серікбаев қазіргі таңда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен ұтыс ойындарына қатысты арнайы бейнеүзік (видеоролик) түсірді.

Көптің талқысына түскен бейнематериал "Өнер қырандары" әзілкештер театрының "Instagram" парақшасында жарияланды. Небәрі 10 секундқа созылатын бейнеүзікте Мадияр Серікбаев "Тойота Ланд Крузер-200" автокөлігін тізгіндеп келіп тоқтайды да: "Ассалаумағалейкум, достар! Егер сіз "Тойота-200" автокөлігін мінгіңіз келсе, онда сатып алыңыз", - деген кеңес айтады.

Әзілі аралас болғанымен шағын бейнеүзік ұтыс ойындарына 5-10 мыңдап ақша шашып, үмітке алданып отыратын көпшілікке терең ой салды. Бейнематериалға: "Мадияр Серікбаевтің мақсатқа жетуінің оңай жолы. Мотивациялық кеңес", - деген тақырып қойылған. Бейнежазбаға пікір қалдырған адамдардың санында есеп жоқ. Барлығы Мадиярдың тапқырлығына тәнті болып, қолдау танытқан. Пост астында "Мен лото-пото деп құлақтан тебе ме деп едім, дұрыс", "Мә, керемет айтып тастайды деп құлағымды тосып отырсам. Бірақ дұрыс айтты, сатып аламын", "Мынадай группаға жазылыңыз, билет сатып алыңыз деп бастай ма десем, қатырды", "Иә, келіншегіме айтыңдаршы, лоторея шаршатты", - деген сынды жүздеген пікір жазылған.

Жазылған пікірлердің мазмұнына қарасақ, әнші-жұлдыздардың түрлі ұтыс ойындарын ойнатып, халықты әбден шаршатқаны бірден байқалады.

Айта кетейік, "Өнер қырандары" театры 21 қараша күні Талдықорған қаласында, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында "Алма-ата" атты жаңа бағдарламасын ұсынады. Билеттер саны шектеулі. Билет сатып аламын деушілер 87751000655 телефон нөміріне хабарласуына болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"