ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ: ЖЕТІСУДЫҢ ҚОС ӨРЕНІ ЖҮЛДЕМЕН ҚАЙТТЫ

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 1371
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қос бірдей республикалық байқаудың бас жүлдесі жерлестерімізге бұйырды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында өткен республикалық "Тілдарын – 2019" байқауында облысымыздың намысын қорғаған Жадыра Байназар бас жүлдені қанжығалап қайтты. Ал Қызылорда қаласында өткен "Текті сөздің төресі – терме" атты жыршы-термешілердің республикалық байқауында тағы бір жерлесіміз, термеші Елбол Қуанбек бас жүлдегер атанды.

Естеріңізде болса, Жадыра Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен тамыз айында өткен аймақтың байқауда жеңімпаз атанып, республикаға жолдама алған болатын. Республикалық байқауға 3 қала мен 12 өңірдің іріктеу сынында жеңіске жеткен 15 талапкер қатысты. Оларға қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгеруі басты талап етіліп, білімдері жан-жақты сынға алынды. Полиглоттар шеберлігін тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.

Ал еліміздің 14 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келген, көмейлеріне бұлбұл ұялаған үміткерлер арасынан оза шапқан жерлесіміз Елбол Қуанбек Жетісу жері дәстүрлі ән, күй, жыр мектептері қалыптасқан киелі өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Біз  облыс үмітін ақтаған қос өренді жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ә. ИЕБЕКОВА

Алматы облысы