"АРЫСТАНДАЙ ҰЛ": МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮР

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 1205
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлтының болашағы үшін тер төгіп жүрген жандардың қатарына белгілі меценат, қоғам қайраткері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, «Марсель групп» компаниясының президенті, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлттық «Алтын жүрек» және Халықаралық «Сократ» сыйлықтарының лауреаты Махмұт Нәлібаевті қоссақ жарасады.

Махмұт Ыбырайханұлы – Сыр елінің перзенті. Әкесі Ыбырайхан мен ғазиз анасы Қалыкүл төрт ұл, төрт қыз өсіріп, балаларын  адал еңбек етуге, әділетің ақ жолымен жүруге, әлсіздерге қомқоршы болуға баулыған.

Сол төрт ұлдың ең үлкені Махмұт өмірге келерде 96 жастағы Баба деген шешен кейуанасы түс көреді. Түсінде Қалыкүлдің омырауына арыстан жабысып еміп жатады. Кейуана Ыбырайханды шақыртып: «Арыстандай ұлды боласың, атын Махмұт деп қоярсың» деген өсиетін жеткізеді. Арада аз уақыт өткенде өз елінің дәмі бұйырған қарт ана Қап тауына көшіп кетеді. Ыбырайхан әкей уәде бойынша, жарық дүние есігін ашқан ұлының атын Махмұт (Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрметіне) қояды.

Міне, ұлағатты тәрбиені ұясынан көріп өскен сол ұл бүгінде үлкен жүректі азамат болып, игілікті істердің жанынан табылып жүр. Бос сөйлегенді ұнатпайтын ол нақтылы ісімен жұртшылық көңілінен орын алған.

Абырой, беделдің білім мен еңбек арқылы ғана келетінін жастайынан жадына тоқыған Махаң бірнеше жоғары білім алып, түрлі  мамандықты қатар игерген.

М.Нәлібаевтің тікелей басшылығымен «Тереңөзек мұнай өнімдері» мен «Жосалы мұнай өнімдері» мұнай базалары (Қызылорда облысы) заман талабына сай қайта жөндеуден өтті. Елімізде алғашқылардың бірі болып «Казгермунай» БК, «Куат Амлон Мунай» ЖШС және «Торгай Петролеум» БК мұнай өнімдерін қабылдауды, өңдеуді, сақтауды және теміржол арқылы тасымалдауды ұйымдастырды.

Мұнай өндіру саласындағы шетелдік ірі-ірі компаниялармен (Еуроазиялық мұнай компаниясы, KAZGERMUNAI, Kumkol Lukoil, Қазақ-Британ біріккен кәсіпорны (KAM), Ai-Dan, Turgai Petroleum, Kuat-Amlon Munai KOR, South Oil, SSM Oil, Galaz) тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, сол аймақтың инфрақұрылымын дамытуға да қомақты үлес қосты.

Махмұт Ыбырайханұлы «Саутс-Ойл» ЖШС негізін («Құмкөл» кен орны) қалағандардың бірі. Бүгінде бұл компания Қазақстандағы ірі компаниялардың ішінде алдыңғы орындарда тұрғаны көп жайды аңғартса керек.

Махмұт Ыбырайханұлының басқаруымен 4 тың жаңа жоба ашылып, қазіргі таңда кен орындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Соңғы 10 жылдықтың ішінде ол басқаратын компанияларға 135 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Мердігер компанияларда 1000-нан астам адам жұмысқа алынды. Компания есебінен арнайы орта және жоғары оқу орындарында еліміздің 300-ден астам азаматының оқу ақысы төленген.

М.Нәлібаев «Энергоресурсы» ЖШС компаниясын табысты басқарып келеді. Қостанай облысының Әулиекөл өңірінде орналасқан бұл кен орнының шикізаттық болжамдық қоры 150-200 млн. тонна. Аталған компания қызметінің арқасында Қостанай облысында тұңғыш рет 22 мұнай-газ құрылымы анықталды.

Өзінің туған өлкесі – Сыр еліне мешіт, балабақша, мектеп, медицина орталықтарын, оқу орындарын ашқан игілікті істерінен бөлек, талай адамды қажылыққа жіберіп, ел-жұртының алғысын арқалап жүр. Халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Кеңес Одағының екі дүркін батыры, Халық Қаһарманы, көрнекті мемлекет қайраткері Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қор құрды.

Қор бағдарламасы бойынша 2015 жылы Ақмола облысының Мұңайтпас ауылында Қажымұқанға арналған алып ескерткіш орнатылды. Келер жылы Қостанай қаласында Қобыланды батырға ескерткіш қойылады, Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында мешіт, қонақүй, автотұрақ сынды әлеуметтік нысандардың салынуына демеушілік етті.

Елордамыздағы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тарих мәдениеті» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырды.

2017 жылы М.Нәлібаев және «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестік мүшелері Мәскеу қаласында Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішінің орнатылуына қаржылай демеушілік көрсетті.

Махмұт Ыбырайханұлы ұлт ойшылы, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясының көсемі – Мұстафа Шоқайдың ұрпағы.

Иә, асыл азамат Махаңнын шарапаты тимеген сала аз десе болады. Оның ауылдық аймақтарды абаттандыру, жарық орнатып, ауызсу тартып беру, мектептерді озық үлгідегі технологиялармен жабдықтау, балаларға спорт алаңдарын салу, қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына, жетімдерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, соғыс және еңбек ардагерлеріне көмек көрсету сынды қайырымдылық қадамдарын айтар болсақ, жуық арада айтып тауыса алмасымыз анық.

Махмұт Нәлібаев мемлекет, қоғам жұмыстарына белсене араласып қана қоймай, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген бақытты отбасының отағасы да. Жары Анар екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің шаттығына бөленіп отыр.

Халқының бақуатты тірлігімен бірге ұлт руханиятының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан осындай азаматтар қашанда көп болғай!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы