"НЕГЕ ОСЫ "МӘЖБҮРЛЕП ЖАЗДЫРАДЫ" ДЕП АЙТА БЕРЕСІҢДЕР?" БАС РЕДАКТОРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Уақыты: 13.11.2019
Оқылды: 1324
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Белгілі журналист, Жамбыл облыстық "Ақ жол" газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ "Facebook" парақшасында соңғы жылдары жиі көтерілетін тақырыптардың бірі - мерзімді басылымға күштеп жаздыру мәселесіне қатысты арнайы үн қатып, өз пікірін білдірді. Онда мәжбүрлеп газет-журналға жаздырады деп шағым айтатындарға қарсы дәйекті жауап берілген. Сонымен бірге, автор ұрпақ тәрбиесі, қазақ руханияты туралы келелі ой өрбітіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мерзімді басылымға жазылудан басталатынын меңзеп өтеді. Толық мәтіні төмендегідей:

"Балдырған", "Ақжелкен", "Ұлан" деген газет пе, журнал ма? Енді ата-аналардың қалтасына қол салды", - деп жазыпты бір ата-ана. "Кім не жазбай жатыр" деп қолымды бір сілтеп отыра беруіме болар еді, бірақ шыдай алмадым.

Қарақтарым! Қабырғам қайысып отыр осы сөздерің үшін. Мен де бала кезімде "Балдырған" журналына, "Қазақстан пионері" газетіне жазылатынмын. Әрине, апайымыз: "Жазыласыңдар, үйлеріңнен ақша әкеліп беріңдер", - дейтін. Содан "Балдырған" деген әлемге кіріп кеттім. "Қазақстан пионерінің" қызықтарына баттым.

Егер сол кезде апайымыз: "Жазылыңдар", - демегенде, мен жазылмайтын едім де газет, журнал деген рухани қазынаның бар екенін білмейтін едім.

Газет-журнал да дүние, дүние болғанда, ол - рухани байлық. Оларсыз балалардың жан дүниесі жұтаң, бос (пустой) болып өседі. Рухани қазынадан, рухани байлықтан ақша аямаңдаршы. Бала жас кезінде оқып өспесе, өскеннен кейінгі оқығаны миында қалмайды. Рухани байлықты балдырған кезінде жинауы керек.

Үйге жиһаз, азық-түлік қандай керек болса, адам жанына, оның ішінде, балалардың жанына да рухани азық ауадай қажет. Олар кейін өскенде үлкен кәсіпкер болсын, министр болсын, сөйлей білуі керек. Кестелі сөздерді келістіріп тұрып айта білуі керек. Сонда бала кезде оқыған әңгіме-ертегілері, мақалдары көмекке келеді. Әрине, жоғары сыныптарда бұл білімін жетілдіре түсулері керек.

Неге осы "Мәжбүрлеп жаздырады" деп айта бересіңдер? Жалпы, біз мәжбүрлемесе өздігімізден бірдеңе істейміз бе? Банктен несиеге 300 мыңның смартфонын алғанда аз ғана сумаға газет, журналға жазылу үлкен шығын ба?

Ол ертең еселеп қайтады ғой. Бұл - баланың болашағы үшін салынған инвестиция (қаражат) емес пе?! Егер қазақ журналына, қазақ газеттеріне ақшаны аясақ, онда орыс тіліне көшіп алайық та.

Қарақтарым, басқа-басқа, қазақ тілді журналдар мен газеттерге жазылу - әрбір қазақтың парызы, патриоттық ісі мен үлігісі болуы керек. Біз Америка, Ресей, Қытай, Жапон, Түркия сияқты өз тілдерінде ғана сөйлейтін үлкен оқырмандары бар елдерден емеспіз. Бізде әлі де орыс тілді оқырмандар басым. Сондықтан, "қазақ газеттері мен журналдарына жазылыңдар" деген сөздің астарында өздеріңнің кешегі Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Шерхан Мұртаза сияқты қайраткер қаламгерлерің шырылдап, жанашыр болған қазақ тілін сақтау мен дамытудың мүддесі, мақсаты жатыр.

Ойланайықшы, ағайын!"

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫНЫҢ желідегі жанайқайына елімізге танымал қаламгерлер, журналистер үн қосып, көптен бері шешімі табылмай жүрген мәселені ары қарай талқылаған. Мәселен, ірі мегаполистің жаршысы - "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай: "Осындай сөз үдеп тұр. Сірә, рухани эпидемияның хабаршысы болар", - деп қауіптенсе, Мейрамбек Төлепберген: "Сол кісілердің құлағын көтеріп, білгішсініп жүргендер де бар. Олардыкы - ойсыздық", - деген жазба қалдырады.

Газет журналистерінің мүддесін қорғаған бас редактордың жазбасы әрбір жүрегі қазақ деп соққан азаматты бей-жай қалдырмасы анық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды