"УАҚЫТ ЖОҚ": МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ЕРТЕГІ АЙТПАЙТЫН АТА-АНАЛАРДЫ КІНӘЛАДЫ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 2073
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Күн қызарып батып, шегірткенің шырылы құлаққа шалынған кештерде көздің жауын алар оюлы киіз сырмақтың үстінде жантая жатып алып, әжеміздің ертегісін тыңдаудан бір жалыққан емеспіз. Салалы саусақтарымен кекіліңнен сипай, ертегісінің майын тамызып айтқанда, қиял арғымағы көкке ұмтыла қанат қағатын. Тұла бойың балбырап, арманыңа ұмтылатын сәттерде «Ер Төстікпен» жарыса жүріп, «Керқұла атты Кендабаймен» аңға шығып, шетсіз-шекіз қиял әлемінің тұңғиығына бойлайтын едік.

Иә, сол уақыттар артта қалып қойды. Қазір сол кездегі томпаңдай жүгіріп, әжесінің жанынан шықпайтын кішкентай балақайлар – бұрынғы ұрпақ – қазіргі атпалдай азаматтар өздері де әке атанды, елге үлгі болып, халықтың алғысын алып жүрген жандар. Ал қазір сол жас ата-ана өз балаларына ертегі айта ма?! Жалпы ертегінің жеткіншек жас ұрпақ үшін қандай маңызы бар?!

Сөз түзуі сол, немересінің маңдайынан сипай отырып, ертегісін айтып берер не әже, не ата-ана қазіргі кезде жоқтың қасы. Мұны қанша ұялып жасырсаң да, шындық осы. Қазіргі кездегі ата­-ана ертегі білмейді дейін десең, шындыққа жанасымсыз сылтау. Өткен ғасыр ұрпақтарының барлығы дерлік ертегі тыңдап өскен. Қазіргі әже мен өткен ғасыр, оған дейінгі әжелердің арасы жер мен көктей. Өткен уақыт, өткен ғасыр кезінде немерелерін кимешегіне орай отырып, әндете бесік жырын, ертегісін айтар әжелерді әр екі үйдің бірінен табу қиын емес еді. Ал қазір ше?!

Барлық әжелерге топырақ шашудан аулақпын, дегенмен өзін жас бойжеткенше сезініп, қасы-көзін бояп алып, сән қуатын әжелер жайлы естісеңіз, жағаңызды ұстарсыз. Одан қалса, “көк жәшіктегі” түрік пен үнді сериалдарына телміріп, ертең ел тізгінін ұстар азамат болатын немересіне ертегі айтқанды қойып, мойын бұрып, уақыт бөле қарау үшін ақы талап ететін әжелер бар дегенге сенгің келмейді. Осы тұста “Адам мен заманның осыншалық адам танымастай болып өзгеруіне түрткі болған не?!” дейтін сұрақ көңіліңді торлайды. Иә, ұлтымыз бен қанымызға жат әдет батыстық керікетпе ағымның әсері екені айдан анық. Әуелі жастардың, одан соң орта буынның санасын улаған бұл ағым көзі қарақты қарттарға да жетті дегенді естігенде кеуде тұсыңа сұп-суық бірдеңе қадалғандай ауырады.

Қанша айтсақ та, барлық әжелер ондай емес. Қазір де ертегісін немересінен аямайтын әжелер де бар, алайда аз. Көңілді қынжылтатыны, сондай нағыз “алтын әжелердің” азайып бара жатыр.

Жарайды, оны да қоя тұрыңыз. Қазіргі жас ата­-аналардың құтылатын бір сылтауы бар – «жұмыс көп», «уақыт жоқ». Ал сонда бұрынғы ата­-аналардың күні қандай болды десеңізші?! Қатал  ХХ ғасырда, ішерге тамақ, киерге киім жетіспеген заманда отбасын асырай, шырылдай жүгірген ата­-ана мал мен егіс басына да, баласының қасына да қатар уақыт табатын. Нағыз қауырт жұмыс, өлшенбес еңбек сол ата-әжеден, әке-шешеден қалды емес пе?! Кешкі айдың мүлгіген жарығында баласын, немересін құшағына қыса отырып, ертегі айтар ата­-ана елес болып естелікте ғана қалғаны өкінішті-ақ.

Ертегі – баланың тәрбиелік тағылымында да, интеллектуалдық, адамгершілік дамуында да қатар рөл атқартын асыл қазына. Ал бүгінгі ата-ана «жұмыс көп, шаршадым» дегенді желеу етіп, жас ұрпақты сол өлшенбес қазынасынан айыруда. Әр күн сайын кешкі тамақтан соң қолына ұялы телефонын алып телмірген бір сағатының 15 минутын баласына бөліп, ертегі айтып бере алмаса, “ата-ана”, “ата-әже” деген атты қалай арқалап жүрер екен?!

Менің айтқым келгені, ұлттың ертеңі - бүгінгі жас ұрпақ, сондықтан да сол жас ұрпағыңның қанатын қатайтып, белін бекем буамын десең, ұлтыңның ертеңін солардың қолына сеніп тапсырамын десең, ертегі айтуға ерінбеңіз!

Жеңіснұр Айбол,

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы

Сурет ғаламтордан алынды