ТАЛДЫҚОРҒАН: АСПАЗДАР ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ӘЗІРЛЕУДЕН ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 24.11.2019
Оқылды: 1847
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қаласындағы «Шаған» мейрамханасында «Қазақтану» жобасы аясында «Қазақ халқының бірегей ұлттық тағамдары» атты аймақтық фестиваль өтті. Оны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту департаменті және «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Іс-шараның серіктестері – Қазақстан Бас аспаздар Гильдиясы қауымдастығы мен Тамақтану институты. Фестивальге клуб рестораторларының жетекшісі Гүлнәр Катибаева, ҚР Ұлттық музейінің бөлім жетекшісі Әйгерім Мұсағажинова шақырылды.

Шарада қазақтың ұлттық тағамдары насихатталып, ерекшеліктері паш етілді. Ұмыт болып бара жатқан ас түрлері назарға ұсынылып, көпшілікті таң-тамаша етті. Байқауға қатысушылар өздерінің бақтарын сынады. Олар ежелгі және жаңа технологияларды пайдалана отырып, көшпенділердің тағамын заманауи үлгіде әзірледі.

Дастарқанға ет, сүттен жасалған өнімдердің небір түрі қойылды. Нан мен сусын және жеміс-жидек көп болды. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, құрт, бауырсақ, тары-талқан, жент, кілегей, сары май секілді қазақтың ұлттық тағамдары көз жауын алып, дәмі тіл үйірді. Шара барысында олардың биологиялық құндылықтары жайында жан-жақты айтылды. Байқауға қатысушылар өздерінің ас дайындау шеберліктерін барынша көрсетуге тырысты. Десе де, байқау шарты бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтап, көпшілікке паш ету қажет. Осыны ескерген қазылар алқасы тағамның қалай әзірленгеніне, дәмділігіне, мән-маңызына ден қойып, әділ бағалауға тырысты.

Қазылар алқасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақ тағамтану академиясының өкілдерінен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Бас аспаздар Гильдиясы қауымдастығының мүшелерінен және қоғам қайраткерлерінен құралды. Жеңімпаздар «Қазақ ұлттық тағамының ерекшелігі мен тақырыптың мазмұнын ашқан», «Дәмді әрі кәсіби әзірленген үздік тағам», «Ең ерекше аспаздық композиция» номинациясы бойынша іріктелді. Қазақ тағамының кереметін таныта білгендер Алғыс хат және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сайыс қорытындысына сәйкес, бірінші орынды Сағымбаевтар отбасы және «Бауырдақ» қазақ фастфуд компаниясы алды. Екінші орынға «Фортуна» компаниясының аспаздары қол жеткізді. Жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін фестивальге қатысады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды