САУАЛНАМА: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАЙДЫ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1759
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ғылыми жұмысымызды 9-сынып оқушысы Дина Қалиақынмен және 10-сынып оқушысы Фариза Дүйсенбаймен бірлесіп бастадық. Бұл жұмыспен айналысуға екі жыл уақытымызды арнадық. Бірақ бұл жоба әлі де өзекті, әлі де зерттеу үстіндеміз. Сонымен, біз сөз еткелі отырған жобамыздың негізгі өзегі – қазіргі заманда дұрыс жолға қойылмай келе жатқан қоқыс мәселесі.

Қоқыс – ел дамуына кері әсерін тигізетін, жұмыр жердің экологиясына орасан нұқсан келтіретін қауіпті қалдықтар жиынтығы. Қазіргі кезде бәрімізді қатты алаңдатып отырған жағдай – табиғатымыздың тікелей адамның іс-әрекетінен ластанып, бұзылуы болып отыр. Қоқысты тазаламайынша, біз дамыған мемлекеттер қатарына қосыла алмаймыз. Алдымызда тұрған ендігі міндет – қоқыс қалдықтарын өңдеп, кәдеге жаратуды қолға алу.

Біздің ауылдың экологиялық жағдайы мәз емес. Себебі, ауыл тұрғындары жыл сайын өсіп келеді. Нәтижесінде, қоқыс аумағы да кеңейіп барады. Шелек селолық округінде 38450 адам тұрады. Біздің зерттеуімізше, 1 адам тәулігіне 1,2-1,4 келі қоқыс шығарады. Сонда 1 адам бір айда 42 келі, ал жылына 504 келі қоқыс тастайтын көрінеді.

Енді есептеп көріңіз. Шелек өңірінде тұратын 38450 адамнан бір жылда 19 миллион 378 мың 800 келі қоқыс арнайы полигонға тасымалданады. Шелек ауылында күл-қоқыс төгетін орын белгіленіп, 12 гектар жерге құжаттандыру жұмыстары аяқталды. Ауылдағы бірқатар тұрғын үйдің 25-55 жас шамасындағы 25 тұрғынымен жүргізілген сауалнама жүргіздік. Сонда аула тұрғындарының 53 пайызы өз ауласының қоқысына мән бермейтін болып шықты. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылардың 20 пайызы тазалық жанашыры емес екендігін көрсетті. Бұл – үлкен қауіп!

Осыған орай зерттеген ғылыми жұмысымызбен «Дарын» облыстық ғылыми жұмыстар олимпиадасынан облыстық деңгейге дейін өттік. «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми жобасынан бас жүлдемен оралдық. Райымбек ауданында өткізілген «Бүгінгі оқушы, білікті маман» атты облыстық олимпиадада осы жобаны, қазіргі тілмен айтқанда, бизнес-жоспар құрып, жазып, жүлделі орынмен, ақшалай сыйлықпен оралдық. Бұл ғылыми жұмыс бір жағы іргелі зерттеу болса, бір жағы жанайқайымыз, қоқыс мәселесіне қатысты дабыл қаққан түріміз деп есептеңіздер. Биыл да аудандық «Дарын» ғылыми жұмысына қатысып, жүлделі орын аламыз деген ойдамыз.

Қазақ «жер жарасы – жан жарасы» деген сөзді ұран тұтқан ұлт. Халқымыз атамекенін асылындай аялауды атадан балаға мирас етіп кеткен. Ендеше, қазақ даласы күл-қоқыс қоймасы емес екендігін жастарға ұғындырған абзал. Бүгінгі ұрпаққа айтар ұлағат, жеткіншектер санасына құятын ғибрат – туған жеріміздің сай-саласын күл-қоқысқа толтырмай, қоқыспен бітелген бұлақтардың көзін ашып, тауы мен тасын көздің қарашығындай қорғау. Бұл – біздің халықтық мүддеміз, перзенттік парызымыз.

Назира АБИТОВА,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі

Шелек ауылы

Еңбекшіқазақ ауданы