"КӨЗІМНЕН ЖАС ПАРЛАДЫ": АЛМАТЫДА "86" ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 17.12.2019
Оқылды: 1163
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлт тарихындағы ұмытылмайтын оқиғалардың бірі – Желтоқсан көтерілісі. Қазақтың тамырын қиып, өткенін ұмыттырамыз деген империялық пиғыл тас-талқан болды. Рухты өшіру оңай емес. Намыс қайралғанда күш пен жігер ерлікке жол ашты. Оған бүкіл әлем куә болды. Азаттық пен теңдікті ұран еткен Алаштың жастары атойлап алаңға шықты.Қолдарына қару ұстаған жоқ.Бірақ, коммунистік билік олардың ой-пікірлерімен санаспады. Өрімдей  жастарға әскери күш қолданды. Осылайша алаң қанға боялды.

Солтүстік Қазақстан облысынан Алматыға гастрольдік сапармен келген Сәбит Мұқанов атындағы сазды драма театрының ұжымы көрерменді жаңа шығармаларымен тәнті етті. Әсіресе, Желтоқсан көтерілісіне арналған «86» атты спектаклі өте әсерлі шықты.

Спектакльдің ерекшелігі, бұл қойылым үлкен сахнаға лайықталмаған. Оны кез келген шағын алаңқайларда, жертөлелерде де көрсете беруге болады. Мәселе, спектакльдің мәні мен мазмұнында, көрушілерді тебірендіретін әсерінде десек, көздеген мақсаттарын толық орындаған. Моноспектакльді сахнаға дайындаған режиссер – Фархат Молдағали.

Театр да жанды ағза секілді. Сондықтан бірсарынды қалыппен қойылымдарды қайталай беруге болмайды. Талғампаз уақыттың жаңа талаптары ескерілгені жөн. Осыған орай аталған театрда режиссерлік және актерлік еркіндікке мүмкіндіктер берілген. Бұл әрекетті өздері «Стартдрама лабораториясы» деп атапты. Яғни, шығармашылық ізденіс орталығы. Театр құрамының дені жастар. Олар жаңалықтарға батыл бетбұрыс жасаған. Соның бір нәтижесі осы «86» спектаклі.

Моноспектакль бұл жолғы гастрольдік сапардың жоспарына кірмеген екен. Соған қарамастан оны өнерлі топ көпшілікке көрсетуді жөн көрген. Ол үшін Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының артқы қапталындағы декорация жасайтын зал таңдалып алынған. Келушілер ішке қарай театр қызметкерлеріне арналған есіктен ғана кіре алады. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Спектакльдің жарнамасы да қызық. Әлеуметтік желі арқылы ғана хабарланған. Соның өзінде шағын залда инешаншар орын жоқ. Тіпті, биік сатылардың ұшар басына өрмелеп шығып қарап отырғандар да болды. Бәрінің назары қойылымға ауған.

Ең қызығы – сахнада диалог жоқ, қимыл бар. Жаралы жастарды жендеттер абақтыға әкеліп тоғытып жатыр. Талшыбықтай бұралған нәзік қыз әлсіреген күйде әрең тұр. Жел тимеген тәніне соққының ізі түскен. Дүлей күштің иелері бас-көз демей төпелейді. Ойларына адам қинаудың қандай әдісі келеді, соны түгел қолданады. Дәл бір азап лагерінде жанды шырқыратудың тәжірибесін өткізіп жатқандай. Қызыл жендеттер қазақ баласын сұрауы жоқ құлға теңейтін секілді.

Билік қазақтың бас көтергенін кешірмейді. Өйткені қатып қалған империялық ереже ешқашан бұзылмауға тиісті. Бұратана халықтың аузы жабылған, тілі байланған. Осы шеңберден шыққысы келетін болса, өз обалы өзіне. Әр қазақты империя соған тәрбиелеуге тырысқан. Сондықтан коммунистік идеямен сусындаған жастардан тосын мінезді күтпеді. Бірақ үміттері ақталмады. Бәрі керісінше болып, билік терісіне сыймай отыр. Желтоқсаншыларды аямай жазалау – соның белгісі!

Жендеттер мен тергеушілерде сезім жоқ. Жігіттердің мойнына қылбұрау салып салбыратып асады. Қайтадан жерге түсіреді. Өлтірмейді, есесіне азаптайды, қинайды! Тозақтың қандай болатынын қазақтарға көрсету керек екенін мақсат тұтады. Сонда ғана арғы атасы батыр болған Ұлы Дала ұрпағының сағы сынады деп ойлайды. Он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ жастарына шығарылған үкім осындай. Ажал мен арпалысты бейнелеген актерлер – Қайрат Рысқұлбековті, Ләззат Асанованы, Ербол Сыпатаевтарды көзге елестетті. «Еркек тоқты – құрбандық!». Батыр бауырларымыз сын сағатта ата-баба сертінен айныған жоқ. Қазақтың рухынан жаратылған ұрпақ болып туғанын дәлелдеді. Қайыспаған, майыспаған күйінде шейіт болды.

Спектакльдің айтпақ ойы – қазақтың тәнін өлтірсең де, жанын өлтіре алмайсың деген түйін. Ұлтымыздың қайсарлығын есімізге салып, оны бүгінгі ұрпаққа өшпейтін өнеге етіп ұсынды. Тәуелсіздіктің оңай келмегенін жастардың есіне түсірді. Анау желбіреген Көк байрақта арыстарымыздың, намыстарымыздың қаны бар. Байтақ жеріміздің иесі – қазақ, киесі – ұлттық рух! Осыны ешқашан жадыңнан шығарма деп тұрған бір дауысты жүрегімізбен естігендей болдық. Небәрі жарты сағаттың ішінде актерлер шеберліктерінің арқасында көрерменге бәрін ұқтырды.

Спектакльдің соңғы сәтінде шағын монологтар оқылды. Ол Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған «Біздің елдің жігіттері» әніне ұласты.

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып еш заманның маңдайына  сыймаған,
Қайран біздің қара нардай қасиетті жігіттер!

Спектакльдегі музыка мен қимыл бір-біріне өте сәтті үйлескен.

– Осыдан бір жыл бұрын Алматыда өткен «Откровение» атты тәуелсіз театр фестиваліне қатыстық. Сонда  «86»-ны көрген Ралука есімді румыниялық өнер сарапшысы  ерекше әсер алып, бізді Бухарест қаласына арнайы шақырды. Румыниядағы сапарымыз жемісті болды. Еуропалықтардың қошеметіне бөлендік. Өнерде шегара жоқ деген осы екен ғой. Алматылық жастарға да рахмет. Дән ризамыз! Ести сала бәрі осында жиналыпты. Ойымызды ел ұқса, одан артық қандай қуаныш бар, – дейді режиссер Фархат Молдағали.

– Желтоқсан батырлары қайтадан тірілгендей болды. Көкірегім ысып, көзімнен жас парлағанын өзім де байқамай қалдым, – дейді спактакльден кейін өз ойын ортаға салған студент Марат Дінмұхаммед. Осы сөз бүкіл көрерменнің ортақ көзқарасын білдіріп тұрғандай.

Театрдан сыртқа шықсақ, шыңылтыр аяз бетті қариды. Желтоқсан көшесінен кешегі өрімдей жас ағаларымыз бен әпкелеріміздің ұрандаған дауыстары құлағымызға естілгендей. Біз көрген спектакльдің әсерін осындай теңеумен ғана жеткізуге болады.

Болат МӘЖИТ

Алматы